« Желтоксан 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | ||||||
2 | 3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 |
9 | 10 | 11 | 12 | 13 | 14 | 15 |
16 | 17 | 18 | 19 | 20 | 21 | 22 |
23 | 24 | 25 | 26 | 27 | 28 | 29 |
30 | 31 |
Кеше Ә.Тәжібаев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада Дүниежүзілік денсаулық күніне орай «Репродуктивті денсаулықты қорғау: денсаулық сақтау қызметтерімен жаппай қамту жолында» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Конференцияның пленарлық мәжілісін облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов жүргізді.
Жасөспірімдер мен жастардың ұрпақ өрбіту мәдениетін қалыптастыру және денсаулығын қорғау шараларын күшейту мақсатындағы шараға БҰҰ Халықты қоныстандыру қоры бағдарламасының (ЮНФПА) атқарушы өкілі Райымбек Сисемәлиев, Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университетінің профессоры Шолпан Қаржаубаева, АИТВ/ЖИТС және жасөспірімдер денсаулығын қорғау мәселелері жөніндегі ТМД елдері бойынша ЮНИСЕФ өкілі Руслан Малюта, Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасы Адам ұрпағын өрбіту орталығының бас дәрігері Маржан Багенова және еліміздің өзге өңірлерінен жастар денсаулық орталықтарының өкілдері мен сала мамандары қатысты.
Жиында облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов жасөспірімдер мен жастар денсаулығы ел болашағының негізгі өзегі екенін айтып, бұл жайға мемлекет тарапынан айрықша мән беріліп отырғанын жеткізді.
– Елбасының жыл сайынғы Жолдауында адами капиталға, оның ішінде денсаулық сақтау саласына ерекше көңіл бөлініп келеді. «Бірінші байлық – денсаулық, екінші байлық – он саулық» деп деннің саулығына баса назар аударған бабалар өсиеті күні бүгінге дейін өзектілігін жойған жоқ. Бұл бағытта түрлі мемлекеттік бағдарламалар қабылданып, арнайы шаралар қолға алынды. Әсіресе, жастардың саулығын сақтауда ауқымды жұмыстар атқару жолға қойылған. Біздің өңірімізде де бұл бағыттағы жұмыстардың ауқымы кең. Өскелең ұрпақ денсаулығының мықты болуы ертеңіміздің жарқын болуы деген сөз. Сондықтан жас буынның денсаулық мәселелері әрдайым маңызды болмақ, – деп атап өтті Руслан Рүстемұлы.
Онан соң БҰҰ Халықты қоныстандыру қоры бағдарламасының (ЮНФПА) атқарушы өкілі Райымбек Сисемәлиев жасөспірімдердің репродуктивті денсаулығын қорғау бағытындағы жұмыстар туралы баяндады.
Оның мәлімдеуінше, бүгінде елімізде тұрғындардың, әсіресе, жасөспірімдердің ұрпақ өрбіту саулығын қорғау өзекті мәселелер қатарында. ЮНФПА мәліметтеріне сүйенсек, жылына жасөспірімдер арасындағы жүктіліктің 6000-нан аса жағдайы тіркеліп, әрбір үшіншісі түсік тастаумен аяқталады екен. Еліміздің білім беру жүйесінде жыныстық тәрбиеге арналған жеке пән енгізілмеген. Репродуктивтік ағзалардың жұмысы адам анатомиясының бөлігі ретінде 9-сыныпта, яғни, 15 жаста биология пәнінде оқытылады. Ал бұл жастағылардың 33 проценті сексуалдық тәжірибеден өтсе, 19 жасқа қарай олардың 49,2 проценті жыныстық белсенділікте болады екен.
– Бала туу жасындағы әйелдердің ұрпақ өрбіту саулығының төмендеп бара жатқандығы байқалады. Сонымен бірге гинекологиялық аурулардың, жүктілік, босану, босанғаннан кейінгі кезең асқынуларының саны артып келеді. «Жасөспірім ана» феномені қалыптасты, жас жігіттер арасында түрлі жыныстық инфекциялық аурулар белең алып отыр. Осы орайда бүгінгі жиында көтеріліп отырған мәселелердің жолын кесу, жасөспірімдердің денсаулығын сақтауда атқарылатын жұмыстарды жүйелендіру мәселесіне арналуда,– деген Р.Сисемәлиев жасөспірімдер мен жастар денсаулығын қорғауда Сыр өңірінің тәжірибесі көпке үлгі болып отырғанын айтып өтті.
– Бүгінгі көтеріліп отырған мәселе республикамыздың барлық аймағына қатысты. Осы бағытта әр облыста қарекет жасалуда. Дегенмен, Қызылорда облысында арнайы облыстық жастар денсаулық орталығы құрылып, жан-жақты, жоспарлы жұмыстар атқарылып отыр. Бұл басқаларға үлгі болар бастама. Мысалы, Семейде бұрынғы ізбен студенттік емхана жұмыс жасаса, басқа облыстарда емхана жанынан ашылған кабинеттер бар. Сондықтан сіздердің ұтқыр тәжірибелеріңізді өзгелерге көрсету, тәжірибе алмасу үшін бұл бағыттағы алғашқы республикалық конференцияны осы жерде өткізіп отырмыз,– деп түйіндеді өкіл.
Конференция түстен кейін секциялық жұмыстармен жалғасты. Қатысушылар «Денсаулық сақтау саласындағы жастар мен жасөспірімдердің репродуктивтік денсаулығы», «Жастар мен жасөспірімдердің репродуктивтік білімі мен мінез-құлқы» және «Жасөспірімдер мен жастардың репродуктивті мінез-құлық мәдениетін қалыптастырудағы бұқаралық ақпарат құралдарының және үкіметтік емес секторлардың рөлі» деп аталатын үш секцияға бөлініп, күн тәртібіндегі тақырыпты талқылады, ұсыныс-пікірлерімен бөлісті.
Айнұр БАТТАЛОВА,
«Сыр бойы».
« Желтоксан 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | ||||||
2 | 3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 |
9 | 10 | 11 | 12 | 13 | 14 | 15 |
16 | 17 | 18 | 19 | 20 | 21 | 22 |
23 | 24 | 25 | 26 | 27 | 28 | 29 |
30 | 31 |