ЗАМАНАУИ ҚҰРАЛ-ЖАБДЫҚТАР САПАЛЫ ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУГЕ МҮМКІНДІК БЕРЕДІ

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы бұл баспасөз турын емдеу мекемесінде медициналық қызметтің сапасы қалай, заманауи құрал-жабдықтардың ықпалы қандай деген сауалдың астарын ашуға арнады.
Жалпы, ҚР денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруда медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін жақсартуға, сондай-ақ, қолда бар ресурстарды ұтымды пайдалануға бағытталған стандарттарды кезең-кезеңімен енгізу қарастырылған. Мемлекеттік бағдарламаны іске асыруда облыстық іс-шаралар жоспары бекітілді және өлім-жітім себептерінің 52 пайызын құрайтын аурулардың 5 негізгі нозологиясы, атап айтқанда, жіті миокард инфаркты, ми қан айналымының жіті бұзылысы, яғни, инсульт, қатерлі ісіктер, жарақаттар, жүкті әйелдер мен перинаталдық кезеңнің потология­лары бойынша жол картасы қабылданды. Жол картасын жүзеге асыру аясында облыстық бюджеттен 1,7 млрд теңге шамасында қаржы бөлініп, медициналық құрал-жабдықтар сатып алынды. Соңғы жылдары облыстың медициналық ұйымдарының материалдық-техникалық базасы едәуір нығайтылды. Мәселен, 2016 жылы емдеу ұйымдарына жергілікті бюджеттен 1 млрд теңгеге 183 дана, лизингпен 651 млн теңгеге 28 дана, ағымдағы жылы жоғарыда айтып өткеніміздей, 1,7 млрд теңгеге заманауи үлгідегі құрал-жаб­дықтар алынған. Оның ішінде онкологиялық, жүрек-қан тамырлары ауруларын ерте анықтайтын және ана мен бала денсаулығын нығайтуға арналған, туа бітті ақауларды ерте сатысында анықтайтын ең соңғы үлгідегі қондырғылардың тұрғындар саулығын сақтауда маңызы зор. Жалпы, емдеу ұйымдарын медициналық құрал-жабдық­тармен қамтамасыз етудің көрсеткіші 45,19 пайыздан 73,4 пайызға дейін өскен.
Мұны баспасөз туры барысында емдеу мекемелерінде болған сә­ті­мізде де байқадық. Мәселен, «Ана мен бала» орталығында ана мен ба­ланың денсаулығын қорғауда заманауи құрылғылардың көме­гіне жү­гіну жолға қойылған. Орталық бас дәрігері Гүлнара Жұмашева тіл­шілерді соңғы үлгідегі қондырғылардың қыр-сыры­мен таныстырды.
Мұндағы екі премиум класс, бір эксперт класс УДЗ аппараты тек қала емес, облыс бойынша әйелдердің, ана мен баланың жағдайын бақылауға, егер қандай да бір ақау болғанда оны ерте анықтауға мүмкіндік береді. Ал, гинекология бөліміндегі лапароскопиялық ота жасауға арналған интеграционды-телекоммуникациялық ота жасау жүйесі эндоскопиялық бейнекамералы құрылғы диагностикалық және хирургиялық ем жасайды және оқытуға арналған. Яғни, жасалып жатқан отаны басқа емдеу ұйымындағы, тіпті өзге елдердегі дәрігерлер де бақылай алады. Алынғанына бір айдың көлемі болған бұл құрылғының құны 167 млн теңге тұрады. Айта кету керек, бұл заманауи қондырғы елімізде бес-алты ғана емдеу мекемесінде бар. Сонымен бірге орталықтағы нәресте өкпесіне жасанды тыныс беру құралдары да соңғы үлгідегі құрылғы. Оның әсіресе, шала туылған немесе ақауы бар сәбилер үшін көмегі көп.
№1 емхана – қаладағы ірі емдеу, алдын алу мекемесінің бірі. Мұнда да жоғарыда аталған жол картасын іске асыру мақсатында бірқатар заманауи үлгідегі медициналық қондырғылар алынған. Атап айтқанда, маммограф аппараты сүт безі ауруларын ерте сатысында анықтауға, қатерлі ісіктің алдын алуға мүмкіндік берсе, құны 11 млн теңгені құрайтын көпсалалы эндоскопиялық уретроскоп аппараты зәр шығару, бүйрек ауруларын анықтаушы құрал. Ал, 34 млн тұратын ЛОР комбайны құлақ, мұрын, тамақ, жалпы тыныс алу мүшелерінің ауруларын емдеуге аса қажетті құрылғы. Сонымен бірге мұндағы заманауи үлгідегі холтраппараты жүрек-қан тамырлары ауруларын анықтауға мүмкіндік береді.
Жаңа ғимаратқа қоныстанғанына көп уақыт бола қоймаған облыстық балалар ауруханасы соңғы үлгідегі заманауи құрал-жабдықтардың бірқатарымен жабдықталған. Мұндағы МРТ, КТ аппараттарының ауруды анықтауда үлесі зор. 2016 жылы алынған магнитті-резонансті томограф, яғни, МРТ аппаратының құны 489 млн теңгені құрайды. МРТ арқылы бас-ми, омыртқа, жамбас буынын, тізе буынын әр бөлігінен тексеруге болады. Аурухана бас дәрігері Зоя Көшенованың айтуынша, ағымдағы жылдың тоғыз айында барлығы 141 тексеру жүргізілген.
Компьютерлік томограф аппараты да өткен жылы алынған германиялық құрылғы бас-ми, бас сүйегінің және мұрынның қосалқы қуыстарын, өкпе, көкірек қуысын, іш қуысы мен омыртқа бағанасын, тірек-қимыл мүшелерін тексеруге арналған. Ағымдағы жылдың тоғыз айында 1333 бала тексеруден өткізілген. Ауруханада сондай-ақ, ангиограф аппараты бар. Оның негізгі қызметі – травматология саласында, тыныс жолдарына хирургиялық ота жасау барысында, сүйек жарақаттарына ота жасау кезінде рентген жасау. Мұнда сонымен бірге құны 19 млн теңгені құрайтын күйікке арналған кереует бар. Ол – күйікпен түскен сәбилердің сауығуына мол мүмкіндік беретін құрылғы.
Елбасы Н.Назарбаев: «ХХІ ғасырда қазақстандықтар Ұзақ жасаушылар Ұлты болуы тиіс» деп атап айтқан болатын. Осыған байланысты «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының басты мақсаты да тұрғындардың денсаулығын нығайтып, басты нысаналы индикатор – күтілетін өмір сүру ұзақтығын 72,1 жасқа ұзарту. Осы мақсатқа жету барысында емдеу ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайтып, медициналық қызметтің сапасын арттыру көзделіп отыр. Тілшілер көзбен көріп, қызметіне куә болған жоғарыда аталған медициналық қондырғылар облыс көлеміндегі емхана мен аурухананың барлығында бар. Десек те, емдеу ұйымдарының материалдық базасын толықтыру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын таба беретін болады.
Біз сөз басындағы сауалға жауап тауып, емдеу мекемелерінің елеулі еңбегіне көз жеткіздік.

Айнұр БАТТАЛОВА.
Денсаулық 11 желтоксан 2017 г. 1 379 0