САЛАУАТТЫ ӨМІР САЙЫСЫ

Жастар мен жасөспірімдердің назарын АИТВ/ЖИТС мәселесіне аудару және салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында Қызылорда облыстық ЖИТС-тың алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталығы мен «Сыр сымбаты» спорт клубының ұйымдастыруымен Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің спорт залында волейболдан сайыс өтті.
Сайысқа жоғары және арнаулы оқу орындарынан алты команда қатысты. Тартысты өткен бәсекеде Қызылорда мемлекеттік университетінің «Қайсар» командасы жүлделі бірінші, осы университеттің «Жігер» командасы екінші, «Тұлпар» командасы үшінші орынды иеленді. Барлық команда бағалы сыйлықтармен, дипломдармен марапатталды.
Сондай-ақ ойын барысында көзге түскен ойыншыларға «Үздік ойыншы», «Үздік қорғаушы», «Үздік шабуылшы», «Үздік лейберо» номинациялары бойынша сыйлықтар мен дипломдар табысталды.

А.СӘРСЕНБАЙҚЫЗЫ.
Денсаулық 27 қараша 2017 г. 850 0