Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі қоғамдық денсаулық сақтау комитеті Қызылорда облысы қоғамдық денсаулық сақтау департаменті Сырдария аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бастамасымен «Амбулаториялық емханалық қызметі бар Сырдария аудандық орталық ауруханасы» МКҚК мекемесімен бірлесіп «Аудан көлемінде БЦЖ екпесінен бас тарту жағдайының алдын алу» тақырыбында Үкіметтік емес «Достық үйінде» дөңгелек үстел ұйымдастырылып, өткізілді.
Ауданымызда 2017 жылдың тамыз айында босанған ана баласына БЦЖ екпесінен бас тарту салдарынан бір жағдай есепке алынған болатын. Дөңгелек үстелдің негізгі мақсаты- алдағы уақытта БЦЖ екпесінен бас тарту жағдайын болдырмау.
Дөңгелек үстелге Сырдария әйелдері қоғамдық бірлестігінің төрайымы, аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшы орынбасары, бөлім басшысы, мамандар аудандық емдеу сауықтыру мекемесінің бас дәрігердің ана мен бала жөніндегі орынбасары, ЖТД бөлім басшысы, дәрігерлері және аймақтық дәрігерлер, ауылдық дәрігерлік емхана меңгерушілері, фтизио-педиатрлар, «ҚОСӨСҚ» ЖШС Сырдария ауданы бойынша маманы, медбикелер, БАҚ-ы өкілдері қатысты.
Екпе туралы әркім өз ойларын әрқалай түсіндірді. Оның адам өмірі үшін маңызды екені рас. Медицина тұрғысынан дәлелденген екпе туралы дұрыс түсінік қалыптастыру бүгінгі күннің тақырыбына айналды. Себебі, қоғамда екпеден бас тартып жатқандар кездесеуде. Әдепкіде бұл жай интернет желісіндегі ақрапат деп ойлағанымызбен, өз пікіріміз олай болмай шықты. Яғни біздің ортамызда перзентіне екпе салғызудан бас тартқан ана бар болып шықты.
Өзекті тақырыпты талқылауға дөңгелек үстел басына арнайы мамандар шақырылды. Барлығының мақсаты бір- «Ой-санаға екпе туралы оң ақпарат беру».
Дүниеге сәби әкелуді күтіп жүрген анаға қауіпті дерт санатындағы туберкулезге қарсы егуді жүргізудің маңызы туралы әйелдерді жүктілік бойынша есепке алынып және босанған келген кезде түсіндіріледі. Себебі, бала туылғаннан кейін, баланың ата-анасының жазбаша келісімімен алғашқы 4 күннің ішінде салынуы тиіс. Түрлі себептермен перзентханада екпе жасалмаса денсаулық сақтау ұйымдарында бала екі айға толғанға дейін салынады. Бұл БЦЖ екпесі туберкулезді жұқтыру қаупінен қорғайды. .
БЦЖ екпесін жаңа туған баласына салдыруға бас тартқан анаға сөз беріліп, оған түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшы орынбасары Қ.Омарова, бөлім басшысы Ж.Нурсултанова, мамандар А.Байтілеу, О.Сәрсембай, Г.Тұсмағанбетовалар түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
БЦЖ екпесімен егу балаларды туберкулезден қорғайды, перзентханаларда барлық нәрестелерге жасалынуы тиіс, қарсы көрсетілім (шала туылған нәрестенің салмағына байланысты) жағдайда 1 жасқа дейін (аймақта) егіледі. Сондай-ақ балаларға БЦЖ ревакцинациясы 6 – 7 жас аралығындағы қайта егіледі. Ауданда балаларды туберкулезге қарсы егу 95 пайыз құрап отыр.
Аудандық қоғамдық денсаулық басқармасының туберкулезді алдын алу бойынша маманы Ұ.Нұрбаева, «БЦЖ екпесімен егу ешқандай зиян келтірмейді. Өз уақытында екпемен егілген бала туберкулезбен ауырмайды. Ауырған жағдайда туберкулез жеңілірек өтеді.Нәрестені 95 пайыз қорғайды. Дүниеге келген жаңа туған сау нәрестеге 1-4 күні БЦЖ екпесінен егілгеннен кейін өмірдің 4 айына толған нәрестелердің тыртығы 5-10 мм өлшеміне қалыптасу керек. Екпеден кейін иммунитеті орташа 5 жыл сақталады. Қайталау (ревакциналау) 7 жаста егілетінін» айтып өтті.
Облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының Сырдария ауданы бойынша маманы Гүлзат Жанәлиева : « Мұндай мүмкіндікті мемлекеттің жасағаны үшін рахмет айтуымыз керек. Түрлі жұқпалы дертке төтеп беруге арналған екпе өте қажет. Уақытылы салынған екпе маңызды. Ертеректе ғалымдар зерттеу жасамағанда туберкулезден қаншама адам қаза болар еді. Қазір екпенің арқасында туберкулез емге көнетін болды. Одан емделуге кепілдік бар. Ал, дүниежүзін дендеген СПИД пен қатерлі ісік ауруына қарсы тұратын екпе табылмағандықтан бұл аурулардың соңы өліммен аяқталады. Назарларыңызға орталықтың атынан дайындалған бейне роликпен көрнекі ақпараттық құралдарды ұсынамыз» - деді сала маманы.
«Сырдария ауданының әйелдері» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ұ.Жанәлиева, «Мен мұндай жағдаймен бірінші рет жолығуым. Қандай қате пікір. Жалпы медицина саласына деген ренішін екпемен байланыстырып отыр. Қазір ізденіп жүріп салғызатын екпеден бас тарту келеңсіздік. Оның салдарын ақ халаттылыр түсіндіріп жатыр. өз перзентін қорғаймын деп отырғаны ақылға қонымсыз. Сондықтан анаға уақыт беру керек. Ой елегінен өткізіп, дұрыс шешімге келу қажет», деп өз ойын жеткізді.
Шын мәнінде перзентханада нәрестеге алғашқы салынған екпеден соң 2,3,4,12,15,18 айларында түрлі дертке қарсы екпе салынуы тиіс. Сонан соң 6 жаста, 16 жаста одан әрі 10 жыл сайын екпе егіледі. Бұл республикаға бекітілген егулердің ұлттық күнтізбеде анық көрсетілген. Қазіргі заманда екпе туралы ақпаратты кез келген жағдайда сұралуы мүмкін. Балаңыз демалыс орнына барса да, оқуға түссе де, тіпті кейбір қызметке орналасса да арнайы анықтаманы сұратып жатады. Сондықтан баланың туылғаннан бастап салынатын екпелерді уақытылы салынуын қадағалау учаскелік дәрігердің ғана емес, ата-ананың міндеті екенін ұғынғаныңыз абзал.
Б.ЖАНӘЛІ.
Сырдария ауданы.