Білікті дәрігер, үлкен жүректі азамат Болатбек Баймахановтың есімі бүгінде Сыр өңіріне ғана емес, сонымен бірге республикаға таныс. Отыз жылдан астам дәрігерлік еңбек жолында ол қаншама адамды ажалдан арашалап, сырқатынан сауықтырып, дәрігерлік антына адалдығынан бөлек, адамгершілік тұрғысынан да абырой биігінен көрініп келеді. Біліктілігінің, мамандығына деген сүйіспеншілігінің, өз ісіне деген шеберлігінің арқасында елдің алғысын алып, мақтауына, зор ілтипатына бөленіп жүрген азамат. Өйткені, Алла абырой беріп, адамдардың алғысына бөленген жандар халыққа ортақ, оның бойындағы жақсы қасиеттер де өзгелерге үлгі, кейінгіге өнеге.
Болатбек Баймаханов жайында кімнен сұрай қалсаңыз да жоғарыда айтқанымыздай, оның дәрігерлік біліктілігінен бөлек, азаматтық болмысын да ауыз толтырып айтады. Отандық медицинаны жаңашыл бағытқа бұрған Болатбек Баймаханов өзінің еңбек жолында денсаулық сақтау саласының дамуына айтарлықтай зор үлес қосып келеді. Осы жылдар ішінде жинаған тәжірибелерін іс жүзінде жүзеге асырып, ішкі органдарды трансплантациялауда күрделі оталар жасауға қатысты. Жоғарыда айтып өткеніміздей, ажал аузында тұрған көп адамды ауруынан айықтырып, оларға жаңа өмір сыйлады.
Болатбек Бимендіұлы 1962 жылы Қызылорда облысының Жалағаш ауданында дүниеге келген. 1979 жылы аудан орталығындағы №31 орта мектепті бітірген соң Алматы медицина институтының емдеу факультетіне түседі. Аталған жоғары оқу орнын хирург мамандығы бойынша бітіріп шығып, еңбек жолын 1986 жылы Қызылорда облыстық ауруханасында дәрігер-хирург болып бастайды. 1990 жылы А.Н.Сызғанов атындағы Клиникалық және сынақтық ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері, 1991 жылы осы институттың хирургия бөлімінің ғылыми қызметкері, 1995 жылы хирургия бөлімінің аға ғылыми қызметкері болды. 2000 жылы Оңтүстік Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы қызметін атқарса, 2002 жылы Оңтүстік Қазақстан облыстық денсаулық сақтау департаментінің бастығы лауазымына тағайындалды. Ал, 2003 жылы Алматыға қайта оралып, А.Н.Сызғанов атындағы хирургия ғылыми орталығының директоры болды. 2006 жылы Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетінің экономика факультетін экономика бакалавры мамандығы бойынша бітіріп, заман талабына орай қосымша тағы бір мамандықты меңгерді. 2008 жылы Қызылорда облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы қызметіне келді. 2011 жылы «Республикалық шұғыл медициналық көмек көрсету орталығы» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы, 2012 жылы №7 Алматы қалалық клиникалық ауруханасының бас дәрігері қызметін атқарды. Ал, қазіргі уақытта Алматы қаласында «А.Н.Сызғанов атындағы ұлттық хирургиялық ғылыми орталық» АҚ басқарма төрағасы.
Денсаулық сақтау саласына сіңірген еңбегі ескерусіз қалған жоқ, 2006 жылы «Құрмет» ордені және бірнеше медальдармен марапатталды. «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» және «Алтын дәрігер» белгілерінің иегері. Сонымен бірге ол ТМД елдері хирург, гепатологтар ассоциациясының құрметті мүшесі, медицина ғылымдарының докторы, профессор, «Жалағаш ауданының құрметті азаматы». 200-ден астам ғылыми-тәжірибелік мақаланың авторы. Болатбек Баймахановтың басшылығымен 8 кандидаттық, 4 докторлық диссертация қорғалған.
Белгілі дәрігер, білікті маман Болатбек Баймаханов – «100 жаңа есім» жобасына қатысушы үміткерлердің бірі. Қолы шипалы хирург аймақ, тіпті ел медицинасының дамуына елеулі үлес қосып келеді. Үміткерге «el.kz» сайты арқылы дауыс беруге болады.
Айнұр БАТТАЛОВА.