КҮРДЕЛІ ОТА ЖАСАУДЫҢ ШЕБЕРІ

Басы ауырып, балтыры сыздамайтын адам жоқ. Сондайда алдымен Алладан, онан кейін ақжелеңділерден дертімізге дауа сұрайтынымыз анық. Талай жанды сырқатынан сауықтырып, дертіне дауа дарытып, елдің алғысына бөленіп жүрген абзал жандар қашан да ел абыройы. Өзінің біліктілігімен, білімімен мыңдаған жанға екінші өмір сыйлаған сондай маманның бірі – Шынжырбай Оразмаханұлы. Ол өзінің дәрігерлік еңбек жолында қаншама жанды ажал аузынан арашалап, игі ісінің нәтижесінде халықтың құрметіне бөленіп, сол арқылы аймақ абыройын асқақтатып жүрген майталман маман.
Есімі ел арасында кеңінен танымал Шынжырбай Оразмаханұлы жоғары санатты нейрохирург дәрігер, облыстық медицина орталығы нейрохирургия бөлімшесінің меңгерушісі. 20 жылдан астам еңбек өтілі барысында ол бас миының ісіктері мен жедел гематомаларына, омыртқа бағанасы жарықтарына, перифериялық нерв жүйесіне күрделі оталарды жасауда талмай ізденіп келеді. Өзінің негізгі жұмысымен қатар, аудандарда жоғарыда аталған, бас миының, жұлын миының ісіктері, бел омыртқаларының дегенеративті аурулары, жұлын ми және бас миының жарақаттары бойынша мамандандырылған медициналық көмек көрсетіп келеді. Жылына 40-қа жуық күрделі ота жасайды.
Шынжырбай Оразмаханұлы 1968 жылы Шиелі ауданындағы Ақмая ауылында (Авангард) дүниеге келген.
1985-1993 жылдар аралығында Ақтөбенің мемлекеттік медицина институтын «Емдеу» мамандығы бойынша бітірген. 1993-1994 жылдар аралығында облыстық ауруханада хирургия мамандығы бойынша интернатурадан өткен.
Еңбек жолын 1994 жылы Қызылорда медицина училищесінде анатомия пәнінің мұғалімі қызметінен бастайды.
1995 жылдың мамыр айынан бастап облыстық медицина орталығының нейрохирург дәрігері, 2006 жылдың маусым айынан бастап нейрохирургия бөлімшесінің меңгерушісі қызметін атқарып келеді.
Шынжырбай Оразмаханұлы білікті дәрігер ғана емес, сонымен бірге ізденімпаздығымен, өз ісіне деген жоғары жауапкершілігімен, мамандығына деген адалдығымен өз ортасында абыройлы. Ол сонымен бірге ізінен ерген жас буын әріптестеріне нейрохирургияның қыр-сырын үйретуден, тәжірибе алмасудан жалықпайтын жан. Білікті дәрігердің осындай үлгілі қасиеттері, өнегелі істері лайықты бағасын алып та жүр. Атап айтқанда, ол «Облыстық медицина орталығының» ШЖҚ МКК-ның «ОМО дамуына үлес қосқаны үшін», ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгілерімен, 2007 жылы Елбасының «Құрмет» грамотасымен марапатталса, 2011 жылы облыс әкімінің стипендиаты, 2013 жылы «Жылдың үздік маманы» атағына ие болған.
Белгілі дәрігер, білікті маман Шынжырбай Оразмаханұлы – «100 жаңа есім» жобасына қатысушы үміткерлердің бірі. Қолы шипалы нейрохирург аймақ медицинасының дамуына елеулі үлес қосып келеді. Үміткерге «El.kz» сайты арқылы дауыс беруге болады.

Айнұр БАТТАЛОВА.
Денсаулық 31 қазан 2017 г. 1 274 0