Облыстың денсаулық сақтау саласында мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңбері аясы кеңейіп келеді. Жыл аяғына дейін МЖӘ алғашқы жемісі көрінбек. Қызылорда қаласында темір жолдың солтүстік аймағы тұрғындары үшін 400 келушіге арналған №2 қалалық емхана пайдалануға беріледі. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі облыстық денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасап хабарлады. Ал алдағы жылдары, құны 2 млрд. теңгеден астам қаржыға, Сырдария ауданындағы Ақжарма дәрігерлік амбулаториясы, Арал ауданы Бекбаул дәрігерлік амбулаториясы, Қазалы ауданы Өркендеу дәрігерлік амбулаториясы, Қызылорда қаласы Тасбөгет кентіндегі ауысымына 250 келушіге арналған емхананы салу жобасы жоспарланып отыр. Естеріңізге сала кетейік, Елбасының «Бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 81-қадамында жекеменшік медицинаны дамыту, медициналық мекемелерге корпоративтік басқаруды енгізу, мемлекеттік медициналық ұйымдарды жекешелендіруді ынталандыру, мемлекеттік емес ұйымдар арқылы тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін беруді кеңейту мақсаты қойылған болатын.