ОЗЫҚ ҮЛГІЛІ ОРТАЛЫҚ

Облыстық медицина орталығы – Сыр өңірі тұрғындарының саулығын сақтауда айрықша маңызға ие, яғни, мамандандырылған және жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсететін емдеу орны. Мұнда келген адам қайнаған тірлікті бірден байқар еді. Өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған баспасөз туры барысында тілшілер қауымы да ақ халаттылардың бір күндік тынымсыз еңбегін көзбен көріп, көңілмен түйсінуге, емдеу мекемесінің тыныс-тіршілігімен танысуға мүмкіндік алды.
Мұндағы қарбалас әсіресе, қабылдау бөлімінде айрықша білінеді. Себебі, келген науқас алдымен осы жерге түседі. Қабылдау бөлімі меңгерушісінің міндетін атқарушы Данияр Таңқабаев тілшілер тобын бөлімнің жұмысымен егжей-тегжейлі таныстырды.
Бөлімшеде күту залы, қарау кабинеттері, тіркеу бөлмесі, жоспарлы терапиялық және хирургиялық науқастарды қабылдау бөлмесі бар. Емшара бөлмесінде шұғыл процедуралар, яғни, асқазанды шаю, тазартқыш клизмасы жүргізіледі. Сонымен бірге мұнда оқшаулау, рентген, УДЗ, ЭКГ бөлмелері жұмыс істейді. Ал, орап, таңу-операциялық бөлмесінде ұсақ амбулаторлы оталар жүргізілсе, ауруы белгісіз науқастарды динамикалық бақылауға уақытша жатқызатын диагностикалық палаталар да қарастырылған.
– Біздің бөлімге науқастар жедел жәрдем көмегімен әртүрлі апатты жағдайларда, жарақаттар, түрлі уланулар, жедел және созылмалы аурулардың өршуі кезінде жеткізіледі. Амбулаторлы жағдайда ем нәтиже бермесе, аймақтық дәрігердің жедел жолдамасымен де келіп түседі. Аудандардан, елді мекендерден ауыр жағдайдағы науқастар санавиация арқылы тасымалданады. Сол секілді өзін-өзі сезінуі нашарлаған жағдайда өздігінен келіп қаралатындар да бар және жоспарлы түрде, яғни, біртұтас ұлттық денсаулық жүйесі шеңберінде «Госпитализация бюросының» порталы арқылы келетіндер бар. Медициналық қызметтің сапасын арттыру мақсатында қабылдау бөліміне жағдайы ауыр науқастарға қажетті мамандар әр кабинетке арнайы қондырылған «SOS» жүйесі арқылы жылдам шақыртылады,– дейді Д.Таңқабаев.
Ағымдағы жылдың сегіз айында 19936 науқас келіп қаралған. Соның 50 пайызы дертіне байланысты ауруханаға жатқызылған.
Жалпы, облыстық медицина орталығынан жыл сайын 15 мыңнан астам қызылордалық ем алып шығады. Қазіргі кезде орталықта 23 клиникалық, 37 қосалқы бөлімше жұмыс жасайды. Оларда 1500-ге жуық қызметкер еңбек етеді.
– Біздің медицина орталығы – 160 жылдан астам тарихы бар емдеу ұйымы. Аурухана болып құрылғалы бері бірнеше кезеңнен өтті. Осы тұрған ғимаратымыз 1998 жылы пайдалануға берілді. Орталықта 63 мамандық бойынша қызмет көрсетіледі. Жалпы төсек саны 600-ден асады. Орталықта 2009 жылдан кардиоорталығы, 2012 жылдан нейроинсульттік орталығы, 2016 жылдан офтальмологиялық орталығы, 2017 жылдан диабет орталығы жұмыс істеуде. Жылына мұнда 40 мыңнан аса науқас келіп, соның 15 мыңына стационарлық көмек көрсетіледі. Осылардың 25-30 пайызы жоғары мамандандырылған медициналық көмек алады. Күніне 40-50 жоспарлы ота жасалса, жедел түрде 10-15, аптасына 180-200 ота  жасалады. Жеті күннің үш күнінде барлық сала бойынша жедел көмек көрсетеміз. Ал кардиологиялық және инсульт бойынша тәулігіне 24 сағат көмек көрсетеміз,– дейді ОМО директоры Сәбит Пазылов.
Келесі кезекте біздің топ кардиореабилитация бөлімшесі жұмысымен танысты. 25 төсектік бұл бөлімшеге жүрек-тамыр ауруларының науқастары жатқызылады. Зертханалық және инструментальды әдістерді қолдана отырып диагностика мен емдер ¬заманауи тәсілмен жүргізіледі.
Ал, нейрохирургия бөлімшесінде қала және аудан тұрғындарына жоспарлы және жедел мамандандырылған көмек көрсетіледі. Атап айтқанда, нейроонкология, бас және жүйке жүйелерінің ауытқулары, омыртқа аурулары, жедел жарақаттар, орталық жүйке жүйесінің ауытқуларын емдеуге мән беріледі.
Сырдария ауданы, Айдарлы ауылының тұрғыны 68 жастағы Айжахан Әденова ес-түссіз құлап, орталыққа жедел жәрдеммен жеткізілген. Мұнда келген соң тексерулердің нәтижесінде науқастың басында ісік бары анықталған. Сонан қажетті ота жасалып, нейрохирургия бөлімінде ем алуда.
– Үйде жүргенде басым айналып, құлап қала беретінмін. Кезекті құлағанымда жедел жәрдеммен осында алып келіпті. Медицина орталығының дәрігерлері басымдағы ісікке дереу ота жасады. Қазір жағдайым жақсы, құдай қаласа, апта аяғында үйіме қайтамын. Осындағы мамандарға айтар алғысым шексіз, бізде осындай орталықтың бол¬ғанына ризамыз, – деп Айжахан апа лебізін жеткізді.
Сондай-ақ, баспасөз туры барысында тілшілер тобы нейроинсульт, нейрореабилитация бөлімдерінің жұмысына қанықты.
Инсульт бөлімінің невропатолог дәрігері Еркін Жаңабайұлының айтуынша, бөлімге жылына 1600 науқас келіп түседі екен және бұл көрсеткіш жыл сайын артуда. Оның бір себебі аурудың ерте анықталуына байланысты болса, екіншісі, қызмет көрсету аясының кеңеюі. Мамандар мүгедектікке ұрынбас үшін әр түскен науқасқа барынша жедел әрі қажетті көмек көрсетуге тырысады. Науқас тек дер кезінде жеткізілсе болғаны.  Осындай нәтижелі әрі сапалы жұмыстың көрсеткішімен бөлім рес¬публикада «Үздік инсульт орталығы» атағын жеңіп алған.
Орталық қызметімен танысқан тілшілер дәрігерлердің ота жасау сәтіне де куә болды. Бірінен кейін бірі тоқтаусыз жасалып жатқан оталар шынында асқан төзімділікті, жауапкершілікті, шеберлікті талап етеді. Өйткені, олар – адам тағдырының арашасы.

Айнұр БАТТАЛОВА.
Нұрболат НҰРЖАУБАЙ (сурет).
Денсаулық 30 қыркүйек 2017 г. 906 0