Міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандырудың маңызды міндеттерін талқылау, насихаттау мақсатында қалалық ауруханада ақ халатты абзал жандармен кездесу өтті. «Нұр Отан» партиясы Қызылорда қалалық филиалының ұйымдастыруымен өткен кездесу «Денсаулық – адам үшін баға жетпес байлық» тақырыбында болды.
Шараға «Нұр Отан» партиясы Қызылорда қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Шәріп Әбдірахманов, партия белсенділері Сағындық Шамшиев, Тұрар Сыздықов, қалалық аурухананың бас дәрігері Бауыржан Төлегенұлы және партия өкілдері қатысты. Жиын барысында «Нұр Отан» партиясы Қызылорда қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ш.Әбдірахманов азаматтардың еңбек және тұрмыс жағдайын жақсарту, аурудың алдын алу, халыққа тегін, жалпыға бірдей жоғары дәрежедегі мамандандырылған медициналық көмек көрсету маңызды міндеттердің бірі екендігін жеткізіп, бұл құндылықтар Ата Заңымыз – Конституцияда ерекше көрсетілгенін атап өтті.
Медицина саласының ардагері Сағындық Шамшиев міндетті медициналық сақтандырудың азаматтар үшін маңыздылығын атап, көрсетілетін көмек түрлеріне тоқталды.
– Сақтандырудың екі түрі бар. Біріншісі – республикалық бюджеттен қаржыландырылатын медициналық көмектің мемлекет кепілдендірген көлемін ұсынатын базалық пакет. Ол барлық азаматтар үшін қолжетімді болмақ. Оған жедел-жәрдем қызметі, санитарлық авиация, әлеуметтік маңызды ауруларға, сондай-ақ, төтенше жағдайларда, профилактикалық екпе кезінде көрсетілетін медициналық көмектер кіреді. Екіншісі – жаңадан құрылатын медициналық сақтандыру қоры ұсынатын сақтандыру пакеті. Бұл ақылы түрде болатындықтан, оған амбулаторлық-емханалық және стационарлық көмек, медициналық реабилитация, мейірбикелік қарау мен жоғары технологиялық көмектерді кіргізу қаралып отыр, – деді Сағындық Шәмшиев.
Шара соңында сөз алған Қызылорда қалалық аурухананың бас дәрігері Бауыржан Төлегенұлы аталған заңның әрбір қазақстандыққа қатысты екенін, тек оны халыққа түсінікті тілмен жеткізу қажеттігін айтты. Сондай-ақ, жиылғандарды Елбасының бағдарламалық мақаласынан туындайтын міндеттерді бірлесе жүзеге асыруға шақырды.
Ш.АЛТЫНБЕКҚЫЗЫ.