Елімізде дәстүрге айналған акцияның бірі – “Денсаулық фестивалі”. Қарапайым тұрғындарды спортқа тартуды мақсат ететін бастама 20 жыл қатарынан қолға алынып келеді.
Біздің өңірде де фестиваль аясында бірқатар шаралар ұйымдастырылды. Қызылордалықтар апта бойы медицина қызметкерлерінен тегін кеңес алып, денсаулығын тексертті, түрлі спорттық сайыстарда бағын сынады. “Денсаулыққа он мың қадам” марафоншылар шеруінде бұқаралық спорттың бұқараға берері мол екенін дәлелдеді. Ауқымды шара орталық алаңда қорытындыланды. Оған облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов қатысып, фестиваль жеңімпаздарын марапаттады. Елдің басты байлығы – ұрпақ саулығы, ал мұндай шараларды өткізу салауатты өмір салтын қалыптастыруға мол септігін тигізетінін жеткізді.
Сондай-ақ, алаңда пайдалы өнімдер жәрмеңкесі, балалар үшін ойын алаңдары жұмыс жасады. Заманауи билер концерті де көпшілік көңілінен шықты. Мұнда жастар таңғаларлық қозғалысымен, бидегі ырғақты сезінуімен ерекшеленді.
Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ.