МЕДИЦИНА ҚЫЗМЕТІ МЕН САПАСЫНА ҚАТЫСТЫ ШАҒЫМДАР ҚАБЫЛДАНАДЫ

Медицина саласының қызметі мен сапасына көңілі толмаған тұрғындар шағымдарын енді 23-70-22 сенім телефоны арқылы жолдай алады. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Ұлболсын Аханева мәлімдеді.
Жыл басында тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті деп қайта тіркелді. Нәтижесінде, сала мамандары аттестациядан өткізілді. Медициналық қызметтің сапасын жақсарту және қызмет көрсету үшін бөлімдер ашылды. Сонымен бірге, мемлекеттік қызметтің 7 түрі ұсынылып, жұмыстар атқарылуда.
«Біздің мекеме тек қана жұқпалы ауруларды ғана емес, соматикалық ауруларға қатысты алдын алу жұмыстарын үйлестіреді, ақпараттандырады. Сонымен қатар, емханалар мен ауруханаларда медицина қызметінің сапасына көңілі толмаған тұрғындар дәрігерлер тарапына арыздары болса, жаңадан ашылған бөлімге хабарласып, шағым жасай алады. Сенім телефонымыз жұмыс жасауда. Біз өз кезегімізде мәселені зерттеп, жауабын береміз», - деді облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Ұлболсын Аханаева.
Сондай-ақ, жыл соңына дейін қоғамдық денсаулық сақтау саласының моделі қалыптасады. Қан тамырлары, қант диабеті, травматизм, тағамға қатысты аурулардың алдын алу жұмыстарына қатысты қосымша міндеттер жүктеледі.
Баспасөз конференциясында егу жұмыстары жайлы да сөз болды. Биыл тұмауға қарсы 78 мың вакцина сатып алу үшін қаржы қаралған. Егу жұмыстары 15-қазаннан басталады.
Денсаулық 11 қыркүйек 2017 г. 832 0