«ДЕНСАУЛЫҚ ФЕСТИВАЛІ – 2017» ЖАЛАУЫН КӨТЕРДІ

Кеше Тұңғыш Президент саябағында республикалық «Денсаулық фестивалі – 2017» апталығының ашылу салтанаты өтті. Бір апта бойы «Біздің денсаулығымыз – өз қолымызда» ұранымен өтетін шара «Салауатты өмір салтын қалыптастыру қызметінің» 20 жылдығына орайластырылған.
Биылғы «Денсаулық фестивалі» 4-9 қыркүйек аралығында жаппай халықтың белсене қатысумен өткізіледі. Көптеген жұмыс орындары, түрлі басқарма-мекемелер, кәсіпорындар, жастар, қарапайым тұрғындар біркісідей атсалысып, апта ішінде барлық ауылдық, аудандық, қалалық емханаларда «Ашық есік» күндері өтеді.
Жастар арасында замануи билер, көңілді тапқыштар ойыны, мектептер мен балабақшаларда түрлі сайыстар мен сурет конкурстары жарияланады. «Денсаулық фестивалінің» ашылу салтанатында құттықтау сөз сөйлеген, облыстық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Баян Боранбаева, облыс тұрғындарын салауаттылық шараларына белсене қатысуға шақырды.
– Фестивальда дене белсенділігін арттыру, ұтымды тамақтану және зиянды әдеттерден сақтануға бағытталған түрлі салауатты шаралар ұйымдастырылады. Кең ауқымды акцияның қорытындысы 9 қыркүйек күні Орталық алаңда болатын үлкен шарамен аяқталады. Онда «Жүру марафоны», «Денсаулық жәрмеңкесі», түрлі ұлт өкілдерінің салауаттылықты арттыратын  ұлттық тағамдары, денсаулық қалашығын, балалар ойын-сауық орталығын тамашалайтын боласыздар, – деді ұйымдастырушы, облыстық жастар денсаулығы орталығы директорының орынбасары Салтанат Назарова.
Фестивалдің басты ұйымдастырушылары – облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен облыстық жастар денсаулығы орталығы.
Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.
Денсаулық 05 қыркүйек 2017 г. 2 455 0