Бруцеллез – созылмалы өтетін, іш тастау, шуы түспей, эндометрит, орхит және жануарлардың жыныстық қабілетінің бұзылуы арқылы ерекшеленетін жұқпалы ауру. Қоздырушысы әр түліктің өзіне тән 6 түрге бөлінетін микробтар қоздырады.
Індеттің ерекшеліктері өзгеше. Оған адам және 60-тан астам жабайы, үй жануарлары бейім болады. Инфекция қоздырушысының бастауына бруцеллезбен ауырған жануарлар жатады.
Сиыр желінінде бруцеллалар 7-9 жыл, ал қойда 2-3 жыл сақталады.
Аурудың жасырын кезеңі 2-4 аптаға созылады. Жануарлардың барлық түрлерінде бруцеллездің басты белгісінің бірі буаздықтың екінші жартысында байқалатын іштастау. Сиыр 5-8 айлығында, қоймен ешкі 3-5 айлығында, ит 40-50 күн болғанда іш тастайды.
Диагноз қою кешенді түрде індеттанулық, клиникалық, аллергиялық және соңғы нақты нәтиже зертханалық тексеру қорытындысымен қойылады.
Бруцеллезбен ауырған мал емделмейді, тез арада оқшауланып сойылуы тиіс.
Облыс көлемінде бруцеллез індетінің алдын алу және болдырмау мақсатында жыл сайын тұрақты іс-шаралар атқарылуда. Атап айтар болсақ барлық мал басы тұрақты түрде жылына екі рет зертханалық тексеруден өтіп ауру анықталған жануарлар санитарлық сойысқа жіберіліп отырады.
Үстіміздегі жылдың 6 айында барлығы 155247 бас мүйізді ірі қара бруцеллезге қарсы тексеріліп, 44 бас ауруға шалдыққандығы анықталған. Ал 326429 бас уақ мал тексерілсе, 86 бас немесе мүйізді ірі қара мен уақ малда ауруға шалдығу пайызы 0,02 пайызды құрап отыр.
Бруцеллез ауруның ең қауіпті тұсы адам мен малға ортақ болғандықтан облыс тұрғындары арасында індетке шалдығу азаймай отыр. Өткен жылдың 6 айында 32 адам осы індетке шалдыққан болса, биылғы жылдың 6 айында облыс бойынша 30 адам бруцеллезге шалдыққан. Өкініштісі, 6-ы 14 жасқа дейінгі балар болса, 23-і ауыл тұрғындары. Ауру жұқтырған адамдарды кәсіптік қызметі бойынша талдау жасағанымызда 4-бала, 4 зейнеткер, 2 мектеп оқушысы, 2 студент, 1 медициналық, 2 ветеринария қызметкері, 3 жұмысшы және 10 жұмыссыз адам тіркелді. Ең көбі Жаңақорған ауданында, өткен жылы онда 16 адам, биыл тиісті кезеңде 9 адам ауруға шалдыққан.
Аурудың алдын алу үшін ең басты сырттан инфекция қоздырғышын әкелдірмеу және негізгі ветеринариялық-санитарлық талаптарды орындау.
Шаруашылыққа сырттан әкелінген малды міндетті түрде 30 күн карантинде ұстап, осы уақыт ішінде биоматериалдарды (қан сарысуын) зертханалық тексерулерден өткізу қажет.
«Ауруға ем іздегенше ауырмайтын жол ізде» дегендей, әрбір адам мал шаруашылығында немесе мал шаруашылығы өнімдерін тұтынғанда жеке бас гигиенасын, ветеринариялық-санитарлық талаптарды қатаң сақтауы тиіс.
Даулет ИБРАГИМОВ,
«Қазақ ғылыми-зерттеу ветеринария институты»,
«ҚҒЗВС» филиалы меңгерушісі,
ветеринария ғылымдары кандидаты.