Облыстық денсаулық сақтау басқармасына қарасты №3 қалалық емханада баспасөз туры өткізілді. Аталған емхананың бас дәрігері Гүлстан Мақсұтова журналистерді өзі басқарып отырған медициналық мекеменің тыныс-тіршілігімен таныстырды.
Елбасының «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бойынша салынған емхана 2012 жылы пайдалануға берілген. Бүгінгі таңда бұл медициналық мекемеге қаралатын халық саны 60 мыңға жуықтаған. Бұл жерге Қызылорданың «Арай», «Самал», «Шұғыла», «Сәулет», «Ипподром», «Сырдария», «Саяхат», «СПМК-70», «Астана» сынды шағын аудандардың халқы тіркелген. Осындай мәліметтерді алға тартқан емхананың бас дәрігері тұрғындарға 11 бөлімше қызмет көрсететінін атап өтті.
Қарап отырсақ, бұл емханаға қаралатын тұрғындардың саны кейбір ауданның халқынан асып түседі екен. Бұған осы медициналық мекемеге қарасты 2 жоғары, 4 орта және арнаулы оқу орындары, 7 мектеп, 20 балабақшаны қосыңыз. Осыншама халыққа сапалы медициналық қызмет көрсету оңай емес. Дегенмен, емхана қызметкерлері өз жұмыстарын жақсы біледі. Дендеріне саулық тілеп келген ем алушылар да дәрігерлер мен медбикелерге разы болғандарын көзімізбен көрдік. Солардың бірі – Шакизада Қалмаханова есімді қала тұрғыны.
– Мен скрининг бойынша тексеруден өтудемін. Дәрігерлер жылы жүзбен қарсы алып, ақ ниетпен шығарып салады. Осының өзі сырқатына шипа іздеп келген науқастарға дем береді, – деді ол бізбен әңгімесінде.
Қазіргі таңда аймақ медицинасын бұрынғыдан да жақсарта түсу үшін көптеген жұмыс атқарылуда. Облыс орталығынан бөлек аудандарда да соңғы үлгідегі құрал-жабдықтармен қамтылған денсаулық сақтау мекемелерінің ғимараттары салынып жатыр. Осы ретте облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нұржамал Мырзағалиеваны сөзге тартқан едік. Ол: «Халыққа берілетін медициналық көмектің сапасын арттыру мақсатында жедел жәрдемге 25 көлік алынады. Сондай-ақ, әр медициналық мекемеге бір-бір машинадан беріледі. Олар емханаға келе алмайтын науқастарға баратын болады. Алдағы уақытта медициналық мекемелерді компьютерлендіру де назарда тұр. Облыстық бюджет есебінен 414, медициналық мекемелердің өз қаржысына 140 компьютер алу жоспарланған. Жыл соңына дейін бұл жұмыстар толық аяқталатын болады», – деп ақпарат берді.
Емхана ішін аралап, ақ халаттылар жұмысымен танысып жүргенде «Шырақ» мүгедектігі бар әйелдер ассоциациясы» қоғамдық бірлестігі өткізіп жатқан жиынға тап болдық. Бұл қоғамдық бірлестік мүгедектігі бар әйелдерге қалай отбасын жоспарлау қажеттігі туралы кеңес береді екен.
Шара барысында №3 емхана бас дәрігерінің ішкі аудит жөніндегі орынбасары Ләззат Жүсіповамен сұқбаттасудың сәті түсті.
– Қазір денсаулық сақтау мекемелерінде ем қабылдаушылардың құқықтарын қорғайтын, оларға кеңес беретін, жөн сілтейтін, жол көрсететін мамандар бар. Сонымен қатар, тәулік бойы сенім телефоны жұмыс жасайды. Біз әрқашан тұрғындарға сапалы медициналық көмек көрсетуге дайынбыз, – деді Л.Жүсіпова.
Жалпы, бір ауысымда 500 адамды қабылдауға арналған №3 емхана заманауи үлгідегі медициналық құрал-жабдықтармен қамтылған. Үш қабаттан тұратын бұл медициналық мекеменің екі ғимараты бар. Дәрігерлерге көрінушілер толастамайды екен. Солардың бірін әңгімеге тартқан едік.
– Мен осы қаладағы Сұлтан Бейбарыс көшесіндегі 85-ші үйдің тұрғынымын. Әйелім Рсалды Есмағанбетова науқас еді. Осы емхананың дәрігерлеріне рақмет. Уақытылы қарап, тексеріп отырады. Оңалту орталықтарына да жіберді. Бүгін құлаққа тағатын аппарат алуға келдік. Ақ халатты абзал жандарға алғыстан басқа айтарым жоқ, – деді Құмар Есмағанбетов ағынан жарылып.
Қала орталығында орналасқан емхана жұмысымен танысу кезінде осындай мәліметтерге қанықтық. Ең бастысы, дәрігерлер сапалы медициналық көмек көрсету үшін аянбай еңбектенетініне көзіміз жетті.
Азиз БАТЫРБЕКОВ.