Тұтынушысын тапқан кәсіпорын

Тұтынушысын тапқан кәсіпорынАймақта нарықтық индустрияда өзіндік бренд қалыптастыра бастаған «NP Consulting» атты кәсіпорын бар. Құрылысшылар, мұнайшылар мен түрлі өндіріс орындарының мамандарына арнал-ған қауіпсіздік каскасын шығарып келе жатқан кәсіпорын енді диспенсерлік су құтысының қалпақшаларын өндіруде. Белгілі бір сегментті қолға алуды қалайтын кәсіпорын жетекшісі Ғалым Пірекешовтің батыл шешімі өңірдегі бизнес индустрияға өзіндік серпін берді.
Күнделікті тұтынып жүрген диспенсердегі таза ауыз суға сұраныс көп. Аймағымызда осындай су шығаратын 5 кәсіпорын бар екен. Осы кәсіпорындардың сұранысын қанағаттандыру мақсатында кәсіпкер жан-жақты зерттей келе құты қақпағын шығаруды қолға алды.
«Біз қалпақшаларды өндіру барысында инновациялық жаңалық енгізіп отырмыз. Яғни, қазіргі қолданыстағы қалпақшалардың ішкі ернеуі бір қатпар болса, біздің қалпақшада екеу. Бұл қатпарлар судың тамшылап төгілмеуіне бөгеу болады. Екінші жаңалығымыз, қақпақ астында диспенсерге кигізілетін арнайы құтышасы бар. Ол бөлек жасалынып, қақпақ астына кигізіледі. Оны қолмен орнатады. Бұл дегеніміз, қосымша жұмыс әрі су тиетін болғасын гигиенаға да кері әсер етуі мүмкін, – дейді жас кәсіпкер Ғалым.  
Таза су өндіретін компаниялар құты қалпақшаларын негізінен Алматы қаласынан алдырады екен. Бір реттік пайдалануға арналған бұл қалпақшаны елімізде үш бірдей кәсіпорын өндіреді. Енді сұранысқа ие құты қалпақшасын жергілікті кәсіпкеріміздің қолға алуы өзгелерге үлгі боларлық.
Құты қалпақшасында халықаралық сапа белгісі бар. Кәсіпорын Кеден Одағында өз өнімдерін кедергісіз сата алады.
Құрылғанына екі жарым жылдай уақыт болған «NP Consulting» компаниясы алғашында қауіпсіздік каскаларын шығарумен елімізге танымал болды. Отандық бренд қалыптастырып, кәсіпорын өндірген каскалар өндіріс орындарының бағасын алып үлгерді. Бүгіндері небәрі аз ғана уақытта аймағымызда емес, бүкіл Қазақстанға өнімін таратып  отыр. Шағын зауыттан шыққан өнімдерді еліміздің ең ірі кәсіпорындары тұтынады. Олардың қатарында «Торғай-Петролеум» АҚ, рес¬публикада «Маңғыстау Мұнайгаз», «Ембі мұнайгаз», «Алатау» жарық компаниясы, «КазТрансОйл», «ҚазАтомПром», «ТрансТелеком» сынды ірілі-ұсақты 20-дан астам кәсіпорын пайдаланады.
Жоба демекші, Ғалым жуырда тігін цехы ашылғанын айтты. Облыста жеңіл өнеркәсіпті дамытуды көздейтін бұл жоба, болашақта киімдер тігуді қолға алмақшы. Ал бүгінде аталған цехта сыртқы арнайы киімдер, құлақшындар мен қолғаптар тігіліп жатыр екен. Және каска астынан киетін қалпақ өндірісін де іске қосқан.    
Кәсіпорынның жеткен жетістігін жіпке тізсең, жетерлік. Былтыр «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен өткен аймақтық көрмеде жүлделі II орынды иеленіп, Астана қаласындағы көрмеге арнайы шақырту алған. Еліміздің түкпір-түкпірінен 240-тан астам кәсіпорынның өнімі қойылған көрмеде компания өндірген каскалардың болуы да көңіл қуантады.
Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.

ДӘУЛЕТ 07 ақпан 2017 г. 619 0