« Сәуір 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | |
7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 | 13 |
14 | 15 | 16 | 17 | 18 | 19 | 20 |
21 | 22 | 23 | 24 | 25 | 26 | 27 |
28 | 29 | 30 |
Әлемдегі бірқатар мемлекеттердің астанасы өзеннің екі
жағын жағалай орналасқаны мәлім. Мәселен, жауһар қала Париж – Сена, Лондон
Темза өзенінің қос жағалауына орын тепсе,
асқақ рухты Астанамыз Есілдің екі жағалауына салынуда. Енді міне,
Астанаға қарап бой түзеп келе жатқан Қызылорда қаласы да ұлы өзеннің қос
жағалауында дамитын болды. Өйткені, көпшілік көптен күткен нысан жуырда
қолданысқа берілді. Сол жағалауды игеру, мұнда жаңа қала салу ісі көктемде
қауырт басталмақшы.
Кешегі мерекеде, яғни 12 желтоқсан күні жаңа көпірдің пайдалануға берілгені белгілі. Алып көпірдің құрылыс жұмыстарын «МО-25» ЖШС екі жыл бойы жүргізді. Жалпы, күрделі нысанның салыну мерзімі – 26 ай. Айта кетейік, сол жағалауға бастайтын көпір 2009 жылы бекіген Бас жоспарға сәйкес салынды. Оның жалпы сметалық құны 5 млрд 820 млн теңге болса, көпірдің жүк көтергіштік қуаты 180 тонна, ал ұзындығы 387 метрді құрайды. Ол еліміздегі өзен үстіне салынған үлкен көпірлердің алғашқы ондығына кіреді.
Сырдың бас қаласы – Қызылорда ендігі жерде осы жоспар аясында дамып, ірі өзеннің жайлы микроклиматын, табиғи әсем көрінісі мен тартымдылығын тиімді пайдаланбақшы. Яғни, қолданыстағы бас жоспар бойынша мұнан былай өзен Қызылорда қаласының сәулетіне сән беретін болады. Ал сол жағалаудағы аумақ 15 ауданнан құралады. Оның 11-і тұрғын аудан. Бұған қоса, 1 индустриалдық аймақ, 3 ірі парк салынады. Бульварлар салу да қаралған. Бес тұрғын ауданның құрылысына махалля типтес орта қабатты үйлер салу жоспарланып отыр. Әрбір шағын ауданның ішінде мектептер мен балабақшалар бой көтереді. Тұрғындар санының қазіргі динамикалық өсуі есепке алынған. Заманауи талаптарға сай ірге көтеретін жаңа қоныста 154 мыңнан астам халық тұрады деп болжануда. Жалпы, тұрғын үй құрылысы 3 млн шаршы метрді құрайды. Бұған қоса, онда 46 балабақша мен 23 мектеп болады. Мұнымен бірге 2 көпсалалы аурухана, қарттарға арналған пансионат, интернат емханалар, күндізгі стационарлар мен дәріханалар салу да қарастырылған. Үлкен ән аренасы, 4 этнографиялық музей кешені, Қорқыт ата интерактивті музейі, балалар шығармашылығы сарайы, саз мектебі мен цирк, драма театры, «Құстар әлемі» оранжереясы мен Медиа орталығы жаңа қонысқа өзіндік ажар қосатын болады. Сонымен қатар 15 мың көрерменге арналған спорт кешені, жеңіл атлеттерге арналған манеж, спорт академиясы мен жүзу бассейні салынбақшы.
Айта кетейік, қаланың сәулеттік келбетіне шығыс және ұлттық сәулет өнерінің элементтері кеңінен қолданылады. Бірінші кезекте 500 гектары игеріліп, барлық қажетті инфрақұрылыммен жасақталады. Мұнда «Мега», «Рамстор» типтес сауда ойын-сауық нысандары мен мейрамхана желісін, велосипед, ролик және скейттерге арналған балалар паркін де салу қарастырылғанын да айта кетейік. Сонымен қатар, аталған жоспарлау жобасымен 1532 гектар аумақтың инвестициялық картасы әзірленді. Онда әрбір тұрғын аудан бойынша инвестициялық учаскелер белгіленген. Бұл – Сырдың сол жағынан да жаңа қала салынып, өсіп-өркендейтін күн алыс емес деген сөз.
Сонымен, соңғы жылдары аймағымызда көптеген ірі жобалар жүзеге асырылды. Біз бүгін Ғ.Мұратбаев көшесі басынан Сырдария өзені үстіне салынған алып көпір туралы сөз еттік.
Дәуіржан ЕЛУБАЕВ.
« Сәуір 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | |
7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 | 13 |
14 | 15 | 16 | 17 | 18 | 19 | 20 |
21 | 22 | 23 | 24 | 25 | 26 | 27 |
28 | 29 | 30 |