ЗАМАНА КҮТКЕН ЗАУЫТ

ЗАМАНА  КҮТКЕН ЗАУЫТКелешектен жақсылық күту – ол адам баласына тән қасиет. Бәріміз де алдағы келе жатқан 2017 жылдан отбасымызда, әулетімізде, ұжымымызда, ауылымыз бен қаламызда, Отанымызда тек жақсылық болғанын қалаймыз. Келер жылы Сыр елінің бас қаласы – Қызылорданың өзінде біраз жақсы жаңалықтар орын алатынына сенеміз. Өйткені, бұл бағытта мақсатты түрде жұмыстар жасалып жатқанын көзімізбен көрудеміз. Соның бірі – шыны зауытының құрылысы. Қазірде құрылысы қарқынды жүріп жатқан шыны зауыты 2017 жылы іске қосылады деп күтудеміз. Басқаны сөз қылмай, тек шыны зауытын айтуымыздың өзіндік себептері жетерлік.

Біріншіден, бұл – еліміз Тәуелсіздік алған уақыттан бері Қызылорда қаласында алғаш бой көтеріп жатқан ең ірі зауыт. Екіншіден, бұл ауқымды жобаның тағдыры оңай болған жоқ. Шыны зауыты салынатыны туралы бірнеше жыл әңгіме болып, соңынан тоқтап қалған болатын. Тек облысқа Қырымбек Көшербаев басшы болып келгеннен кейін ғана бұл мәселе қайта көтеріліп, көпшіліктің көкейінде қайта үміт отын жақты. Содан кейін ол шындыққа айналып, құрылысы басталып кетті. «Қызылорда қаласындағы индустриялық аймақтан аталған зауытқа арнап 50 гектар жер бөлінді. Бюджет есебінен негізгі инженерлік инфрақұрылымдар тартылды.

Аймақ үшін ғана емес, еліміз үшін бірегей саналатын жобаны "Бәй­терек” холдингі мен "Қазақстанның инвестициялық қоры” және Амери­каның "StewartEngineers” компаниясымен бірлесіп жүзеге асыруда. Жобаның жалпы құны – 52,1 миллиард теңге. Қаржының 80 пайызын «Қазақстан даму банкі» АҚ бөлсе, қалған 20 пайызын «Steward Engineers» АҚШ компаниясы мен «Қазақстанның инвестициялық қоры» АҚ инвестор ретінде қаржыландыруда. Бұл күні кешегіге дейін Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясын­да Сыр елінде салынып жатқан нысандар арасында республикалық картаға енген жалғыз жоба болып келгенін айта кеткен ләзім.

Жыл сайын зауыт 197 мың тонна шыны шығаратын болады. Демек, тәу­лігіне 600 тоннадан келеді. Бұл тек қана ғимараттарға арналған жай шыны табақша емес, жылтыратылған, энергия сақтағыш, берік және оқшауланған шыны мен айналар шығарылады. Бұл зауыттың тағы бір ерекшелігі, мұнда энергия үнемдейтін де шыны шығарылатын болады. Қызылордада құрылысы жүріп жатқан нысан Орталық Азия және ТМД елдерінде баламасы жоқ ең үлкен шыны зауыты болмақ. Ол Орталық Азияда теңдесіз соңғы технологиямен жабдықталады. Мұнда осы салада 70 жылдан астам уақыт қызмет етіп келе жатқан белгілі әлемдік компаниялар қондырғылары орнатылады

Өндіріске қажетті шикізаттың 95 пайызы – кварц құмы, доломит, әк тасы облыста өндіріледі. Сырттан әкелінеді деген кальцийлендірген соданы келе­шекте «Аралтұз» АҚ-да өндіру жос­пары бар. Күріштің өңірдің өндірісіне тың серпіліс әкелетін ауқымды жоба болашақта шыны өнімімен ел нарығын 100 пайыз қамтиды, сонымен бірге бір бөлігін экспортқа шығарады.

Қазір зауытқа қажетті құрал-жаб­дықтың 85 пайызы жеткізілген. Шыны сақтайтын қойманың құрылысы аяқталуға жақын. Оның ұзындығы – 300 метр, ені 150 метрді құрайды. Газ құбырының екінші желісі мен электрэнергиясы желісі де аяқталу сәтінде. Бұлардың құрылысына 200-дей адам қамтылған.

Зауыт толық іске қосылғанда 350-400 жаңа жұмыс орны пайда болады. Шыны өндіріп, оны өткізе бастағаннан кейін бюджет тайқазанына да қаржы түсе бастайтыны белгілі. Сонымен, туған жерін «Ырысты, күрішті Қызылорда», «Сыр елі – жыр елі», «Мұнайлы, шырайлы өлке» деп мақтан ететін жерлестеріміз келешекте шыны өндірісін де жырға қосары анық.

Ал жалпы өңірде алдағы кезеңдері аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосатын басқа да ірі кәсіпорындар салынуда. Мысалы, ресейлік және қытайлық инвесторлармен бірлесіп цемент зауыттары құрылысы жалғасуда. «Аралтұз» АҚ-да испан цехы іске қосылса, «Шалқия» кенішінде жұмыстар жандана түсуде.

Сондай-ақ, Польшадан ферроқорытпа зауытына 300 млн доллар, Ұлыбританиядан ванадий кенішін игеруге 125 млн доллар көлемінде инвестиция тарту 2 газтурбиналық электрстанцияларын салу мен қаржы­ландыру туралы және т.б. келісімдер жасалды. Мұның бәрі аймақ экономикасын әртараптандыруға қомақты үлесін қосатын болады.

 

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.

ДӘУЛЕТ 31 желтоксан 2016 г. 733 0