ИНВЕСТИЦИЯ ЖӘНЕ ЖАҢА ЖОБАЛАР

Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Мемлекет басшысы басты міндет – шикізаттық емес секторды кеңейтуге негізделген жаңа өндірісті дамыту болып табылатынын атап өткені белгілі. 2010-2014 жылдарға арналған Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруда облыс көлемінде бірқатар нақты жұмыстар атқарылды. Бұл бағытта өңірлік  Индустрияландыру картасы аясында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылуда.
Мемлекеттік бағдарламаның өткен 4 жыл мерзімінде республика бойынша 500-ден астам серпінді жобалар жүзеге асырылып, 60 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылғанын «Индустрияландыру күнінде» Елбасының өзі атап өткені белгілі. Айта кетейік, бұл бағыттағы жұмыстар біздің өңірде де сәтімен жалғасуда.
Алдымен Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының облыс көлеміндегі негізгі индикаторларының үстіміздегі жылдың 11 айындағы орындалу барысына тоқталайық.
Өңірімізде есепті кезеңде өнеркәсіп өнімінің көлемі 1,2 трлн. теңгені құрады. Ал, өңдеу өнеркәсібінің көлемі 58,1 млрд. теңгеге жетіп,  нақты көлем индексі 2012 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 116,9 пайызды құрады.  Өңдеу өнеркәсібіндегі 1 адамға шаққандағы еңбек өнімділігі ағымдағы жылдың 9 айында 9,5 мың АҚШ долларына жетті. Яғни, еңбек өнімділігінің өсу қарқыны өткен жылмен салыстырғанда 180,5 пайызды құрады.
Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі де артып келеді. Биылғы жылдың 11 айында ол 298 млрд.  теңгенің үстіндегі қаржыны құрап, өткен жылмен салыстырғанда өсу қарқыны 2 есеге артты. Сонымен қатар, өңдеу өнеркәсібіне салынған инвестиция көлемі де өсті. Биыл ол 3,2 млрд. теңгені құрап отыр.
Инновация саласындағы белсенділік деңгейі  2012 жылы 12,8 пайыз болса, алдыңғы 2011 жылмен салыстырғанда 1,5 есеге өскен. Инновациялық белсенді кәсіпорындар саны былтырғы жылы 3 есеге артып, 68 бірлікті құрады. Бұған қоса, облыста инновациялық өнім көлемі 2012 жылы 3,7 млрд. теңгені құрағанын айта кеткен жөн. 
Енді Индустрияландыру картасы аясында жүзеге асырылып жатқан жобалардың ағымдағы жағдайына тоқталайық. Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында жүргізілген өзектендіру нәтижесімен облыстың Индустрияландыру картасына жалпы құны 140,3 млрд. теңгені құрайтын 23 жоба енгізілген.
2010-2012 жылдары Индустрияландыру картасы аясында өңірде жалпы құны 78,4 млрд. теңгені құрайтын 18 жоба жүзеге асырылды.  Соған сәйкес мыңға жуық адам жаңа жұмыс орындарымен қамтылады. Қалған 5 жоба алдымыздағы 2014-2018 жылдары іске асырылады деп күтілуде. 
Облысымызда Индустрияландыру картасынан тыс жалпы құны 3,1 млрд. теңгені құрайтын тағы 18 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Аталған жобалар іске асырылған жағдайда 631 адам тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз етілетін болады. Айта кетейік, осы желтоқсан айына дейін аталған жобалар бойынша 939 млн. теңгені құрайтын 11 кәсіпорын іске қосылды.  Ал жыл соңына дейін 2,1 млрд. теңгені құрайтын 7 жоба іске қосылады. Бұл жобалардың барлығы жоба жетекшілерінің өз қаражаты есебінен іске асуда.
Биылғы жылдың екінші жартыжылдығында өңірлік картаға енгізу үшін Индустрия және жаңа технологиялар министрлігіне жалпы құны 20,8 млрд. теңгені құрайтын 7 жоба жолданды. Сонымен қатар, алдағы жылдың І жартыжылдығында өткізілетін өзектендіруге аталған министрлікке құны 16 млрд. теңге болатын 1 жоба жіберілді. 
Осы орайда алдағы уақытта инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бағытындағы жұмыс аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін ғана емес, жалпы республика үшін маңызы бар ірі жобаларды жүзеге асыруға бағытталатынын айта кеткен орынды. Мұндай дайын жобалар да бар. Олар «Шыны зауыты құрылысы» жобасы, «Баласауысқандық кен орнында қара тасты автоклавты өңдеу» жобасы, «Жылдық қуаттылығы 4 млн. тоннаға дейін Шалқия қорғасын-мырыш кенішін кеңейту және кен байыту фабрикасының құрылысы», «Кеңлік кен орнында электр энергиясын өндіру үшін ілеспе мұнай газын өңдеу өндірісін ұйымдастыру», «Қуаттылығы 50 Мвт күн электрстанциясы құрылысы», «Мия тамырын өңдеу зауытын ашу және мия өсіру» және «Күн электрстанциясының құрылысы» секілді жобалар.   
Облыста жаңа өндіріс орындарын құруды қолдау бойынша да  ауқымды жұмыстар атқарылуда. Аймақтың инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін индустриялық аймақтар құру жұмыстары белсенді жүргізілуде. Нақты кезеңде қаламыздан 760 гектарды құрайтын осындай аймақ құрылып, оған инженерлік инфрақұрылым жүргізу жұмыстары жалғасуда. Бұл аймақта шыны зауыты, жаңа жылу-электр орталығы, ірі торапты электр батырмалы қондырғыларды жинақтау өндірісі және тағы басқа да өнеркәсіп кәсіпорындарын салу жоспарланып отыр.
Сонымен қатар, облыстағы барлық аудан орталықтарында индустриялық аймақтар құрылуда. Аймағымыздың инвестициялық және инновациялық белсенділігін арттыру мақсатында үстіміздегі жылдың наурыз айында «І Байқоңыр инвестициялық форумы» өткізілді. Алғашқы форумның нәтижесінде облыс экономикасына инвестиция тартуға бағытталған 5 меморандумға қол қойылды. Бұл аз жетістік емес еді.  Аймақ басшысының баянды бастамасы өткен қараша айында жалғасын тапты. «ІІ Байқоңыр инвестициялық форумы»  нәтижесімен бұл жолы 23 меморандумға қол қойылды.  Мәселен, «Контракт Десинг плант» консорциумы арқылы «Нанобетонға арналған стандартты құрғақ құрылыс қоспаларын, құрылыс құрылымдарын, бетон ерітінділерін әзірлеу зауыты» инвестициялық жобасын іске асыру жоспарлануда. 2014 жылы облыс орталығында іске асырылатын жобаның құны 20,8 млрд. теңге. Ең бастысы, алғашқы кезекте 300 адам тұрақты жұмыспен қамтылатын болады. Аталған жоба толық қуатында жұмысын бастаған кезде кәсіпорын мыңға тарта адамды жұмыспен қамтиды деп күтілуде. 
2011 жылдан бастап шетел капиталының қатысуымен «Фирма Балауса» ЖШС  Шиелі ауданындағы «Баласауысқандық» кен орнында қара тасты автоклавты өңдеу» жобасын жүзеге асырып жатқанынан қалың жұртшылық хабардар болар. Айта кетейік, бұл жоба үш кезеңде жүзеге асырылады және осы үш кезеңнің құны 34,9 млрд. теңге немесе 233,3 млн. АҚШ долларын құрайды. Оның алғашқы кезеңінде, яки 2011-2012 жылдары 0,9 млрд. теңге игерілсе, ІІ-кезеңде (2013-2015 жж.) 6,9 млрд. теңге инвестиция тарту жоспарлануда. Алдағы уақытта осы кәсіпорын жанынан қосымша 9 кәсіпорын құру межеленіп отыр. Бұл облысымызда металлургиялық кластерді дамыту тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылатын болады.
Бүгінгі таңда бұған қоса шетел капиталын тарта отырып, құны 310,5 млн. АҚШ долларын құрайтын жобаларды жүзеге асыру көзделуде. Атап айтқанда, күн электр станциясының, цемент және шыны зауытының құрылыстары мен «Қызылорда локомотив жөндеу депосы» ЖШС базасында «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ қажеттілігі үшін  қосалқы бөлшектер мен жылжымалы құрылымға қажетті бөлшектер шығару үшін чех кәсіпорындарымен бірлескен кәсіпорындар құрылады. Биылғы қазан айында қазақстандық делегация құрамында болған облыс әкімінің орынбасары Польшаға іссапармен барып, бірлескен кәсіпорын құру бойынша «4UP TRАDE» және «PОNАR» чех компаниясымен меморандумға қол қойды. 
Қорыта айтқанда, Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы  аясында жұмыстар бүкіл еліміздегідей өңірімізде де қарқынмен жалғасуда. 
Дәуіржан ЕЛУБАЕВ.

ДӘУЛЕТ 26 желтоксан 2013 г. 1 629 0