Еңбек озаттарына жеңіл автокөлік

Еңбек озаттарына жеңіл автокөлікБиыл облыс чемпионы атанған Шиелі ауданындағы іргелі шаруашылықтың бірі – Ақмая шаруа қожалығы. Агротехникалық шараларды өз дәрежесінде өткізіп, ұжым мүшелерін ортақ іске лайықты ұйымдастыра білген шаруашылық үстіміздегі жылы 1110 гектар күріштің әр гектарынан орташа 68 центнерден өнім алса, бидайдан 20 центнерден жоғары астықты қамбаға құйды. Сол секілді мақсары, жоңышқа өсіруде де жақсы нәтижеге қол жеткізіп, мал азығының берік қорын жасады. Осылай аудан ауыл шаруашылығына лайықты үлес қоса білген ұжым 1000 гектардан астам сүдігер жыртып, күздік бидайын сеуіп те үлгерді. 
Аптаның жексенбісі күні шаруашылықтың қорытынды жиыны өтіп, жетістік пен алдағы жоспарлар сөз етілді. 
– Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығын лайықты қарсы алу мақсатында жаңаша жұмыс ұйымдастырдық. Осы бағытта жаз бойы еңбек етіп, айтарлықтай нәтижеге ие болдық. Біз бұрын банк кепіліне өтіп кеткен жерді өзімізге қайтартқан аймақ басшысына берген уәдемізді орындадық. Ауыл адамдары бізге сенеді және де бірлесе жұмыс істеуге пейілді, – деген «Ақмая» шаруа қожалығының төрағасы, аудандық мәслихат депутаты Дәулет Жұмбек жұмысшылар мен механизаторларға алғысын білдірді. Агротехникалық шаралардың өз дәрежесінде өтуіне шаруашылық агрономы Сәрсенбай Көбегенов және өндіріс бригадирлері Гүлсім Дәрібаева, Сейілбай Сембеков сынды сала мамандарының еңбегі мол екендігі айтылды. Сонан соң озат механизаторлар мен звено жетекшілеріне 80 000 мен 500 000 теңге көлеміндегі сыйлықтардың сертификаттарын тапсырды. Ал звено жетекшісі Сәулебек Алтаев пен зейнеткерлікке шыққан ұжым төрағасының орынбасары Асқар Жұмаділге жеңіл автокөліктің кілтін тапсырды. Осы күні барлығы отыздан астам еңбек озатына 13 000 000 теңгенің сыйлығы табысталды. Жиынға Шиелі ауданы ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Мұқабай Мақаш қатысып, аудан әкімдігі тарапынан құттықтауын айтса, ауыл ардагерлері кеңесінің төрағасы Кенжетай Палымбетов ауылдастарына жақсы табыс, ынтымақ тіледі.  
Нұрмахан ЕЛТАЙ.
 Шиелі ауданы.
ДӘУЛЕТ 29 қараша 2016 г. 1 061 0