« Сәуір 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | |
7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 | 13 |
14 | 15 | 16 | 17 | 18 | 19 | 20 |
21 | 22 | 23 | 24 | 25 | 26 | 27 |
28 | 29 | 30 |
«Астана ЭКСПО-2017» Халықаралық көрмесін өткізу – Елбасы Н.Ә.Назарбаев бастама еткен, Қазақстанның негізгі халықаралық жобаларының бірі болып табылады. Көрме бүкіл әлемдік жұртшылықтың назарында 93 күн бойы болатын келер жылдың ең маңызды және ұзақ оқиғасы екендігі мәлім. Қазіргі таңда Көрмені ұйымдастыру және дайындық қарқынды, бірнеше бағыттарда жүргізілуде.
«ЭКСПО-2017» – тек қана халықаралық емес, сонымен бірге ұлттық жоба. Өйткені, көрмеге келетін қонақтардың 80 пайыздан астамы Қазақстанның ішкі туристері болады деп күтілуде. Ішкі туристердің көрмеге келуіне еш шектеу болмайды. Керісінше, барлық жағдай жасалып, еліміздің өңірлерінен келетін қонақтарды қабылдап алу үшін тиісті дайындық жұмыстары жүргізілуде. Ал енді осы бағытта Қызылорда облысында қандай жұмыстар жасалып жатқанын білу мақсатында облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Н.Өмірсерікұлын әңгімеге тартқан болатынбыз.
– Нұржан Өмірсерікұлы, облыстағы дайындық шаралары неден басталды?
– Ағымдағы жылдың маусым айында облыс әкімі Қ.Көшербаевтың бастамасымен «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесін ілгерілету және дайындық бойынша өңірлік іс-шара жоспары бекітілді.
Осы іс-шара жоспарына сай, облыс тұрғындарын барынша ақпараттандыру және ілгерілету мақсатында облыстық деңгейде 73 бейнетүсірілім көрсетіліп, 85 мақала жарық көрді. Облыс көлемінде ЭКСПО–2017 көрмесі бойынша 73 билборд, 3 лайтбокс және 1 кіші архитектуралық формасы орналастырылды. Көрменің ресми логотипі Қызылорда қаласындағы 112 қоғамдық көлікке орнатылған.
Сондай-ақ, ЭКСПО-017 логотипі «Қайсар» және «Байқоңыр» футбол клубтарының формаларына орналастырылды. «ЭКСПО-2017» көрмесі және оның мүмкіндіктері туралы видеороликтер «Казақстан-Қызылорда» жергілікті телеарнасы арқылы тұрақты күніне 3-4 рет көрсетілуде. Жергілікті радио толқындарында ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысу бойынша мемлекеттік және орыс тілдерінде аудиороликтер жаңғыртылуда.
Мамыр айында облыс әкімдігінің қолдауымен және «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы» АҚ-ның қатысуымен көрменің негізгі мақсаттары мен ерекшеліктері, сондай-ақ, ЭКСПО-2017 қатысушылары және ресми қолдаушыларына қойылатын талаптармен таныстыру мақсатында облыс әкімдігі ғимаратында «Роуд-шоу» жиналысы өтті. Нәтижесінде, «Астана ЭКСПО - 2017» Ұлттық компаниясы» АҚ мен жергілікті туркомпаниялар арасында өңірдің тұрғындары үшін көрме билеттерін сату жөніндегі бірқатар меморандумдарға қол қойылды. Оның қатарында жергілікті туркомпаниялар мен қонақ үй бизнесінің басшылары арасында облысқа келген көрме қонақтарына жеңілдіктер ұсыну туралы меморандум да бар. «Байқоңыр Инвест» VII инвестициялық форум аясында қала ішінде көрмені насихаттау және кеңінен таныстыру мақсатында ЭКСПО-2017 логотипі ілінген «Ван Холл» жолаушылар автобусы жүргізілді.
Сонымен бірге, облыстың ресми сайтында көрме логотипі орналастырылды және де бұл логотип сол мезетте сайттан көрме туралы ақпаратты алу сілтемесі болып табылады. Облыстың веб-сайтында көрменің басталуына кері санақ күні орналастырылды.
– ЭКСПО-да қызмет көрсетушілер дайындау жағы қалай?
– Бүгінгі күні көрме қонақтарын қарсы алу және қызмет көрсету үшін еріктілерді оқыту және қайта даярлаумен айналысатын тренерлерді анықтау мақсатында оқытушылар арасында іріктеу жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек, қазақ, орыс және ағылшын тілдерін меңгерген Қызылорда қаласының жоғары оқу орындары мен колледждерінің студенттері арасынан іріктелген 181 ерікті тізімі қалыптастырылды. Жақын арада «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясына облыстан қосымша 100 ерікті бағытталатын болады, оның ішінде, 30 ерікті – Байқоңыр қаласынан.
– Көрме қонақтары біздің облысқа да ат басын бұратыны белгілі...
– Көрменің өткізілу кезінде облысымызға көптеген шетел азаматтарының келуі күтілуде. Жасыратыны жоқ, сол келген туристердің 80 пайызы «Байқоңыр» ғарыш айлағын көруге қызығып келеді. Сол сылтаумен, қала мен аудандар бойынша көрнекті орындарды көрсету жоспарланып отыр. Атап айтатын болсақ, «Қорқыт ата» мемориалды кешені, «Қамыстыбас» көліндегі жағажай, «Жаңақорған» шипажайы, тарихи мұра – Жанкент және Сығанақ қалалары.
Бүгінгі күні облыстағы орналастыру орындарының сапасын, сондай-ақ, төсек-орын санын анықтау мақсатында басқарманың ұйымдастыруымен мониторинг жүргізілді. Жүргізілген мониторинг нәтижесінде облыстағы орналастыру орындарының базасы қалыптасып, Қызылорда облысы әкімдігінің ресми интернет ресурсында орналастырылды. Сонымен бірге, көрме қонақтары мен қатысушыларының Қызылорда облысына келуі жөніндегі желілік кестесі бекітілді. Желілік кестеде туристік бағыттар мен логистика түрлерін көрсете отырып, облыстың тартымды туристік нысандары анықталған.
Ағымдағы жылдың мамыр айында 20 нөмірлі «Рема» қонақ үйінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Қонақ үйдің 5 нөмірі «VIP» қонақтарға арналған. Аталған қонақ үй «Байқоңыр Инвест»VII Инвестициялық форумының қонақтарын қабылдады. Бұдан өзге, ағымдағы жылдың аяғына дейін тағы 2 қонақ үйдің ашылуы жоспарлануда.
Бұдан бөлек, туристерді тарту үшін «Байкоңыр» кешенінің туристік әлеуетін ескере келе, «ЭКСПО-2017» көрмесінің өткізілу кезеңінде «Алматы – Байқоңыр – Алматы» және «Астана – Байқоңыр – Астана» чартерлік әуе рейстерін ашу мәселесі пысықталуда.
– Ал біздің облыс тұрғындарының Астанадағы көрмені тамашалауды ұйымдастыру, билет құны, оны сату жүйесі туралы айта кетсеңіз...
– Астана қаласында «ЭКСПО-2017» көрмесін өткізу кезеңінде облыс тұрғындарына баруға арналған квотасы – 75 000 адам. Облыс тұрғындарының (оқушылар, еңбек ардагерлері, зейнеткерлер, мүгедектер және аз қамтылған отбасылар) Астана қаласындағы көрмеге қатысуын облыстық бюджет көзінен қаржыландыру мәселесі қарастырылуда.
Қазіргі таңда мүдделі орталық мемлекеттік органдармен «Қызылорда – Астана» бағыты бойынша қосымша поезд құрамдарын қосу мәселесі пысықталуда.
Ағымдағы жылдың 10 маусымынан бастап көрмені тамашалау үшін онлайн-билеттер сатылымы басталды. Облыс тұрғындарына онлайн-билеттер мен жеңілдіктер жөніндегі барлық ақпарат жергілікті БАҚ-та тұрақты түрде жариялануда. Осы орайда, бүгінге облыс тұрғындары 362 билетті онлайн-режимінде сатып алған болатын. Жұмыс күнге арналған күні белгіленбеген билетін – 6 000 теңгеден, демалыс күнге арналған күні белгіленген билетін – 8 000 теңгеден және де күні белгіленген билетін 4 000 мың теңгеден сатып алуға болады.
Алдағы желтоқсан айынан бастап Қызылорда қаласының арнайы орындары мен кассаларынан билеттерді сатып алуға болады. Қосымша ЭКСПО-2017 билеттерін сатып алу бойынша түсіндірме жұмыстары ірі кәсіпорындар қызметкерлері мен мемлекеттік қызметкерлер арасында жүргізілуде. Қазіргі таңда облыс тұрғындарының (оқушылар, еңбек ардагерлері, зейнеткерлер, мүгедектер және аз қамтылған отбасылар) Астана қаласындағы көрмеге қатысуын облыстық бюджет көзінен қаржыландыру мәселесі қарастырылуда. Басқарма бүгінде көрме билеттерін сатуды жүзеге асыру үшін халық көп шоғырланатын орындарға (ойын-сауық орталықтары мен сауда үйлері және т.б.) мониторинг жұмыстарын жүргізуде.
ЭКСПО-2017 билеттерін сатып алу шарттарын түсіндіру мақсатында облыстық блогерлермен кездесулер өткізілді, сондай-ақ барлық ақпарат «Фейсбук», «Инстаграмм» және «Вконтакте» секілді танымал әлеуметтік желілерде жарияланды.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.
« Сәуір 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | |
7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 | 13 |
14 | 15 | 16 | 17 | 18 | 19 | 20 |
21 | 22 | 23 | 24 | 25 | 26 | 27 |
28 | 29 | 30 |