« Сәуір 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | |
7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 | 13 |
14 | 15 | 16 | 17 | 18 | 19 | 20 |
21 | 22 | 23 | 24 | 25 | 26 | 27 |
28 | 29 | 30 |
Қаз еті – жеңіл әрі дәмді тағам, майы – емге дәру, мамығы – жастық. Оның еті нарыққа шығарылғанда да басқа үй құстарымен салыстырғанда қымбатқа сатылатын көрінеді. Алайда қаз өсіріп, табыс табуға ниеттенетіндердің қатары қалың болғанымен, бұл іс екінің бірінің қолынан келе бермейді. Бұған біз облыста бірінші болып қаз бен үйректі өндірістік бағытта өсіруді қолға алған «Жан-Арай Агро» ауылшаруашылық өндірістік кооперативінің жұмысымен танысқанда көз жеткіздік.
Инфрақұрылымды
дамытып, бәсекелестік ортаны қалыптастыруды, ауылшаруашылық өнімдерін тұтынушыға
тікелей ұсынуды мақсат еткен кооперативке биылдың өзінде Алматы облысынан 10 мың
дана жұмыртқа әкелінген. Бүгінде мұнда жеті мың жеті жүз қаз бен үйректің балапандары
өсірілуде. «Жанар-Ай Агро» ауылшаруашылық
өндірістік кооперативі бас директорының орынбасары Қуат Шәкизадаевтың айтуынша,
алдағы уақытта қала тұрғындарын экологиялық таза құс етімен қамтамасыз ету, үй жағдайында
құс өсіруге қызығушылық танытқан азаматтарға қаз бен үйрек балапандарын сатуды ұйымдастыру
арқылы жұмыспен қамту көзделуде. 2017 жылы балапан шығаратын жұмыртқаларды сырттан
сатып алмай, кооператив арқылы дайындау мақсатында құстардың аналығын бөлек бағу
қарастырылып, қысқа дайындық жасалуда. Алдағы уақытта қаз бен үйректің санын екі
есеге көбейту жоспарланған.
– «Жан-Арай Агро» ауылшаруашылық өндірістік кооперативіне 1 шаруа қожалығы және 8 жеке кәсіпкер мүше болып кірді. Шаруа қожалығы инкубатордан балапан шығарып, жеке кәсіпкерлерді түрлі қоспалармен байытылған құнарлы жеммен қамтамасыз етсе, 7 жеке кәсіпкер құс бағумен айналысады, 1 кәсіпкер сойылған құсты қаптамаға салып қала тұрғындарына ұсынады. Қазір орташа бір қаздың салмағы – 7-8 келі, ал үйректің салмағы – 4-5 келіні құрап отыр. Қараша айының ортасынан бастап 3 мың бас қаз бен үйректі етке сойып, 15 тонна сапалы құс етін қала тұрғындарына ұсынуды, 11 түрлі жартылай фабрикат шығаруды жоспарлап отырмыз. Бүгінде "Қазына” сауда орталығымен құс өнімдерін сатуға келіссөз жүргізілуде. Сонымен қатар, құс өсіруге және бағуға «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы» микроқаржы ұйымы» ЖШС-нан 90 млн теңге қаржы алынып, әр кооператив мүшесіне 10 млн теңгеден несие алуға мүмкіндік туды. Осы қаржыға қажетті жабдықтар алынып, ғимарат салынуда. Бұйыртса, қаңтар айында инкубаторлық цех, құс сою пункттері ашылмақ, – дейді Қ.Шәкизадаев.
«Жан-Арай» ЖШС-ның қожалығында қаз жұмыртқалары арнайы жабдықта күтіп-бапталып, оның температурасы мен ылғалдылығы үнемі бақылауда болады. Сонан соң бір ай бойы күтімде болған балапандар алғашқы 20 күн дәруменделіп, арнайы жайда ұсталады. Әрі қарай Сырдария ауданының Айдарлы ауылы маңыңдағы көлде өсіріледі.
– Ауыл
тұрғыны болған соң, құс өсірудің маған ауыртпалығы жоқ. Оның үстіне бұл шаруа өзіме
ұнайды. Қазды құстардың ішіндегі ең қасиеттісі деп білемін. Біз мұнда оларға үш
мезгіл жемін үзбей беріп отырамыз. Күнделікті 1 тоннадай жем жейді. Одан өзге тағы
да басқа қоспа шөптері бар. Арнайы қадағалауда
ұстаймыз. Өзімнен бөлек, 11 адам жұмыспен қамтылды. Еңбекақымыз тәуір, 50 мың теңге
көлемінде, – деген қожалық бригадирі Мақсұт Жиренов қаздарды көл жағасына жіберді.
Көлдегі құстардың ұзаққа дейін иесін мазаламай жүзіп жүргеніне куә болдық. Сәлден соң жемазықтың күтіп тұратынына дағдыланған олар бір-біріне ілесіп, тобын бұзбай, кейін қайтты. Әңгіме барысында құстардың «Линда» тұқымынан екенін, жаз бойы таңсәріден көлде жүзіп, күн ұзаққа көкорай шалғын шөпке жайылатынын, қысқа да төзімді екенін естіп-білдік. Осылайша, инженер-технолог мамандығының майталманы Қуат Шәкизадаевтың екі жыл бойы електен өткізіп барып іске қосқан жобасымен егжей-тегжейлі танысып, алдағы уақытта табиғи таза еттің көпшілік сұранысына ие болатынына сенім білдірдік.
« Сәуір 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | |
7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 | 13 |
14 | 15 | 16 | 17 | 18 | 19 | 20 |
21 | 22 | 23 | 24 | 25 | 26 | 27 |
28 | 29 | 30 |