
Биылғы жыл да қызылордалық диқандар үшін табысты болғалы тұр. Ала жаздай атыз жағалаған еңбекші қауым осы жылы басты өнім – күріш жинаудан болжанған көрсеткіштен асып түспек. Осылайша өңір күрішшілері биыл да рекордтық көрсеткішке қол жеткізеді. Ел тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы қарсаңындағы бұл табыс соңғы жылдары салаға жасалған қолдау мен диқандарды демеудің айқын көрінісі болса керек.
Жалпы, Сыр диқандары соңғы 3-4 жыл көлемінде егін жинау науқанын жоғары көрсеткішпен қорытындылап келеді. Былтыр өңір күрішшілері Сыр салысынан гектарына 50,5 центнерден өнім жинап, 423,6 мың тонна өнімді қамбаға құйды. Ал мамандар пікірінше, биылғы диқандар табысы өткен жылға қарағанда ең кем дегенде 10 пайызға жоғары болмақ. Бүгінде дала еңбеккерлері әр гектардан 53,8 центнерден өнім алуда.
Қазір облыс бойынша күріштің 80065 гектары орылып, 79310 гектары бастырылды. Өңір шаруашылықтары 426518 тонна күріш салысын жинады. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 4 центнерге артық. Бірер күнде күзгі егін-терін науқаны толықтай аяқталады.
Облыс бойынша күріш жинау науқанына 1707 дана трактор, 837 дана комбайн, 430 жатка, 402 дана тасымал көлігі және 880 дана трактор тіркемесі қатысуда.
Мемлекет қолдауы аясында күзгі егін жинау науқанына арзандатылған бағамен бөлінген 14 мың тонна дизель отыны операторлар арқылы шаруашылықтарға жеткізіліп, таратылды. Алдағы күннің қамын да ұмыт қалдырмаған шаруа қожалықтарында келесі жылдың егісі үшін 3570 гектар сүдігер айдалып, 400 гектар алқапқа күздік бидай егілді.
Айта кету керек, осы жылы ауыл шаруашылығын қолдауға барлығы 8,5 млрд теңге бөлініп, ауыл шаруашылығының негізгі капиталына тартылған инвестиция көлемі 10 есеге артты.
Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.