
Ақ күріштен тау тұрғызатын Сыр елінде биылғы егіннің жағдайы көңіл қуантарлықтай. Айталық, Жалағаш ауданы диқандары қазіргі күні мәре сызығына жақындап қалды.
Аудан биыл 33 081 гектар жерге егін екті. Оның 19 384-не күріш дәні себілді. Күріш өсірумен айналысатын ірілі-ұсақты 125 шаруашылық бүгінде әр гектарына орташа есеппен 55 центнерден өнім жинаған. Жекелей ірі шаруашылықтар арасында гектарына 67 центнерден өнім алып жатқандары бар екен. Солардың бірі – Мақпалкөл, Жаңаталап ауылдарының тұрғындарын жұмыспен қамтып отырған «Ер-Әлі» шаруа қожалығы. Біз ұжым басшысы Әліби Бекжановпен тілдескенбіз. Ол науқанды 2-3 күнде қорытындылайтынын айтты.
– Биыл 1400 гектар жерге күріш ектік. Негізгі үлес салмақ «Лидер» сортына тиесілі. Күріш жинау науқанына 100-дей жұмысшы, 20 техника жұмылдырылды. Егіс басында 12 комбайн жүрді. Күріштің гектарына орташа өнімі 67 центнерден келуде. Былтыр 60 центнер болған, - дейді ол.
Шаруашылықтың жалпы егіс көлемі 2500 гектарды құрайды. Күріштен өзге жоңышқа егеді. Малазықтық дақылдың дәні биыл 600 гектарға себілген. Оның шығымы да көңіл қуантады.
Шаруашылық басшысының айтуынша, егіс көлемі жылдағыдан кемімеген. Бірақ, өнім көлемінде өсу бар. Оған мемлекет тарапынан жасалған қамқорлық арқасында қол жетіп отыр.
– Биыл субсидия бойынша 75 млн теңгедей қаржы алдық. Шын мәнінде осы қамқорлықтың нәтижесінде жетістіктерге жетудеміз. Біздің мақсатымыз – егіс көлемін ұлғайтпай, жоғары өнімге қол жеткізу. Жыл сайын гектарына алатын өнімді 10 пайызға арттырып отырсақ дейміз, - дейді ол.
Иә, еңбек еткен емеді. Жерді емген диқандардың ала жазғы бейнетінің зейнеті көрінер күн жақын.
Н.САҚТАПБЕРГЕН.