“Төңкерістегілер” төрге озды

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мерекесі қарсаңында егін егуді ұтымды ұйымдастыра білген және де олардың күтімі мен биылғы егін орағын алдыңғы қатарда орындап шыққан ұжымның бірі – Шиелі ауданындағы  «Төңкеріс и К» шаруа қожалығы. Шаруашылықтың тізгінін ұстап, басшылық жасаған  соңғы екі жыл көлемінде Бауыржан Көпеевтің іскерлігі мен тиімді жұмыс ұйымдастыра алатындығы аңғарылды. Сонымен бірге, аталған шаруа¬шылыққа өткен жылы оған "тұқым шаруашылығы” статусы берілген-ді. Бұл енді айрықша еңбек пен үлкен жауапкершілікті қажет ететіндігі белгілі.  
Бүгінде шаруашылық «Байқоңыр» әлеуметтік кор¬порациясымен бірлесе жұмыс істеуде. Шаруа қожалығы биыл 765 гектарға күріш екті. Мұндағы атап айтарлық бір жаңалық – мамандар биыл Ресейден сапалы «Фаворит» және «Лидер» тұқымдарын әкеліп, 500 гектар жерге орналастырды.  Үстеп қоректендіру мен түрлі зиянкестерге қарсы шараларды тиімді жүргізудің әсерінен күріштің шығымдылығы көңіл қуантты. Ала жаздай атыз жағалаған диқан еңбегіне орай күріштің әр гектарынан орташа 55 центнерден өнім алынды. Жалпы алған өнімнің 2000 тонна күрішті әлеуметтік корпорацияға өткізсе, 750 тоннасын аудан көлеміндегі шаруа қожалықтарына тұқымдыққа таратылу үстінде. 
– Осы өнімді ысырапсыз жинап алуға ұжым жұмысшылары бел шешпей жұмыла кірісті. Техникалық базамыз жаңартылғандықтан науқанды жедел аяқтадық. Өткен жылдың соңында «ҚазАгроҚаржы» арқылы 1 комбайн алсақ, ағымдағы жылы шаруашылық гаражын тағы 2 комбайнмен толықтырдық. 2015 жылы Белоруссиядан сағатына 20 тонна күріш тазалайтын  агрегат алғандығымыз да қарымымызды ұлғайтты. Қазіргі таңда ұжымда 215 үлескер бар, оның 115-і қожалықта жұмыс істейді. Күріш егумен айналысатын шаруашылықтарды тұқыммен қамтамасыз ету жолын¬да тынымсыз еңбек атқарып жатырмыз, – дейді шаруашылық төрағасы. 
Іріленген шаруашылықтың ауыл өміріне серпін беруімен бірге, жастардың жұмыспен қамтылып, ауылда тұрақтап қалуына игі ықпалы бар. Жиын-терімнен кейінгі шаруа, әрине, қырман басында дән тазалау, тазасын қырманға құю секілді жұмыстармен жалғасады. Сондай-ақ, «күз айда, күз айдамасаң, жүз айда» демекші, шаруашылық механизаторлары қазіргі таңда сүдігер айдаумен шұғылдануда. Мұнымен бірге күздік бидай егу жұмысы да қатар жүргізіліп жатыр. Расында бұл күздік бидайдың дәнін топыраққа сіңірудің ең тиімді уақыты. Бұл өнімнің мол болуының басты тиянағы. Бірқатар жұмысшы жастардың шаруа қожалығының әкімшілік ғимаратын тұрғызумен айналып жатқандығынан да хабардар болдық. Яғни, алға қарай талпыныс, ертеңгі сенімнің молдығын байқатады бұл. 
Н.НАЗЫМХАНҰЛЫ. 
Шиелі ауданы. 
ДӘУЛЕТ 06 қазан 2016 г. 764 0