
Биыл Сырдария ауданындағы А.Тоқмағамбетов ауылының диқандары серпіліс үстінде. «Егінші – мәрт, жер – жомарт» дегендей, маңдайын күн сүйіп, белі бүгіліп еңбек еткен жандардың ала жаздайғы ақадал еңбектері ақталып, өз нәтижесін беріп жатыр. Тәжірибелі де іскер басшы Меңдіғали Есжанов басқаратын «А.Тоқмағамбетов ЛТД» ЖШС-да биылғы егін шығымы жақсы. Маңызды науқан жарыдан ауғанда шаруашылықтың Бақыт Жылқыбаев жетекшілік ететін №2 бригадасы қарауындағы 201 гектар алқаптан Сыр салысын жинап алды. Нәтиже көңіл қуантарлық. Әр гектардан орташа түсім 60 центнерді құрады. Бұл соңғы 11 жылдан кейінгі шаруашылықтың қол жеткізіп отырған жоғары өнімі.
– Асқарлықтар еңбекқор халық. Кезінде ауылдан «Ленин» орденді күрішші Пазылбек Есімов, бірнеше ордендердің иегерлері Бақтияр Жақыпов, Оразалы Оразбаев, Мамай Уайсов секілді даңғайыр диқандар шықты. Соңғы 3-4 жылда шаруашылықтың біраз шатқаяқтағаны шындық. Аймақ басшысы мен аудан әкімінің қолдауымен шаруашылық еңсе тіктеп келеді. Өткен жылдан бастап серіктестік тізгінін іскер азамат Меңдіғали Кеңесұлы қолға алды. Жұмыс жолға қойылып, диқандардың, күрішші-механизаторлардың еңбекке деген ынтасы артты, – дейді бригадир Бақыт Бердібекұлы.
Иә, айтса айтқандай, ауыл инвесторы өткен жылы жергілікті тұрғындардан 70 адамды жұмыспен қамтыса, биыл олардың саны 90-ға жетіп отыр. Ауылға инвестиция салу оңай емес. Тәуекелге барған Есжанов ер екен. Осы орайда серіктестіктің биыл атқарған жұмыстарын айта кеткен жөн болар. Егіске су әкелу үшін «Елтай» арнасының 15 шақырымын, «Айжанкеткен» арнасының 20 шақырымын «Мелиоратор» ЖШС-нан техника жалдап, қаздырды. Шаруашылықты дамытумен қатар ауылға да қамқорлық танытып отыр. Алдымен Алланың үйі – мешітті күрделі жөндеуден өткізіп, оюлы, сәнді қоршаулармен қоршады. Шаруашылық кеңсесіне де осындай жұмыстар жасалды. Клуб үйіне, ауылдық ауруханаға жөндеу жүргізілді.
«Сыр күріші – ел ырысы» дегендей, егінжайға қайта оралатын болсақ, асқарлықтардың биыл абырой биігінен көрінуіне диқандар Зейнолла Уайсов, Нұрлан Жүзтаев, Жұмағали Смайловтар елеулі үлес қосты. Зейнолла – атакәсіпті жалғастырып жүрген жан. Даңғайыр диқан Мамай Уәйсовтің ұлы. Ол биыл қарауындағы 36 гектардың әр гектарынан 65 центнерден өнім жинауды қамтамасыз етті. Ал, Жұмағали мен Нұрлан сыныптастар. Елудің елеулі белесіне көтерілген еңбекқор жандар бірі өзіне бекітілген – 66 гектар, екіншісі 58 гектар алқаптан орташа 60 центнерден өнім жинады. Сөйтіп, еңбек бәсекесінде мәреге қатар жетті. Шаруашылықта жыл сайын озат атанып жүрген Марал Бекжанов бүгінге дейін 150 гектар Сыр салысын дестеге салды. Ағайынды Алмат, Бағдат Жасағанбергеновтер де еңбек бәсекесін қыздырып келеді. Алмат «Енисей» комбайнымен 2500 центнер астық бастырса, Бағдат 5800 центнер астық тасымалдауды қамтамасыз етті. Шаруашылықтың биылғы межесі – 850 гектар күріш алқабының әрбір гектарынан 45 центнерден өнім жинау. Еңсесін енді тіктеп келе жатқан шаруашылық үшін бұл жақсы көрсеткіш.
– Сыр салысымен қатар 350 гектар жоңышқа, 100 гектар бидай дақылы егілді. Жоңышқаны үш орып алдық. Бидай өнімі де қамбаға құйылды. Келесі жылы егісті ұлғайтып, 1100 гектарға Сыр салысын, 700 гектарға жоңышқа егуді жоспарлап отырмыз. Сонда ауыспалы егіс заңдылығы сақталатын болады. Сонымен қатар күріш орып, бастыратын шетелдік «Магдон», «Class» комбайндарын алуды жоспарлап отырмыз, – дейді шаруашылық директоры Меңдіғали Есжанов.
Серіктестік басшысы ауылдың әлеуметтік жағдайын жақсартып, кәсіпкерлікті дамытуға бағыт ұстап отыр. Алдағы уақытта шаруашылық еңбеккерлеріне арналған дүкен ашылады. Шаштараз ашуға ғимарат дайын. Маманды оқытып алуға жұмыстар жүргізілуде. Шаруашылық күшімен монша салынбақшы. Сондай-ақ жастар саябағын ашу, бес гектар алқаптан алма бағын жасақтау келесі жылдың еншісінде. Биылдың өзінде 7-8 млн теңгеге ауылға қайырымдылық көмек жасалды, – дейді шаруашылықтың бас есепшісі Ғалия Жақсылыққызы.
Ауыл – алтын бесігіміз, түпқазығымыз. Оның өркендеуі елдің, халықтың мерейі. Асқарлықтардың осы биіктен көрінетініне сенім мол.