КҮРІШ КЛАСТЕРІНІҢ КЕЛЕШЕГІ ЗОР

Бүгінде Қазақстанның, соның ішінде біздің облыстың экономикалық тұрғыдан дамуы өркен жайып келеді. Атап айтқанда, қазір облыста көптеген өндіріс орындары ашылып, түрлі салаларды ілгері жылжыту қадамдары қолға алынуда. Дегенмен де әр өңірдің өзіндік ерекшелігі болатыны да рас. Осы орайда өңірімізде тау-кен металлургия мен туристік кластерлерді дамытуды қолға алып отырған «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының қызметі бөле айтуға тұрарлық. Соның бастысы, облыста негізгі дақыл саналатын күріш шаруашылығын дамыту. Жақында ғана облыста өткізілген «Байқоңыр» инвестициялық форумында бұл мәселеге кеңінен көңіл бөлінді. Дегенмен де, күріш кластерін дамытуда нендей жаңалықтар бар? Осындай сауал төңірегінде біз «Байқоңыр» ӘКК ҰК АҚ басқарма  төрағасының орынбасары Асхат Сүлейменовті әңгімеге тартқан едік.
– Қазіргі күні елімізде Ресей, Қытай, Италия секілді басқа елдердің күрішін кездестіруге болады. Сонда Қызылорданың өзі өндіріп отырған күріші болса да, бағалы өнім неге сырттан тасымалданады?
– Бүгінгі таңда әлемде халық саны жыл санап көбейген сайын, азық-түлік қауіпсіздігін сақтау мәселесі де өткір күйінде қалып отыр. Оның үстіне жыл өткен сайын күрішті тұтынушылар қатары да көбейе түсуде. Біріккен Ұлттар Ұйымының болжамы бойынша 2020 жылы күріштің 781 млн. тоннасы қажет. Ал оны өндіру бар болғаны 750 млн. тонна болады деп күтілуде. Осыған қарап-ақ, бұл азық-түлікке қажеттіліктің арта түсетінін байқауға болады. Әрі әлемдік нарықта күрішке деген сұраныстың артуына орай оның бағасы да көтеріле түседі деген де болжам бар. Бұдан шығатын қорытынды, әрбір ел осы өнімді өндіруде тұрғындардың сұранысын қанағаттандыру мақсатында жұмыс істеуі керек. Қазірдің өзінде көптеген елдер, соның ішінде Кедендік одақтағы Ресей де күрішті сыртқа шығаруға шектеу қоюда. Сондықтан да Қазақстанның күріш шаруашылығы қауіпсіздігін қамтамасыз ету маңызды стратегиялық міндет болып табылады. Оған бізде мол мүмкіншілік бар. Нақтырақ айтқанда, экологиялық таза жерде сапалы өнім өндіруге қолайлы жағдайдың бәрі бізде жетерлік. Соның ішінде облыстың басты дақылын көптеп өндіріп, сыртқа шығаруға да мүмкіндік көп.
Кедендік одаққа кіріп отырған біздің ел Дүниежүзілік сауда ұйымына кірер тұста күріш шаруашылығын салалық деңгейге көтеріп, бәсекелестік қабілетін арттыруы тиіс. Баршаға белгілі, Қазақстандағы негізгі күрішті өндіруші Қызылорда облысы болып есептеледі. Елдегі 90 пайыз күріш, яғни 77 мың гектар бізде өсіріледі. Келер жылдың тұқымдығын айтпағанның өзінде облыста жылына 130-140 мың тонна күріш өсіріледі.
2012 жылғы 1 қарашадағы мәлімет бойынша айтар болсақ, онда 227 мың гектар егістік жер бар. Оның 179,3 мың гектары жоспарлы инженерлік жер. Біздегі күріш айналымының 277 жүйе, соның ішінде нақты егілетін жер 159,3 мың гектарды құрайды. Біле білсек, бұл дегеніңіз біздің аймақ үшін керемет байлық.
– Бізді су тапшылығы алаңдататыны рас. Сондықтан да жоспарланған инденерлік жерлерде басқа дақыл егуге болмай ма?
– Күріш алқабы орналасқан жерлерде басқа ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіру мүмкін емес. Сондықтан да біздің облыста оның көлемін 70 мың гектар шамасында ұстауымыз керек. Болмаған жағдайда инженерлік жерлердің тұздануы артып кетеді. Осы орайда айта кеткен дұрыс, аймақтың күріш шаруашылығын дамытуда бірқатар проблемалар да бар. Соның ішінде құрылымды технологиялық тұрғыдан жаңғырту қажет. Нарықтық инфрақұрылымды дамыту да маңызды. Бұған қоса, өндірісті өркендетіп, қаржылық жағдайды қалыптастыру, ең бастысы, бұл салаға инвестиция тарта білу керек. Кәсіби мамандардың қажеттілігі айтпаса да түсінікті шығар.
Жалпы күріш шаруашылығын мемлекеттік қолдаусыз дамыту мүмкін емес. Бұл орайда қазір бізде «Агробизнес-2020» мемлекеттік бағдарламасы іске асырылуда. Осы бағдарлама аясында 2012 жылы бір гектар күрішке 18 мың теңге субсидия төленсе, бұл қаржы биыл 25 мыңға дейін көтерілді. Сондай-ақ, минералды тыңайтқыштар мен аяқ су және тұқым да субсидияланады. Сонда осының бәрін қоса есептегенде мемлекет бір гектар жерге 42,7 мың теңге қаржы бөледі. Бұл күріш шаруашылығындағы шығынның төрттен бір бөлігі дегенді білдіреді. Дейтұрғанмен, күріш егісімен айналысатын шаруалардың бәрі бірдей бұл мүмкіндікті пайдалана алмай отыр. Өйткені олардың көбісі жеке жұмыс істегенді жақсы көреді. Ал мемлекет пен жекенің әріптестігі жағдайындағы көлікті тек біріккен шаруашылықтар ғана ала алады.
Бүгінде күріш шаруашылығы саласын дамытудың басты жолы – ол күріш кластерін енгізу. Оған біздің облыста мүмкіндік бар. Атап айтқанда, сапалы тұқыммен қамтамасыз ететін Ы.Жақаев атындағы ғылыми-зерттеу институты мен суды беруді реттеп отыратын мемлекеттік кәсіпорын және «Қазагро» ҰБХ АҚ-ның еншілес қаржы институты, сондай-ақ, күрішшілерді жергілікті бюджеттен қаржыландыру да жүзеге асырылып келеді.
– Күріш кластерін құру жайы бұрыннан айтылып келеді, қазір бұл істің барысы қалай?
– Бұл бағытта бүгінде нақты жұмыстар қолға алынды. Кедендік одақ пен БСҰ шеңберінде бәсекелестік жағдайға бейімделіп жұмыс істей білуіміз керек. Соның ішінде күріш шаруашылығына түпкілікті сапалы өнім алу үшін жаңа технологияларды енгізу шарт. Биыл облыс әкімінің бастамасымен Күріш консорциумы құрылды. Сөйтіп, бұл саланы кешенді түрде дамыту қолға алынды. Үстіміздегі жылғы мамыр айында «Байқоңыр» ӘКК директорлар кеңесінің шешімімен күріш кластерін дамытуда «Байқоңыр» ӘКК жанынан «Байқоңыр» агрохолдинг базалық кәсіпорны құрылды. Бұл кәсіпорынның қолында қазіргі заманғы технологиямен жабдықталған күріш элеваторы бар. Өткен егін жинау маусымында шаруашылықтардан күрішті сатып алу жайы реттестірілді. Сөйтіп, күріш егетін шаруашылықтардың табысты жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасалды. Сондай-ақ, келесі жылдан бастап 40 мың тонна күріш сатып алу жоспарланып отыр. Бұл күріш қазіргі заманғы күріш ақтайтын зауыттарда өңделетін болады. Сол арқылы өңдеген күрішті ішкі және сыртқы нарыққа шығарамыз. Қазіргі күні осы мақсатта «Қазагро» мен «Агробизнес-2020» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде бар мүмкіндікті пайдалануға күш салынуда. Негізі агрохолдингтің жоспарында шаруашылықты қаржыландыру мен тыңайтқыш және  жанар-жағармаймен қамтамасыз етуді орталықтандыру, сондай-ақ, озық технологияларды ендіру мен бәсекелестікке қабілетті өнім өндіру және әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыру көзделуде. Әрине, бұл жағдайда мемлекет пен жекенің әріптестік қағидасы қатаң сақталатын болады. Жалпы біздің алға қойып отырған мақсатымыз экологиялық таза әрі бәсекеге қабілетті өнім өндірудің өркендеуіне негізделген. Сонда ғана Қызылорданың күрішін әлемдік деңгейге көтере аламыз.
– Сонда құрылып отырған күріш кластері бәсекелестікке қабілетті әрі Қызылорданың экологиялық тұрғыдан таза күріш брендіне айналады ғой...
– Бүгінде кешенді түрде қолға алынып отырған істер бізді сондай деңгейге жеткізеді деп нақты айта аламын. Әрі бұл тек қана менің пікірім ғана емес, «Байқоңыр» инвестициялық форумына қатысушылар да осындай ойларын білдірді. Демек, бұдан шығатын қорытынды облыстың негізгі саласы – күріш шаруашылығының дамуы, оның жемісті өркендеуі алдағы күндерде жақсы нәтиже береді деген сенімдеміз.
– Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан Айғали ҚАРАБАЛАЕВ.

ДӘУЛЕТ 21 желтоксан 2013 г. 1 940 0