Шағандықтар қызу еңбек үстінде

Өткен сенбіде облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Сырдария ауданына қарасты Шаған ауылындағы «Шаған жер» ЖШС-ның күріштік алқабында болып, егістік басындағы жұмыс барысымен танысты.

Күріш орақ түскелі шаруалар қызу еңбек үстінде. Өйткені, ала жазғы еңбектің шашау шықпай, қамбаға құйылғаны қажет. «Шаған жер» ЖШС қожалығы аудандағы тарихы тереңде жатқан ұжымдардың бірі. Шаруашылық басшысы Бердібек Қадыровтың айтуынша, серіктестік былтыр 4962 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастырған. Оның ішінде 3075 гектаржерге күріш егіліп, әр гектардан 60 центнерден өнім алынған. Егілген ауыл шаруашылығы дақылдарына Үкімет тарапынан барлығы 147 млн 569 мың 567 теңге субсидия төленген. Ал биыл 4326 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егіліпті. Оның 2067 гектарыСыр салысына тиесілі болса, жаздық бидай 300 гектар, жаңа жоңышқа 500 гектар, ескі жоңышқа дақылдары 1459 гектар жерге себілген.

– Егістік басында 6 бригада, техникалардан 9 комбайн, 12 жатка жұмыс жасауда. Жаздық бидайдан 7200 центнер астық  жиналып, орта өнім гектарына 24 центнерден келді. Ескі жоңышқа дақылының екі орымынан 17100 центнер сапалы мал азығы жиналды. Күріштен гектарына 55-60 центнерден өнім алудамыз. Жинау жұмыстары қыркүйек айының соңына дейін жалғасады, – дейді «Шаған жер» ЖШС директоры.

Серіктестік директоры биылғы егіс көлемінің қысқаруына бөлінетін су көлемінің азаюы әсер ететі­нін айтады. Десе де, Үкіметтің қамқорлығы жолдағы кедергінің жойылуына көп септігін тигізген. Айта­лық, осы жылғы жеңілдіктер арқасында минералдық тыңайтқышқа 27 522 096 теңге, гербицидке 12 708 605 теңге бөлінген.

Күріштік басында диқандармен дидарласқан аймақ басшысы олардың жұмысына сәттілік тілеп, күн тәртібіндегі жұмыстардың дер кезінде орындалуына баса назар аударуды тапсырды.

Н.тастемір.

Бағдат ЕСЖАНОВ

(сурет).

ДӘУЛЕТ 14 қыркүйек 2016 г. 734 0