МАҚТА ӨСІРГЕН БАҒБАН

"Ботабай” каналының қуысындағы сыңсыған тоғайдың ортасында жасыл желек жайқалып тұр. Бар-жоғы он сотықтай жерді жұмаққа айналдырып отырған бағбан Махмут Гудрятов тоқсанға бет бұрыпты. Қуақы, қуатты. Қаладан сексен шақырым қашықтықтағы осы жерде бау-бақша, бал арасын өсіріп кәсіп еткеніне көп жылдың жүзі болса керек. Әңгімесін тыңдай бергің келеді. Жемістің 45 түрін өсіріп отырғанын жыр ғып айтады. Аңыз ба дейін десең, шағын ауланы араласаң, шыққың келмейді. Ғасырға жуық жасаған жанкешті жанның еңбегіне таңырқай бересің. Алма, алмұрт, жүзім, қара өрік майысып тұр. Ерте піскен сары өрікті жинап болыпты. Помидор мен қиярды жинау басталған көрінеді. Әр қорапқа салып, базарға жөнелтпек. Қоңыр "Мерседестің” артқы жүксалғышына орналастырып жатыр.

Ауланың бір шетінен ақша қарға оранғандай жасыл желек көзге шалынды.

– Ә, бұл кәдімгі мақта өсімдігі. Жыл сайын қап толтырып мақта жинаймын. Он тонна күріштің құнын бір тонна мақта өтейді, – деді бағбан. – Биыл мақта бітік болды. "Ботабайдың жері құнарлы ғой. Не ексең де бой көтереді. Әттең, жерім аз. Әйтпесе, бірер гектар жерім болса тонналаған мақтаны базарға, дәріханаларға, ауруханаларға жөнелтер едім.

– Сырдың өңірі мақта өсіруге қолайлы. Суды аз талғайды. Ауа райы мақтаға қолайлы, ыстықты жаны қалайтын дақыл. Әрбір шаруашылық мақта өсіруді қолға алса ғой. Кімге шағынайын?! Біреулер алған жерін қоршап алған, бос жатыр. Егін екпейді. Тіпті малдың жайылар өрісін тарылтып-ақ тұр, – деп бағбан мұңын шақты.

Сәлден соң "Ботабай” каналына бір шомылып алды. Шаршағаны басылды. Қоңыр "Мерседесті” оталдырды. Жүксалғышына жемістің түр-түрін толтырып қалаға бет бұрды. "Ботабайдан” басталып үш шақырымдай жол кедір-бұдыр. Үш шақырымнан соң "Айдарлыдан” басталатын көгілдір асфальтқа түседі. Көлік сағатына жүзді адымдап, сағат жарымда құтты қонысына жетеді. Сонан соң немере, шөберелерінің үйіне жеміс таратады.

Зайыбы бұдан жиырма жыл бұрын дүние салған. Екі ұл мен екі қызын аяқтандырған.

– Қазір ұл-қыздарымнан 12 немере, 17 шөбере сүйіп отырмын. Ұлым Сүлеймен – подполковник, Абаз – шофер. Бәріне шүкір, аз жасаған жоқпын. Алла ажалға сабыр берсе, тоқсанды да еңсергелі тұрмын, – дейді өзі. – Сонау 1944 жылдың күзінде осы қалаға келіп бауыр бастым. Құда-жекжат болдық, дос-жаран таптым. Бұл жер маған ыстық. Мен үш ағайындымын. Ең үлкені мен.

Иә, асылы адам көркі – еңбек қой. Қолынан кетпені түспейтін қарт бағбанның қуатына қайран қаласың. Күн сайын қаладан сексен шақырым жердегі бау-бақшасынан оралуды дағды еткен. Көлік рулінде өзі. Кең даланы жасыл желекке бөлеген адам қартаймаса керек.

 

Қ.МЫРЗАХМЕТОВ.

ДӘУЛЕТ 27 тамыз 2016 г. 789 0