БӨДЕНЕ БАҚҚАН БЕКТАЕВ

БӨДЕНЕ БАҚҚАН БЕКТАЕВӘрекет бар жерде, берекет қашық емес. Қашаннан да солай. Дегенде, нарықтық қатынас барысында күнбе-күн ізденіп, еселі еңбек етпей табысқа жете алмасың анық. Байқай білгенге, расында, қазір де жұмыстың көзі көп, бейнет ете жүріп, дәулетін арттырудың жолы да сан тарау. Тек, шыдамдылықпен ерінбей жұмыс істей білгеннің, бірге бірді жаңылыспай қоса алғанның бәсі артық. Мемлекет те шағын және орта бизнес­пен айналысқандарға қамқорлық жасап, сананы дамытуға мүдделiлiк танытып отыр. Осындай қолдаудың арқасында өз жолын жаңылыспай тапқандардың бірі – жаңақорғандық Қуаныш Бектаев есімді азамат. Иә, кейіпкеріміз нені кәсіп етеді, ісінің барысы қалай?

– Экологиялық жағдайлардың әсерінің салдары болар, арамызда түрлі науқасқа шалдығушылар қатары азаймай отыр. Аталарымыз бұрын атын естімеген қант диабеті, асқазан, ішек ауруларының қауіпті кеселіне ұшыраушылар өкінішке қарай арамызда кезігіп жатады. Медициналық дәрілердің молдығы өз алдына, ал жоғарыда аталған кеселдерге кәдімгі бөдененің жұмыртқасы мың да бір ем, – дейді жаңа кәсіп иесі.

Пікірлесу барысында білгенміз, бұл құстың оймақтай ғана жұмыртқасы егде кісілердің қан қысымын қалыпты ұстауына пайдалы көрінеді. Жуырда демікпесі бар бір азамат та оны емдік мақсатта пайдаланып, сауығыпты. Оның бөдене өсіріп, жұмыртқасын өндірген Қуанышқа алғысы шексіз.

Әзірге Бектаевтың бағымында жүзге тарта бөдене бар, алдағы күндері құс санын үш есеге арттыруды көздеп отыр.

Қуаныштың бір қуанышы – уақыт өткен сайын тұтынушы саны артып келеді. Тіпті Жаңақорған түгілі алыс ауылдардан, көрші аудандардан да арнайы ат басын бұрып, бөденесінің жұмыртқасына қолқа салушылар қатары көбейе түскендей. Бөденені алғаш қолға үйретіп, құс шаруашылығының қатарына алғаш қосқан Жапон мемлекеті екен. Алыс арал тұрғындары оның жұмыртқасын тағам мәзіріне қосып, рахатын көріп жүргеніне де біраз ғасыр болыпты. Олар оның еті мен жұмыртқасын халық медицинасында қолданады. Белогы мол осы бөдене жұмыртқасы мектеп оқушысының таңертеңгі ас мәзіріне де кіргізілген. Бөдененің еті мен жұмыртқасын дайындау – барынша қарқынды дамыған саланың бірі. Онда жылына 19 миллиардқа жуық бөдене жұмыртқасы өндіріледі. Қай шаруасын да есепшотқа қағып, пайдасы мен зиянын тез айыратын елде бұл бағытта арнайы бағдарлама жасалынған. Арнайы ғылыми-зерттеу орталықтары жұмыс істейді. Осы орайда, жаңақорғандық кәсіпкер Қуаныш Бектаевтың бөдене шаруашылығын қолға алуы құптарлық іс. Талапты жігітке әрдайым сәттілік серік болсын делік.

 

Н. Назымханұлы.

Жаңақорған ауданы.

ДӘУЛЕТ 08 шілде 2016 г. 1 215 0