ЖАҢА ӨНДІРІСТЕГІ ӨРІСТІ ТІРЛІК

«Жан-Арай» құрама жем зауыты – «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында жүзеге асырылған жобалардың бірі. Былтыр іске қосылған өндіріс орны бүгінде қайнаған тірліктің ордасына айналды. Шаруашылықтардың сұранысын қанағаттандыруға бел шеше кіріскен зауыт күні-түні жұмыс істеуде.

 

Өндіріс орны ашылғалы 175 тонна жем өндірілген. Оның 100 тоннасы нарыққа жөнелтіліпті. Кәсіпорынға қажетті шикізат – күріш, бидай, күнбағыс жергілікті шаруашылықтардан алынуда. Ал көршілес Оңтүстік Қазақстан облысынан жүгері мен күнжара тасымалданып тұрады екен. Аймақ шаруаларының жылына 60 мың тонна мал азығын тұтынатынын ескерсек, зауыт сол сұранысты қанағаттандыруға жұмыс жасауда. Зауыттың бас технологы Қуат Шакизадаевтың айтуынша, кәсіпорын өндірген жемге шаруашылықтардан сұраныс жоғары. Өнімнің 60-70 пайызы аймақтағы шаруашылықтарға таратылса, 30-40 пайызы көрші ОҚО, Жамбыл, Ақтөбе облыс­тарына шығарылып жатыр. Қазақстандық 5 стандарт бойынша өндірілетін мал азығы жиынтығын алдағы уақытта еліміздің басқа өңірлеріне де экспорттау жоспарда бар.

Зауытта жемнен бөлек арнайы цех тәулігіне 120-130 тонна күріш ақтайды. Өндіріс орнында қара күрішті тазалау, ақтау, қапқа салу жұмыстарының барлығы заманауи технологиялармен жасалынады. Сыр салысының "Маржан”, "Янтарь”, "Лидер”, "Диамонд” атты сұрыптары 5 келіден бастап 10, 25 кейде тапсырысқа орай 50 келілік қапқа салынып, нарыққа жіберіледі. Сырдың бренд дақылы бүгінде алыс-жақын шетелдіктердің қазанында қайнап жатыр. Күріш ақтау цехының механигі Бақытжан Тумырзаев, «Аптасына 5-6 вагон ақталған күрішті, көрші мемлекеттерге жіберіп жатырмыз. Олардың қатарында Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей бар. Болашақта ТМД аумағындағы мемлекеттер мен шетелдерге шығаруды көздеп отырмыз. Енді экспорттың көлемін бір сәтке де түсірмейміз, – дейді.

Қаншалықты қаржылық-экономикалық қиын­шы­лық болса да, өндіріс нысанында тірліктің қызуы қарқынды. Ауысыммен еңбек ететін 30 жұмысшыға жалақы уақытылы беріліп тұр. Дағдарысқа дес бермейтін кәсіпорында жұмыстан қысқарту деген ұғым жоқ.

Зауыт аумағында күнделікті 150 тонна күріш өңдейтін құрал-жабдықтар, дайын өнім мен шикізат сақтайтын қоймалар, автотаразы, зертхана, қаптама цехы, ұн тартатын диірмен мен макарон өнімдерін шығаратын құрылғы бар. Аймақта кәсіпкерліктің дамуы артып, шағын және орта бизнес субъектілерінің көптеп ашылуы – мемлекеттік қолдаудың жемісі. Әлеуеті орасан «Жан-Арай» жем зауыты болашағы тұрақты кәсіпорынның бірі саналады.

 

Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.

ДӘУЛЕТ 16 қаңтар 2016 г. 708 0