ҚАРЖЫЛАЙ ҚОЛДАУ ҚАНАТТАНДЫРАДЫ

Ұшқан құстай зырлаған мына уақытың айына емес-ау, аптасына сан жаңалықты алдыңа тосады. Бірін енді түсініп, енді бірін болжамдап шапқылаған жұртшылық қатардан қалмаудың қамында. Шығыс пен Еуропадағы дүрбелең болса да көпшіліктің көз алдында. Ал өз Тәуелсіздігінің ширек ғасырына қадам басқан Қазақстан мемлекетінің мүддесі айқын: Мәңгілік Ел, әлемдегі дамыған 30 мемлекеттің қатарына кіру. Еліміздегі көптеген ауқымды жобалар осы жоспарды нақты орындау барысына жұмылдырылған. Жақын жылдардағы түрлі сын-қатерлердің қаупін серпіп тастауды ескере отырып, жарқын болашақта жақындату жос­парында жасалынған Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы жол – Жаңа Экономикалық Саясат» атты Жолдауы біздің экономикамыздың таяу арадағы өсімінің негізгі бағдаршамы, тіпті кепілдігі десек, дөп түсетін секілді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет дамудың жаңа ауқымды бағдарламасын жасауда. Ол контрциклды сипатқа ие маңызды құжат біздің экономикамыздағы құрылымдық реформаларды жалғастыруға бағытталған. Өзімізге жақындата айтар болсақ, инвестициялық белсенділікті қолдау, халықтың табыс деңгейі төмендеуінің алдын алуға және жаңа жұмыс орындарын ашуды ынталандыруға жұмылдырылады. Нәтижесінде қысқа мерзімді және орта мерзімді перспективада экономиканың тұрақты өсуі қамтамасыз етілуі тиіс.

Жоғарыда айтылған мән-жайлардың іргетасы Үкімет жасап, қолға алған «Бизнестің жол картасы- 2020» бағдарламасы аясында іске асырылатындығы белгілі. Осы орайда Шиелі ауданында бірқатар ел сүйсінер шаруалар мен тірліктер өрбуде. Тірек болар қаржы көздері іздестіріліп, тиісті құжаттары жасалынған. Яғни, нарық талабына сай ізденісті жұмыстар атқарылып жатыр деген сөз. Осы мақсатта бірнеше жобаларды сөз еткеніміз жөн секілді. Мәселен, жеке кәсіпкер Тұрдықал Баймағамбетова 300 орындық мейрамхана құрылысы жобасы бойынша «Халық Банк» АҚ Қызылорда филиалынан 29 млн теңге несие алып, құрылыс салуды аяқтауға айналды. Ол аймақтық үйлестіру кеңесінде бекітіліп, 14 пайыздық ставканың 10 пайызын мемлекет тарапынан субсидиялану жолы нақтыланды. Сол сияқты жеке кәсіпкер Аманкүл Әбсұлтанова балық өңдеу цехы жобасы бойынша «Халық Банк» АҚ Қызылорда филиалынан 16 млн теңге несие алды. Ол да, жоғарыда айтып өткеніміздей, аймақтық үйлестіру кеңесінің 14 пайыздық ставканың 10 пайы­зын мемлекет тарапынан субсидияландыруға қол жеткізді.

Осы тізімді онан әрі жалғастыратын болсақ, жеке кәсіпкер Сәния Үсенбаева газоблок пен пеноблок (брусчатка) өндіру жобасын жүзеге асыру бағытында еңбектеніп келеді. Ол да «Халық Банк» АҚ Қызылорда филиалынан 25 млн теңге несиеге қол жеткізді. Жеке кәсіпкер ЖК «Шаменова Жаңыл Сейтовна» кәсіпкерлігін дамытуда Үкіметтің тиімді жобасының шарапатын көреді. Ол Шиелі кенті аумағында орналасқан қызмет көрсету кешенін сатып алуға және жөндеуден өткізуге жұмыс жасауда. «Халық Банк» АҚ Қызылорда филиалынан алынған 30 млн теңге несие осы мақсатқа жұмсалуы тиіс.

Жеке кәсіпкер «Арипжан Ботаев» кәсіпкерлігін дамытудың өз жолын салды.Аталған кәсіп иесі аудан орталығындағы қызмет көрсету кешенін кеңейтіп, оған қоса қосымша құрылыс жүргізу үшін «Халық Банк» АҚ Қызылорда филиалынан 13 млн теңге несие алуға қол жеткізді. Оның да 10 пайызы мемлекет тарапынан субсидияланды.

Сонымен қатар, «Өңірлік инвестициялық орталығы» ЖШС-нан жеке кәсіпкер Қалдаров Жорабектің газоблок, ағаш бұйымдарын өңдеу жобасы аймақтық инвестициялық орталығынан мақұлданып, 5 млн 800 мың теңге несие алынды және жеке кәсіпкер Жамалова Шафияның жылыжай құрылыс жобасына 3 млн теңге несие берілді. «Салем» шағын орталығы» ЖШС-ның «Балабақша ашу» жобасы аймақтық инвестициялық орталығынан қолдау тауып, 10 млн теңге несие алынды.

«Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 4 жобаға Шиелі ауданының кәсіпкерлері қол жеткізді. Атап айтсақ, жеке кәсіпкер Батыршаев Дүйсен шағын шеге өндіру цехына 2 млн теңгенің грантын ұтты. Шағын цехтың жылдық қуаттылығы 180 тонна шеге өнімдерін шығарады. Керделі ауылдық округінде орналасқан цехта 4 адам еңбек етеді. Ал кәсіпкер Бәйімбет Болат құс өсіруге мән беріп отыр. Қазіргі таңда Алматы облысы, Талдықорған қаласынан 100 дана балапан, 60 дана тауық (цесарка) құс әкелінді. Оған қажетті тоңазытқыш, инкубатор аппараты алынды. Бұл – тауық жүнін тазалағыш станоктары арқылы жеңіл өнеркәсіпке қажетті өнім шығарыла бастайды деген сөз. Осылай Иіркөл ауылдық округінен жылдық қуат­тылығы 1 мың құс өсіру бағытында жұмыс жүргізілуде. Онда жаңадан 5 жұмыс орны ашылды. Осы­­лардың қатарына Г. Арысбаеваның туризмді да­мы­ту мақсатында көл жағалауындадемалысты ұйым­­дастыру жобасын,Тамара Ақмағамбетованың ма­­мық жастықты қайта өңдеп, қалпына келтіру жобасы бойынша жұмыс істейтін цехын айтуға болады.

Міне, аймақ тұрғындары да нарықтық қатынастың талаптарын үйреніп, сол мақсатта жұмыс жүргізуді жолға қойып келеді. Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес мұнда игілікті істер қолға алынуда. Бұл жаңа экономикалық саясаттың еңбек ырғағын мәнді үйлестіруінің көрінісі болмақ.

Нұрмахан ЕЛТАЙ.

Шиелі ауданы.

ДӘУЛЕТ 24 қараша 2015 г. 731 0