КОМПАНИЯ ҚЫЗМЕТІ ҚОЛДАУ ТАБАДЫ

Кеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте өңірімізге жұмыс сапарымен келген «СК-Фармация» ЖШС басқарма төрағасы Нұржан Әлібаев серіктестіктің қызметі, атқарылған, алда жоспарланған жұмыстары жөнінде баяндады. Мәжіліске облыс әкімінің орынбасарлары мен денсаулық сақтау саласының қызметкерлері қатысты.

Мәжілісті ашқан облыс әкімі Қырымбек Көшербаев бұған дейін облыс әкімінің орынбасары қызметін атқарған Нұржан Нұрмағанбетұлына жаңа қызметте сәттілік тілей отырып, «СК-Фармация» серіктестігінің медицина саласын дамытуда маңызды роль атқаратынын, осы орайда серіктестікпен бірлесе жұмыс жасауға мемлекеттік мекемелермен қатар жекеменшік емдеу ұйымдарының мүдделі екеніне тоқталды. Сонымен бірге Қызылорда облысында «СК-Фармацияның» стратегиялық базасы ретінде қолдау білдіруге ниетті, жаңа бастамаларды әрдайым қолдауға дайын екенін жеткізді.

Денсаулық сақтау жүйесін дәрі-дәрмекпен және техникалық құралдармен қамтамасыз ету басқарманың басты қызметі болып табылатыны белгілі. Нұржан Әлібаев өз хабарламасында серіктестіктің тұрғындарды аса қажетті және қолжетімді дәрі-дәрмекпен қамтудағы жүйелі жұмыстарына, дәрі-дәрмекпен қамтуда тасымалдаушы логистикалық компаниялар қызметі мен «СК-Фармация» компаниясының келешегіне тоқталды.

Қызылорда облысы бойынша «СК-Фармациямен» 46 мекемежұмыс жасайды. Бүгінде 3 млрд теңгеден астамның келісімшарты жасалған. Қазіргі уақытта қажетті дәрі-дәрмектің 96 пайызы облысқа жеткізілген.

Мәжілісті қорытындылаған облыс әкімі өңірде «СК-Фармация» компаниясының жұмысын жандандыруға байланысты тиісті сала басшыларына бірқатар тапсырмалар жүктеп, серіктестік қызметіне қашанда қолдау танытатынын айтты.

Айнұр БАТТАЛОВА.

ДӘУЛЕТ 23 қараша 2015 г. 678 0