ӨНДІРІС ОРНЫ ӨРКЕН ЖАЙЫП КЕЛЕДІ

Жүздеген шақырымдарға созылған қарт Қаратау Шиелі ауданының тұсына келгенде мойнын соза шөккен түйе секілді созыла түскен. Соның бір шоқысы маңына жаңадан өндіріс орны шоғырлана бастады. Иә, Қаратаудың қойнауы бағалы кен байлығына бұрыннан да тұнып тұр, ал оны кәдеге жарату, қажетті өнім шығару жаңа ғасыр азаматтарының парызы болмақ.Бұл орайда нарықтық экономика талабына сай белсенділік пен іскерлік танытқан жөн екендігі белгілі.

Биыл екінші жыл тау бөктеріндегі жаңа өндіріс орнының бірі«Шиелі-тас-Оңтүстік» ЖШС әк шығару шаруасын қолға ала бастады. Зауыттың қондырғылары алыс-жақын шетелдерден алдырылды. Жобалық құны 777 млн теңге болатын өндіріс орнында жергілікті шикізаттар пайдаланылады. Тиімділігі көп. Біріншіден, өнім арзан шығынмен өндірілетін болса, екіншіден,оларды шетке шығару арқылы да нарықтық қатынас талаптарына сай еңбек ұйымдастыру жолға қойылады. Бұл Мемлекет басшысыныңиндустриялық-инновациялық жобаларды жергілікті жерде жүзеге асыру тапсырмасының нақты көрінісі болмақ. Үшіншіден, табыс көзімен қатар тұрғындардың жаңа жұмыс орнымен қамтамасыз етілуіне жол ашылады деген сөз. Мәселен, өндіріс орнында қазір елуден астамадам еңбек ете бастады. Біртіндеп жұмысшы-қызметкерлердің саны өсуі мүмкін. Тамыз айынан бері үздіксіз әк шығара бастаған зауыт үш ай көлемінде 10 мың тоннадан өнім шығарып, саудаға түсірді. Мұндағы әктің бағасы да базар нарығынан анағұрлым арзан, келісі – 15 теңгеден, яғни, қалыптағыдан 4-5 есе төмен деген сөз.Сенімді серіктестер ретінде Қызылордадағы бірқатар құрылыс мекемелерін және де Алматы қаласындағы «Ардақ» ЖШС-н айтуға болады. Өндірілген әкавтокөліктермен және де теміржол арқылы тиісті орындарға жөнелтіліп келеді. Бір кілтипан теміржолдан вагон алуда түрлі кедергілерге кезігіп отырғандығын кәсіпорын мамандары айтып қалды. Бұл қиыншылық та уақытша шығар, дегенде жергілікті өнім шығарушылардың жұмысын қолдау арқылы өрістете түсеріміз белгілі ғой.

«Шиелі-тас-Оңтүстік» ЖШС-ның директоры Ермек Хасанаев:

– Мұндағы шикізат қорын зертханада арнайы тексертіп көрдік, сапалы бұйым шығарына талас жоқ. Әктен өзге бұл жерде силикат кірпіштер де шығаруды қолға аламыз. Олар әрі арзан, тұтынуға қолайлы болады. Кірпіш шығаратын зауыттың жобалық құны 602 млн теңге. Онда бір жылда 15 млн данакірпіш шығарылады, – дейді. Толық қуатына енген кезде зауытта 60-қа тарта адам еңбек ететін болады. Яғни, аталған жобаның құндылығы да жоғары, аймақ өндірісіне қосатын үлесі де мол деген сөз. Қазір зауыттың тау бөктеріндегі әкімшілік ғимараты мен жатақханалардың құрылысы аяқталып, пайдалану үстінде. Алғашқы кезекте «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен 54 млн теңге қаржы бөлініп, оған электр желісі жүргізілді. Басқа да қосымша жұмыстар өз кезегімен игерілуде. Шығарылған өнім сұраныс берушілердің тілегін қанағаттандыра бастады.Оның таралу аймағының күннен күнге арта түсуі аталған әк зауытының сапалы жұмыс атқара бастағандығының белгісі болса керек.

Иә, тау-кен өндірісі әлі де көп тер төгуді талап етеді. Өркендей бастаған еліміз ел сүйсінер жарқын істерімен ел молшылығын еселей берері анық.

 

Нұрмахан ЕЛТАЙ.

ДӘУЛЕТ 03 қараша 2015 г. 941 0