НАРЫҚ – БАҒА БЕЗБЕНІ

Белең алған экономикалық дағдарысқа байланысты әртүрлі болжам-жорамалдар айтылып жатыр. Экономиканың басты тұтқасына айналған мұнай мен металл бағасының төменгі деңгейі бес жыл бойына сақталуы мүмкін дегенге көбірек ден қояды кейбір сарапшылар. Мұның алпауыт мемлекеттердің өзіне де оңайға соқпасы айдан анық. Қазақстанның негізгі серіктестері – Қытай мен Ресей. Ол елдердегі дағдарыс, сөз жоқ, біздің еліміздің экономикасына кері әсерін тигізбей қоймайды.

Ел Президенті Н.Ә.Назарбаев экономикалық саясаттың жүйелі шаралары жөнінде шұғыл түрде кеңес өткізіп, әлемдік нарықтардағы ахуалдың нашарлауы жағдайында Қазақстан экономикасының өсімін қамтамасыз ету бағыттары жайлы нақты міндеттерді алға қойды.

Ресей экономикасы екі есеге дейін төмендеп, Қытай экспортының көлемі 8,3 пайызға қысқарған. Ресейдің рубль девальвациясы отандық азық-түлік өндіруші үшін елеулі қиындықтар туғыза бастаған. Мұнай – біздің басты экспорттық әлеуетіміз. Осы бағыттағы Қазақстан экспорты өткен жарты­жылдықта азайғанын тілге тиек етті Елбасы. Мұның өзі бюджет қорына елеулі салмақ түсіріп отырғандығы белгілі.

Нарықтық экономика жағдайында валюта бағамын Банк емес, нарықтың өзі реттеп отырады. Бұл – дамыған елдердің тәжірибесі негізінде қалыптасқан басты қағидат. Әлемдік валюталар тұтқасын АҚШ доллары ұстап отыр. Міне, сондықтан да 2014 жылдан бастап нығая түскен доллардың қыр-сырын зерттеуге әлемнің экономист сарапшылары ерекше назар аудара түсуде.

Қазақта "Үйдегі бағаны базардағы нарық бұзады” деген даналық сөз бар. Осы ұстаным қазіргі нарықтың түпкі бітім-болмысын қолға ұстатқандай етіп анық көрсетіп тұрған жоқ па?! Теңгенің еркін айырбас бағамы нарықтық есеп-қисаптың сенімді кілті боларына еш күмән жоқ. Еркін айырбас бағамында теңге құны жоғары-төмен ауысып, ішкі нарықтың реттеулеріне жағымды әсер етеді деп сенімді жорамал жасайды сарапшылар.

Соңғы он-он бес жылдың көлемінде молшылықта өмір сүріп отырғанымыздың басты арқауы мұнай, металл бағасының тұрақты өсімінің нәтижесі еді. Ондай оң­тай­лы сәт артта қалды. Енді жаңа экономикалық жағдайға қа­рай бейімделудің күні туады. Елбасы Қазақстанға Канада мен Австралияның даму үдерістерін үлгі етіп алған тиімді болмақ деп кесіп айтты. Осы елдердің өндіріп жатқан тауарлары Қазақстанның өнімдеріне ұқсас әрі жер жағдайларындағы кәсіптері де (мал өсіру, егін егу дегендей) біздің елдің тыныс-тіршілігіне тым жақын. Демек, бұл елдермен өзара тәжірбие алмасарлықтай ахуал жеткілікті.

Бізде ауыл шаруашылығы саласындағы өнімдерді ұқсату жағы кемшін. Шайлық сүт те, ірімшік, қаймақ та сырттан тасымалданады. Әртүрлі салаларда өз шаруашылығын жүргізіп келе жатқан кәсіпкерлер аз емес. Жақында "Егемен Қазақстан” газетінің осы жылғы 17 тамызда шыққан нөмірін оқып отырып, "Рафаэлло емес. Құртафелло” деген шағын мақалаға көзім түсті. Онда шымкенттік кәсіпкер әйелдің Астанадағы автор­лық құқық жөніндегі орталыққа барып, "Құртафелло” деген сауда белгісін тіркеткендігі жазылған. "Құртафелло” – кәдімгі қолдан жасалған құрт. Әлгі кәсіпкер ел аралап жүріп, құрт дайындаушылармен келісім-шартқа отырады да, олардың дайын өнімдерін сатып алады екен. Бұл күндері әсем қорапшалардағы "Made in ауыл” деген жазуы бар құртты шым­кенттіктер іздеп жүріп сатып ала бастаған. "Кәсіп қылсаң, нәсіп мол” деген осы!

Сыр бойы – малға да, жанға да жайлы, құтты, қазыналы қоныс. Қазір жеке қожалықтардағы мал саны қауырт өсіп келеді. Жекелеген мал ұстаушылардың қоражайларындағы төрт түлік те толыға түсуде. Бұл – молшылықтың белгісі. Ма­гистральдық автожолға шыға қалсаңыз, үйір-үйір болып жүрген жылқыларды ұшыратасыз. Биелер құлындарымен бірге жайылып жүр. Олар сауылмайды. Ал жұрт қымызға зәру. Мұның өзі біздің нарықтық бәсекеге әлі де болса етене бой үйрете алмай отырғанымызды анық айғақтай түспей ме?! Бұл бәсекеде қолда барды түгендеп, есеп-қисапты тиімді үйлестіре білгендердің аты ғана оза шығып, бәйге төрінен көрінері даусыз.

Рашид ЖАРЫЛҚАСЫНОВ,

ардагер журналист.

ДӘУЛЕТ 09 қыркүйек 2015 г. 866 0