ИНДУСТРИAЛДЫ АЙМАҚТАР өнеркәсіпті жаңғыртудағы жетекші тәсіл

Елімізді индустриялық-инновациялық дамытуға байланыс­ты мемлекеттік бағдарламаның бірінші бесжылдығы аяқталып, екінші кезеңін жүзеге асыру жұмыстары қызу басталып кетті. Индустрияландыру бағдарламасын жүзеге асыруда өңірлерде құрылып жатқан индустриялық аймақтар маңызды рөл атқара бастады.

Индустриялық аймақтар дегеніміз – коммуникациялармен қамтамасыз етілген, мемлекет жеке кәсіпкерлік субъектілеріне өнеркәсіп объектілерін орналастыру және пайдалану үшін Қазақстан Республикасының Жер кодексінде және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленген тәртіппен берілетін ауыл шаруашылығы мақсатындағы емес жер. Сонымен қатар, индустриялық аймақтар импортты ауыстырушы және бәсекеге қабілетті өндірістерді құруды ынталандыру үшін жағдайлар мен бүгінгі заманға сай инфрақұрылымды қалыптастыру, шетел және отандық инвестицияларды тарту мақсатындақұрылады.

Индустриялық аймақтар тарихына тоқта­латын болсақ, олар 100 жылдан астам бұрын Ұлыбритания мен АҚШ-та пайда бола бастады. Батыс Еуропада индустриялық аймақтар 2-дүниежүзілік соғыстан кейін кеңінен қолданылды. Қазіргі уақытта әлемде 20 мыңнан астам индустриялық аймақтар бар. Бұл ретте Еуропада индустриялық аймақтар индустрияны құрылымдық қайта құрудың құралы ретінде қолданылып отырған кезде, Азия елдерінде аймақтарды құрудың негізгі мақсаты көбінесе елдің жедел экономикалық дамуы болып табылатындығы фактісін атап өтуге болады.

Индустриялық аймақты салудағы басты мақсат жаңа кәсіпорындар ашу, сол арқылы тұрақты жаңа жұмыс орындарын қамтамасыз ету, орта және шағын бизнестің дамуына ықпал жасау болмақ. Аталған мемлекеттік бағдарлама бойынша негізгі назар инвестиция тартуға қолайлы жағдайлар туғызуға және арнайы экономикалық индустриялық аймақтар құру жолымен шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталып отыр. Индустриялық аймақтарды дамытудың негізгі ынталандырушы факторы өндірісті құру мен дамыту кезінде кәсіпкерлердің шығындарын азайту болып табылады. Себебі, жер учаскелерінің құны жоғары, қымбат тұратын инфрақұрылымдарды жүргізу шағын және орта бизнес компанияларына өздігінен инженерлік коммуникацияларды өз бетімен барлық шығындарды игеруіне және нарықтық баға бойынша жерді сатып алуына мүмкіндік бермейді. Мұндай кешендерді ұйымдастыру арқылы шығындардың бір бөлігін мемлекет өзіне ала отырып, бизнес бірлігіне есеппен жеке кәсіпкерлік шығындарын төмендетеді, бұл да жаңа өндірістердің іске қосылу уақытын қысқартады.

Елбасы өңірлерде индустриялық аймақтардың құрылып, жұмыс істеуін басты назарда ұстап келеді. Осы ретте ол:

– Біріншіден, жұмыс істеп тұрған арнайы экономикалық аймақтарда инфрақұрылымдар қалыптастыру жұмыстарын аяқтау керек. Үкіметке және әкімдерге оларды нақты жобалармен толықтыру бойынша жедел шаралар алу қажет. Екіншіден, өңірлерде ШОБ өндірісін дамыту мен қосымша инвестициялар тартуға бағытталған жаңа индустриялық аймақтар салу мәселесін ойластырған жөн, – деген болатын.

Қазіргі таңда, облысымызда индустриялық аймақтар құруға ерекше көңіл бөліне бастады. Мұндай аймақтарды құрудағы мақсат өңіріміздің инвестициялық тартымдылығын арттыру, жаңа өндіріс орындарын ашу мен экономиканың шикізаттық емес секторын дамыту болып табылады. Осы орайда атап айтар болсақ, облыстың жеті ауданы мен Қызылорда қаласында индустриялық аймақ құру үшін барлығы 897,7 гектар жер телімі де бөлініп берілді. Соның ішінде осы индустриялық аймақ құру үшін Қызылорда қаласына 760 гектар жер телімі бөлінгенін баса айтуға болады. Оларға инженерлік инфрақұрылым жүргізу жұмыстары жүзеге асырылды. Осы мақсатта 2014 жылы облысымызға республикалық бюджеттен 834,8 млн теңге қаржы бөлінді. Осы қаржы есебінен Арал ауданы бойынша белгіленген 16 гектар аумаққа 191,9 млн теңге, Қазалы ауданы бойынша белгіленген 12,7 гектар аумақ үшін 153,6 млн теңге, Жалағаш ауданындағы белгіленген 22 гектар жерге 271,7 млн теңге және Шиелі ауданындағы 50 гектар аумаққа 217,4 млн теңге мөлшерінде қаржы бөлінген болатын. Бүгіндері осы индустриялық аймақтарда жаңа жобалар жүзеге асырылуда.

Индустриялық аймақтарды дамытудың негізгі ынталандырушы факторы өндірісті құру мен дамыту кезінде кәсіпкерлердің шығындарын азайту болып табылады. Бұл жеке секторға инфрақұрылымдық-сервистік кешенді, соның ішінде өзіне өндіріс инсталяциясы үшін жер учаскелерін ұсыну, кадрларды дайындау және қайта даярлау бойынша оқыту орталықтары, өндірістік, көліктік-логистикалық, ақпараттық, кеңселік және көрнекі инфрақұрылымды ұсыну арқылы қол жеткізіледі.

Елiмiзде қуатты экономиканы жолға қою үшiн алдымен оған жақсы жағдай жасалуы тиiс. Индустриялды аймақтар осындай мақсатта құрылды және бұл жеткiлiктi деңгейде қордаланған мәселелердi шешуге мүмкiндiк бередi. Елбасы Н.Ә.Назарбаев атап өткендей, индустриялдық аймақтар өнеркәсiптi жаңғыртуда жетекшi тәсiл болып саналады.

Қорыта айтқанда, еліміз бойынша алғанда индустриялық аймақтарға орналасып, облыс экономикасына қажет әрі өңдеуші саланың өрісін кеңейтетін жобаларды іске асырамын деген кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан тиісті қолдау шаралары көрсетіледі.

 

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.


ДӘУЛЕТ 28 шілде 2015 г. 825 0