«ҚазАгроҚаржы» АҚ: АУЫЛДЫҢ ӘЛЕУЕТІН АРТТЫРАТЫН МАҢЫЗДЫ ЖОБАЛАРДЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУДА

Қазақтың ата кәсібі – мал мен егін. Ұрпақтан ұрпаққа беріліп, жалғасын тауып келе жатқан бұл сала бүгінде өзіндік даму жолына түсті. Әрине, ауыл шаруашылығы саласының мұндай деңгейге көтерілуіне мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдау мен көмектің тигізіп отырған әсері де орасан зор. Соның ішінде Елбасы тапсырмасына орай, құрылған «ҚазАгро» ұлттық басқару холдингі акционерлік қоғамының атқарып отырған қызметі ұшан-теңіз. Құрылғанына он жыл толған осы қоғамның Қызылорда облыстық филиалы да агроөнеркәсіп саласын кешенді түрде дамытуға қаржы  салып, жаңа техникалармен қамтамасыз етуде ауқымды жұмыстарды жүзеге асырып келеді. Осы орайда біз «ҚазАгроҚаржы» АҚ облыстық филиалының директоры Оразбек Қарақожаевты әңгімеге тартқан едік.
– Оразбек Файзуллаұлы, халықтың асыраушы саласына айналған ауыл шаруашылығы өте күрделі сала. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары ол нарықтың небір ауыртпалықтарын бастап өткерді. Шүкір, бүгінде сол қиындықтардың барлығы артта қалды. Яғни, нақтырақ айтсақ, бұл саланың аяғынан тік тұрып кетуіне сіздердің де қосып отырған үлестеріңіз аз емес қой.
– Әлбетте. Ауыл – исі қазақпын деген әрбір азамат үшін алтын бесік. Сондықтан да ауылды дамыту әрбіріміздің абыройлы міндетіміз саналады. Біздің «ҚазАгроҚаржы» АҚ облыстық филиалы жұмыс істей бастағалы бері ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында жалпы көлемі 11,8 млрд. теңге көлемінде инвестиция салды. Соның ішінде осы жылдары 1200 дана түрлі ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алып, оларды облыс шаруашылықтарына тараттық. Тек бір биылдың өзінде ауылдағы ағайындардың сұранысына орай 127 дана техника алуға қол жеткіздік. Бұл жұмыс қазіргі күні де жалғасын табуда.
– «ҚазАгроҚаржы» АҚ облыста бірқатар маңызды жобалар жүзеге асыруға атсалысты. Сол жобалар жөнінде де айта отырсаңыз.
– Жалпы бүгінге дейін біздің қызметімізді облыстағы 85 серіктестіктер мен шаруашылық құрылымдары пайдаланып келеді. Солардың ішінде Қазалы ауданындағы «Рза» акционерлік қоғамының орны бөлек. Бұл қоғам бізден 2 млрд. теңге қаржы алып, тауарлы сүт кешенін салды. Оған қажетті барлық қондырғылар Еуропа елдерінен алынды. Сөйтіп кешенді толыққанды жұмыс істету мақсатында Венгрия елінен 660 бас асыл тұқымды сүт бағытындағы сиырларды әкелді. Қазір бұл малдар өз төлі есебінен көбейіп, жобада көрсетілгендей ет, сүт және сүт өнімдерін тұрақты түрде өндіріп келеді. Мұнан басқа, өңіріміздегі «Абзал және К», «Сыр маржаны», «Жаңажол», «Шаған-жер», «Мәді қажы» және «Тұрмағамбет» секілді шаруашылық құрылымдары да миллиондаған теңге көлемінде қаржы алып, егін шаруашылығын дамыту мен оған қажетті құрал-жабдықтар мен қондырғылар алуларына қол жеткізді. Орайы келгенде, айта кету керек, бұл шаруашылықтардың барлығы тұрақты жұмыс істеп келе жатқан серіктестіктер. Жалпы, біз инвестициялық бағдарламаларды қаржыландыруда 15 бағыт бойынша жұмыс істейміз. Сондай-ақ, «Агробизнес-2020» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде қаржыландыруды да жүзеге асырамыз. Бұл жөніндегі субсидиялаудың сыйақы мөлшері 7 пайызды құрайды. Ал инвестициялық субсидия жобаның сомасына қарай 20-дан 50 пайызға дейін өтеледі.
Негізі «ҚазАгроҚаржы» АҚ шаруашылықтарға лизингке шетелдік комбайндар мен жаткаларды, тракторлар мен басқа да техникаларды және оларға қажетті тіркемелерді, соқа мен тұқым және тыңайтқыш сепкіштер секілді техникаларды алуға көмек көрсетіп келеді. Мұнан басқа ет өңдеу кешендерін құру мен көкөніс, астық сақтау қоймаларының құрылысы мен оларды жаңғырту, мал бордақылау алаңдары мен мал сою пункттері, құс фабрикасын салу, жылыжай шаруашылықтары мен ауыл шаруашылықтары техникаларын құрастыру, тамшылатып суару мен жүнді өңдеу секілді инвестициялық жобалар да қаржыландырады.
Баршаға белгілі, биыл облыс әкімінің бастамасымен күріш консорциумы құрылды. Оның негізгі міндеті күріш кластерін кешенді түрде дамытуды көздейді. Соның ішінде аймақ басшысы шаруашылықтардың еткен еңбегі еш кетпес үшін олар өндірген күріштің бағасын 40 теңгеден түсірмей сатып алуды тапсырған болатын. Соған орай, қараша айының 13-де «Агрохолдинг Байқоңыр» мен «ҚазАгроҚаржы» АҚ арасында арнайы меморандумға қол қойылды. 2 млрд. теңгеге жасасқан бұл меморандум аясында 300 млн. теңгеге Оңтүстік Кореяның күріш ақтайтын зауытын әкелу мен 1 млрд. 700 млн. теңгені айналым қаражаты ретінде пайдалану қарастырылған. Орайы келгенде, айта кету керек, күріш консорциумының құрылуымен өңірімізге мелоративтік техникаларды әкелу жұмыстары да жандана бастады. Осы мақсатта біздің облыс үшін мелиоративтік техникаларды алуға арнайы бағдарлама бекітілді. Соның арқасында қазір жерді тегістеп, жөндейтін экскаваторлар мен тракторлар алуға қол жеткізілді. Осы орайда айта кетерлік бір жайт, ол бұған дейін шаруашылықтар негізінен егін саласына қажетті техникаларға сұраныс жасап келсе, енді соңғы үш жылдан бері мал шаруашылығына қажетті техникаларды да көптеп алуда.
– Мұнан басқа, алдағы уақытта облыста қандай маңызды жобаларды жүзеге асыру жоспарланып отыр.
– Қазір «Сырдария агроинвест» ЖШС құс фабрикасын дамыту жобасы қаралу үстінде. Жоба бойынша бұл құс фабрикасы жылына 110 млн. дана жұмыртқа өндіретін болады. Серіктестік жобаны іске асыруға 3 млрд. теңге сұрап отыр. Сондай-ақ, «Аль-Асад» ЖШС-ның кондитер өнімдерін шығаратын цех қондырғысын алу жобасы және «Жан-Арай» ЖШС мен «Ақжарма» шаруа қожалығының күріш өңдеу зауытын алу және басқа да жобаларды қаржыландыру үшін сарапқа салынуда. Негізі бұл жобалардың басым бөлігі алдағы уақытта жүзеге асырылады деп күтілуде. Мұнан бөлек, аймақ экономикасын көтеруге үлес қосатын жаңа жобалар болса біз оларды қуана қарсы алып, көмек көрсетуге әзірміз. Әрі бұл біздің міндетіміз де.
– Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан Айғали ҚАРАБАЛАЕВ.

ДӘУЛЕТ 23 қараша 2013 г. 1 189 0