Биылғы көктем ерте шыққанымен, сәуір айыңыз оншалықты жадырамай тұр, күн қытымырлау, жер қыза қойған жоқ. Дегенде, шаруа адамы қашанда алдағы күннен үмітті, егін егу дайындықтарын жасап, дала қосына шыққалы біраз болды. Күні облысымыздың өзге өңірлеріне қарағанда ертерек жылынатын Жаңақорған ауданының диқандары бұл күндері тынымсыз еңбек үстінде. Олар үстіміздегі жылы жалпы 29070
гектар жерге түрлі дақылдарды орналастыруды жоспарласа, оның 8000
гектары Сыр маржаны – күріш, 1000 гектардайы күздік, жаздық бидай, арпа секілді дәнді дақылдар. Сонымен қатар жаңақорғандықтар жылда еселеп пайда тауып жүрген екпе шөп, құнарлы мал азығы – ескі жоңышқа көлемі 11 мың гектардан астам. Қаратөбе ауылындағы – «Сұңқар», Қыркеңседегі – «Агросервис» шаруашылықтары және Қожакент ауылдық округінің бірнеше құрылымдары еңбек көрігін қыздыра түсуде.
– Егілуге тиіс 4300 гектар жаңа жоңышқаның нақты кезеңде 70 пайызын орналастырып үлгерсек, мақсары дақылын 1335 гектар етіп, 130 пайызға асыра орындадық. Сол секілді ескі жоңышқаның барлығы тармаланып үлгерінді, оның 4500 гектары суғарылды, – дейді Жаңақорған ауданы ауылшаруашылық бөлімінің бас агрономы Тұрған Базарбаев бізге берген сұхбатында. – Үстіміздегі жылы егілетін ауыл шаруашылығы дақылдарының тұқымдары дайындалып, тазалау жұмыстары жүргізілуде. Қолда бар 2034 тонна күріш тұқымының 189 тоннасы элита, 1670 тоннасы І-ІІ репродукциялы «Маржан» сортты күріш тұқымы болса, 174 тоннасы қатардағы қүріш тұқымы. Бүгінгі таңға шаруашылық құрылымдары 100 тонна «Маржан»,
20 тонна «Анаид» сортты ІІ репродукциялы аттестатталған күріш тұқымын сатып әкелді. Талапқа сай, үстіміздегі
жылы егілетін ауыл шаруашылығы дақылдарының тұқымдарына үлкен мән беріліп отыр. Күріш, бидай, жоңышқа, мақсары, жүгері дақылдарының жаңа сорттары, жоғары репродукциялы сапалы тұқымдары сатып алынуда. Қазіргі таңда мақсары, жоңышқа дақылдарының жоғары сапалы тұқымдарын алуға «Қазығұрт» ауданымен келісімдер жасалынып, әкелінуі де дақылдың шығымдылығы мен түсімділігін арттыратын шараларға жатады.
Жуырда Жаңақорған ауданының әкімі лауазымына Руслан Рүстемовтің кіріскені көпшілікке белгілі. Соңғы жылдары өндірісі қарыштап өсе бастаған оңтүстік ауданның ата кәсіп – ауылшаруашылығын әлі де жетілдіре түсіп, жамағатының нәпақасын молайтуы күн тәртібінен түсе қоймайды. Ауданның жаңа әкімі бұл шаруаны ретке келтіруді, ауыл шаруашылығының рентабельділігін арттыруды шындап қолға алған секілді. Өткен аптаның ішінде аудандық ауылшаруашылық бөліміне жаңа басшы Қаржыбек Бүркітбаев тағайындалса, осы салаларға қарайтын аудан әкімінің орынбасарлығына жігері жас Ғалымжан Сопбеков бекітілді. Жаңа кадрлар атакәсіпке тың серпін беруі тиіс деп ойлаймыз.
Сонымен,
2015 жылы суды көп қажет ететін ауыл шаруашылығы дақылдарының көлемі қысқартылып, көкөніс, картоп, бақша майлы және мал азғындық дақылдарының көлемі 300-700 гектарға дейін ұлғайтылады дейді мамандар. Тағы да аудан бойынша 270 гектар жерге жеміс-жидек, 25 гектар жерге картоп, 100 гектар көкөніс дақылдарын тамшылатып суару технологиясымен егу жоспарлануда.
Су жеткізіп беру қызметі үшін, су шаруашылығы кәсіпорнымен 22 селолық су пайдаланушылар кооперативі
(ССПТК) және 1 шаруашылық құрылымы келісім-шартқа отырып, субсидия алушы құрылымдар тізімі облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына тапсырылды.
Қазіргі уақытта Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің бұйрығымен су жеткізу қызметі тарифінің өзгертілуіне байланысты құрылымдар бойынша субсидиялау нормасы қайта есептеліп жатыр.
Жаңақорған ауданындағы «Қамқоршы» несие
серіктестігі биылғы жылы 8 шаруа қожалықтарға
58,3 млн теңге несие берген, оның ішінде көктемгі
егіске пайдалануға 24,5 млн теңге несие беріліп отыр. «Байқоңыр» ӘКК-ның «Қызылорда қаржы компаниясы» мекемесімен, облыстық
азық-түлік тұрақтандыру қорына өткізу үшін, 4
шаруа қожалығы фьючерлік
келісімдер жүргізуде. Бұл шаруашылықтар
компаниядан 25 млн теңге қаржы
алып, тамшылатып суару технологиямен картоп, жуа
егіп, қорға 300 тонна
картоп, 100 тонна
жуа өндіріп өткізуді
жоспарлап отыр.
Иә, дала жұмысы самарқаулықты қаламайды. «Көктемнің бір күні жылға
азық» екендігін ескерген шаруа адамдары уақытпен санаспай, дала жұмыстарын
ретке келтіруде.
Нұрмахан Елтай.
Жаңақорған
ауданы.