алаңдаушылық
туғызуын тоқтатар емес
Нигериядағы мұнай ұрлығы проблемасы және әртүрлі диверсиялардың болуы
салдарынан, ел билігі террористік «Боко Харам» тобымен ұзаққа созылған соғыс
жүргізуде. Мұнай бағасының төмендеуі елдің осы бір радикалды ұйыммен күрес
жүргізуге қор таба алмайтындай жағдайға жеткізуі мүмкін.
Ирак араб республикасының премьер-министрі Хайдер аль-Абади мұнайдың
әлемдік бағасы түсуінен кейін өз елінің экономикасы «апатты» жағдайда қалып
қойғанын айтты. Ол сондай-ақ мұнай бағасына байланысты қалыптастып отырған
ахуалдың «Ислам мемлекеті» экстремистік тобырына қарсы күреске кері әсер етуі
мүмкін екенін еске алды. «Мұнайдың бағасы өткен жылдың осы мерзіміне қарағанда,
шамамен 40 пайызға түсіп кетті. Ирак экономикасы мен бюджетінің 85 пайызын
мұнай құрайды. Сондықтан мынадай жағдай біз үшін нағыз апатты әкеліп отыр», —
деді аль-Абади Лондонда өткен «Ислам мемлекетімен» күрес коалициясы
мүшелерінің кездесуінен кейін.
Жалпы саясатшылардың бір бөлігі мұнай өндіретін бірқатар елдердегі
геосаяси тұрақсыздық жасау бұл әлемдегі лидерлік орнын сақтап қалуды мақсат
тұтқан АҚШ мемлекетінің әрекеті деп есептейді. «Мұнай бағасы қазір әлемдік
үстемдікке ие болғысы келген Қытай мен АҚШ арасындағы күрестің бір құралы
іспеттес» дейді ресейлік сарапшылар.
Қара алтын өндірісімен ғана жан бағатын мемлекеттер бөріктерін аспанға
атты деуге болар соңғы күндері. Өйткені, 60 пайызға арзандап кеткен мұнай
бағасы едәуір өсті. Бренд барреліне 62 доллардан саудалануда. Ал осыдан шамалы
уақыт қана бұрын, бұл көрсеткіш үлкен апат әкелетіндей болып көрініп еді. Өткен
жылдың маусым айында баррелі 115 болған мұнай әуелі 100, одан кейін 90,
іле-шала 80 доллар болып арзандағанда экономикалық сарапшылар «бұл бағаның
ең төменгі құлдырау шегі болар, бұдан жағдайды мұнайлы елдер экономикасы көтере
алмайды» деп сәуегейлік жасап еді. Енді, міне, 62 долларға қуанып отырған
жағдайы бар.
Мұнай бағасы ең бір болжауы қиын факторлардың бірі. Ешбір сарапшы ұзақ
мерзім тұрмақ, тіпті алдағы үш айда баға қай деңгейге шығатынын айтып бере
алмайды. Оған бір себеп, қазіргі күнде әлем барған сайын күрделеніп барады.
Алпауыт елдер арасында текетірестер аз емес, шешімін таппаған түрлі саяси
жағдайлар да мұнай бағасының саясилануына ықпал етіп отырғанын жоққа шығармайды.
Солай бола тұрса да амал жоқ саланы мамандарының сөзіне құлақ салмай тұра алмайсың.
Ал ОПЕК-тегі Кувейт өкілі Мухаммед аш-Шаттиалдағы бес жылда мұнайдың бір
баррелінің бағасы 100 долларға дейін қымбаттамайтынын айтыпты.
Сондай-ақ, аш-Шатти мұнай нарығындағы жағдай тұрақталатынын, ал 2016 жылға
деген болжамды ағымдағы жылдың екінші жартысында жасауға болатынын алға
тартқан. Сонымен бірге Кувейт өкілі мұнай бағасының құлдырауына ОПЕК құрамына
кірмейтін елдер кінәлі екенін айтыпты. Мұндай пікірді бұған дейін ОПЕК-тің бас
хатшысы Абдулла әл-Бадри де айтқан болатын. Ол төмен қарай құлдыраған
мұнайдың бағасы таяу арада шарықтайтынын айтып сендіргісі келеді. Оның пайымдауынша,
алдағы 3-4 жылда қара алтынның бір баррелі 200 долларға дейін көтеріледі.
Себебі, қазір мұнай қоры өте көп. Бірте-бірте бұл салаға қызығушылық
білдірушілер саны 2008 жылдағыдай азаюы мүмкін. Салдарынан оны өндіруге
бөлінетін қаржы да қысқарады. «Бұл мұнай тапшылығын тудырып, сәйкесінше, қара
алтынға деген сұраныс қайта ұлғаяды», деген әл-Бадри. Қалай болғанда да, бүкіл
әлем көз тігіп отырған мұнай бағасы бүгінгідей мүшкіл халінен төмендемейтін
сияқты. Ал оның қаншалықты қымбаттайтынын нақты ешкім айта алар емес. Бәрі де
тек болжамдар ғана.
Алайда, қара алтынның құнсыздануынан қатты қорыққан әлемдегі ірі мұнай
компаниялары бүгінгі күнге дейін 100 мыңнан астам қызметкерін жұмыстан босатқан.
Тағы 15 мыңнан астам мұнайшы кезекте тұрған көрінеді. Ал, жаппай қысқартуға
бүгінгі баға бәсінің қалай әсер етері әзірге беймәлім. Американдық Swift
«Worldwide Resources рекрутинг» компаниясының бас директоры Тобиас Рид жұмыстан босатудың
негізгі үлесі АҚШ мұнай секторына тиесілі және негізінен сланец мұнайын өндіру
жобаларын қозғайды, деп атап өтті. Сондай-ақ мұндай қысқартулар Шотландияның,
Австралияның және Бразилияның бірқатар ірі жобаларын да қамтыды. «BP»
және «Royal Dutch Shel» ірі мұнай компанияларының басшылары шығындарын 40
млрд. доллардан астам сомаға қысқартатынын жариялады және мұнай нарығындағы
жағдай түзелмесе, бұдан да көбірек қысқартуларға баратынын мәлімдеді.
Иә, мұнайы бар елдің құдайы бар деп саналады. Алайда, бүгінгі күні
олардың өзіне қиын соғып тұрған жайы бар.
Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.