« Сәуір 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | |
7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 | 13 |
14 | 15 | 16 | 17 | 18 | 19 | 20 |
21 | 22 | 23 | 24 | 25 | 26 | 27 |
28 | 29 | 30 |
"Сырдариямұнай” акционерлік қоғамы Сыр өңіріндегі "қара алтын” өндіруші ірі компаниялар санатына жатады. Бүгінгі таңда мұнай-газ саласында мол тәжірибе жинақтаған іргелі кәсіпорынның шаңырақ көтергеніне 20 жыл толып отыр. Өзінің құрылған уақытынан бастап отандық және шетелдік компаниялармен қоян-қолтық жұмыс атқарып, бүгінге дейін 300-ден астам мұнай ұңғымаларын бұрғылап, көптеген мұнай ұңғымаларына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп келеді. Сонымен бірге, Қызылорда қаласы, яғни осы аймақтардағы ауыз су және техникалық су құбырларын да қазып, республикамыздың, облысымыздың экономикасын көтеруге зор үлестерін қосып келеді.
Біз компания басшысы, білікті маман Такиров Роллан Сапарәліұлымен әңгімелесудің сәтін түсіріп, еңбек ұжымының бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы айтып беруін өтінген едік.
– Егемендіктің алғашқы жылдарында нарық алқымнан алып, барлық жерде ел абыр-сабыр күйде жүрген кезде "Сырдариямұнай” АҚ-да ауыр кезеңдерді бастан кешірді, – деді бізбен әңгімесінде Роллан Сапарәліұлы. Бірнеше айлап айлық бере алмай, өндірісті жүргізудің өзі қиын жағдайларға тап болған кезеңдерді біз ұмыта алмаймыз. "Жүк ауырын нар көтереді” деген бабалар сөзі шындыққа айналып, осы мекемені қолымен бірге құрысқан азаматтар мен әріптестеріме, мекеменің еңбек ардагерлері мен азаматтарына алғысым шексіз. Олар өндірісті дамыту үшін үлкен көмекші болып, тер төгіп, мол күш жұмсады. Қандай бір қиындықтарға төзе білді. Сөйтіп, өндірісті дамытуға барларын салғаны – менің басшы ретінде мәңгі есімде қалғанын қалай жасырайын. 2005 жылдан бастап "Сырдариямұнай” АҚ және "Құмкөл көлік қызметі” ЖШС, Оңтүстік Торғай ойпатының "Бозінген” аймағындағы "Құмкөл көлік қызметі” ЖШС аумағында мұнайды бұрғылап өндіруге қатысу жөніндегі келісім шартқа қол қойылды. Міне, сол 2005 жылдан бастап "Сырдариямұнай” АҚ мұнай кеніштерін игеруде бас мердігер дәрежесіне дейін өсті.
Өткен уақыт еншісінде компания сан тарау жолдардан өтті. Ұжым тәжірибе жинақтады, абырой белесіне көтерілді. Сол жылдары "Восточный”, "Табақбұлақ – 1”, "Сарыбұлақ – 3” мұнай барлау, іздестіру ұңғымаларында бұрғылау, барлау салалары бойынша жұмыстарын жүргізе отырып, жөндеу, сынақ жұмыстарын да қатар жүргізіп отырды. Қазақстан Республикасының барлық стандарттарына сәйкес мұнай газына газ ұңғымаларын барлау және пайдалану үшін барлық бұрғылау жұмыстарының түрлерін меңгерген. Сонымен қатар, монтаждау және бұзу түрлерін Қазақстан Республикасы бекіткен нормалар мен стандарттарға сай газды ұңғымалардың құрылысына сәйкес келетін бұрғылама жұмыстарын да жетік меңгергенін айту орынды болар еді. Бүгінгі күні "Сырдариямұнай” АҚ мұнай-газ нысандарында жұмыс жасау бойынша үлкен, бай тәжірибе жинақтаған компанияға айналып отырғанын айтсақ, асыра айтқандық бола қоймас.
Соңғы жылдары "Ай Дан Мұнай” ЖШС-ның тапсырысы бойынша жобалық тереңдігі 1850 метрге жететін он жеті барлау ұңғымаларының құрылысын сапалы түрде салып, пайдалануға берді. "Саутс Ойл” ЖШС-ның тапсырмасы бойынша 4 жылда Кеңлік, Шығыс Ақшабұлақ және Батыс Қыртұз кен орындарында жобалық тереңдігі 1100-2500 м болатын 40-тан астам ұңғыманың құрылысын аяқтады. 2001 жылы "Сырдариямұнай” АҚ Румыния елінің "Петром” және "УПетром – Фореско Казахстан” ұлттық мұнай компанияларының "Ровная” кен орнындағы тереңдігі 2500 м барлау ұңғымалары құрылысын салуға жариялаған тендер жеңімпазы атанды. "Ровная – 1” кен орнындағы жұмыстар аяқталған соң, қосымша келісім-шарт жасалып, жобалық тереңдігі 1800-2500 м 10-нан астам ұңғыма бұрғыланды. Аталмыш ұңғымаларды бұрғылау барысында мұнай-газ кені табылып, аталмыш кен орнына зерттеулер жүргізілді.
Сонымен қатар, "Құмкөл ТрансСервис” ЖШС үшін "Сарыбұлақ”, "Қайнар”, "Қараеспе”, "Зозды, "Табақбұлақ”, "Соркол” және "Балғынтөбе” кен орындарында 1300-2500 м жобалық тереңдікте бұрғылау жұмыстары жүргізілді.
Бүгінгі таңда "Сырдариямұнайдың” Қызылорда қаласында орталық базасы, теміржол өткелі, жөндеу механикалық және токарьлық цехтары бар арнайыландырылған бұрғылау компаниясы болып табылады. Сонымен қатар арнайы жабдықталған автокөліктерден тұратын автокөлік паркі, қажетті инфрақұрылымы және біліктілігі жоғары мамандары бар. Компанияның медициналық амбулаториясы және асханасы өз дәрежесінде жұмыс жасап тұр.
Ерекше атап өтерлігі, кәсіпорында 600-ге жуық адам жұмыс істейді. Жұмысшылар штатының құрамы Қазақстан Республикасының азаматтары мен мамандары.
2010 жылғы мақсат АРІ-нің стандарттарының тиісті талаптарына сай бұрғылама шаналар жаңартылып, биік деңгейдегі табысқа қол жеткізуге мүмкіндік алды.
Бүгінде әлемді шарпыған экономикалық дағдарыс шарықтау шегіне жеткен сыңайлы. Мұнай бағасы әлем рыногында едәуір төмендеп кетті. Осындай жағдайда компания өзінің ішкі мүмкіндіктерін сараптан өткізіп, алдағы жоспарларына біршама түзетулер енгізуі мүмкін. Әңгіме компания басшысымен осы төңіректе өрбіді. Басшының ойы сергек, әріптестерінің айтуынша, білімді, барлығын жан-жақты сараптан өткізіп, пайымдай білетін Роллан Сапарәліұлы әлемдік экономикадағы құбылыстың себеп-салдарларына қатысты ойларын білдіргенде байқағанымыз, ол жалпы нарықтың заңдылығын жақсы біледі. Геологтар отбасында Алматы қаласында дүниеге келген ол әкесінің қызмет бабымен Жаңақорған ауданындағы қазақ орта мектебін тәмамдады. Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық университетін "Қаржы және несие” мамандығы бойынша бітірді. Бірқатар нарықтық құрылымдарда жемісті еңбек етті. 2012 жылдың қараша айынан директорлар кеңесінің шешімімен "Сырдариямұнай” АҚ-ның президенті болып тағайындалды. Қазір осы мекеменің бас директоры.
Роллан жас болғанымен өз пікірін тыңдата, өткізе білетін білікті басшы. Оның ұжым алдындағы беделі жоғары. Барлығына іштартып, үлкенге іні, кішіге аға болатын азамат. Сөзге тұрақты, ісіне мығым, мінезі салмақты. Ұжымдастары қандай ауыртпалық болса да оның компанияны тығырықтан алып шығуға қабілетті екенін айтады.
Ұжымда вахталық әдіспен 600-ден астам арнайы мамандар, басқа мамандық иелері ұйымшылдықпен еңбек етеді. Ұжымның Қызылорда қаласында шаруашылық базасы, теміржол тұйығы, арнайы техникалары бар. Мұнай қазу, бұрғылау машиналары тәулік бойы үзіліссіз жұмыс жасайды. Осы техникалардың барлығын қалыпты деңгейде ұстап отырудың өзі мамандардың үлкен біліктілігін талап етеді. Жұмысшы қызметкерлердің жалақасы жыл сайын 10-15 пайызға көтеріліп келеді. Ерекше атап өтерлігі, компанияда 30-дан астам зейнетжасындағы арнайы мамандар еңбек жолын жалғастыруда. Жалпы әлеуметтік қолдау көрсету бұл компанияның ежелден қалыптасқан игі дәстүрі. Сонымен бірге негізгі қорларды жаңартып отыру, осының нәтижесінде еңбек өнімділігін арттыру негізгі бағытқа айналды. 2013 жылы компания 3000-4000 тереңділікке дейін мұнай бұрғылайтын 2 қондырғыны сатып алды. Жаңартылған негізгі қорлар еңбек өнімдігін едәуір арттыруға мүмкіндік берді.
Компанияның өндірістік қызметі туралы ақпарат 2008 жылғы ИД "Сарыарқа” Қазақстанның бизнес кітабында орналастырылғанын атап өту маңызды. 2010 жылы нарықты зерттеу Орталығы компанияның Еуропалық стандарттарға сай жоғары сапалы жұмыс істеуге талпынысы үшін Еуропалық бизнес Ассамблеясына "Еуропа сапасы” халықаралық сыйымен марапаттауға ұсынды. "Сырдариямұнай” АҚ басшылығы мамандардың кәсіби біліктілігін жоғарылатуға үнемі үлкен көңіл бөліп келеді.
"Сырдариямұнай” АҚ полимерлі химреагенттерді шығару және қолданумен айналысатын арнайы кәсіпорындар "МІ-Дриллинг флюидз”, "Интернейшнл Каспий флюидз”, "Стримлайн Энтерпрайзис ЛТД-мен” бірлесе жұмыс жасап, жақсы тәжірибе жинақтағанын атап өткіміз келеді.
Ұңғыма құбыр бағаналарын сапалы цементтеуге қол жеткізу үшін, әлемдік технологияларға сәйкес келетін, Ресей компаниялары шығарған арнайы ұлғайтқыш қоспалары бар тампонажды цементтер қолданады.
Ұңғымаларды бекітуде Қазақстан және Ресей Федерациясының аумақтарында танымал болған, цементтеудің жаңа әдістерін және технологиясын жасап, өндіріске енгізген Ресей компанияларының мамандары тартылуда.
"Сырдариямұнай” АҚ-ның тампонажды жұмыстарды жүргізу үшін арнайы техникалары бар: цементтегіш агрегаттар, цементті араластырғыш машиналар, тампонажды ерітіндінің белгіленген меншікті салмағын ұстап тұруға және цементті сапалы араластыруға арналған орталықтандырғыш.
Бұрғылау станоктарын монтаждау және демонтаждауға байланысты барлық жұмыстарды компания өз күшімен, тракторлар, көтеріп-түсіру техникалары және мұнай өндіру жұмыстарына мамандандырылған жұмыс жасаушы, монтаждаушы арнайы бригаданың қатысуымен орындайды.
"Сырдариямұнай” АҚ шетел мамандарымен бірлесе жұмыс істеу кезеңінде тәжірибе алмасу және озық технологияларды игеруге қол жеткізді. Сонымен қатар, жұмысшы персоналды бұрғылау жұмыстары өндірісінің жаңа технологиялары, техника қауіпсіздігі және қоршаған ортаны қорғау бойынша оқытуға компания тұрақты түрде өз қаржысын бөліп отыр.
Қазіргі таңда "Құмкөл көлік қызметі” ЖШС ел игілігі үшін көптеген шараларды іске асырып, облыс аумағында орналасқан "Сарыбұлақ”, "Қайнар”, "Соркол”, "Балғынтөбе” мұнай кеніштерін игеруге кірісіп, аймақ экономикасының өрістеуіне өзіндік үлесін қосып, халық қазынасын молайтатүсуде.
Әлемдегі алпауыт елдердің қатарындағы Қытай, Ұлыбритания мемлекеттерінің озық тәжірибесін, өркендеген заманауи технологиясын пайдаланып, серіктестіктің кеніштерін игеру мақсатында және дамуы үшін бірлесіп жұмыс жасауда. Серіктестіктің жаңа үлгідегі кеңесі, білікті арнаулы мамандары, өндірістік техникалары бүгінгі нарықтық экономиканың талаптарына толық сай келеді. "Қара алтын” иірімдерінің ашылуы Сыр өңірінің өмір салтын әлеуметтік-экономикалық дамуын түбегейлі өзгертті. "Сырдариямұнай” АҚ соңғы жылдары Қызылорда қаласының дамуына, өсіп-өркендеуіне өз үлестерін қосып келеді. Сондай-ақ мемлекеттік емес қоғамдық ұйымдарға көмектер жасауда. Болгарияда "Регин насосы – 2050” байқауының демеушісі болды. Сонымен қатар, Қызылорда қаласындағы Макаренко атындағы мектеп-интернаттың тәрбиеленушілеріне демеушілік жасауда. Компания басшылығы жұмысшылардың әл-ауқатын, олардың күнделікті қажеттілігі мен сұраныстарын басты назарда ұстайды. Жеріміздің байлығы қай кезден де мүмкіндігінше еліміздің әл-ауқатын арттыруға жағдай жасап, жақсылыққа жол ашып келе жатқаны баршаға аян. Ал, бұл сала – тарихы өте бай жаңа кен орындарын барлау, өндіру, ашу және игеру, еліміздің негізгі магистральдарын салу, халықаралық нарыққа шығу, әлемдік өркениетке, озық технологияға қол созып отырғанымызды көрсетеді.
Компанияның жұмысына қаныға отырып, біз отандық осындай дәулетті кәсіпорындардың Сыр өңірінде қанат жайып келе жатқанына қуандық. Отандық инвестор елдің, сол өңірдің игілігіне қызмет етіп қоймай, бүгінгі таңның өткір мәселесі – жұмыссыздық зардабын жеңілдетуде үлкен қадамдар жасауда. Біз компанияның келешегі кемел екеніне сенімдіміз.
Жолдасбек АҚСАҚАЛҰЛЫ.
« Сәуір 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | |
7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 | 13 |
14 | 15 | 16 | 17 | 18 | 19 | 20 |
21 | 22 | 23 | 24 | 25 | 26 | 27 |
28 | 29 | 30 |