Кеше Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың төрағалығымен Үкіметтің
кеңейтілген отырысы өтті. Онда нақты кезеңдегі отандық экономиканың жайы, оны әрі
қарай дамыту шаралары сараланды. Елбасы алда тұрған барлық қиындықтарды жеңіп шығатынымызды,
әлемді жайлаған дағдарысты табысты еңсеретінімізге сенімдімін
деп атап өтті. Жұмыла көтерген жүктің жеңіл болатыны секілді, біз дәл осы тұста
еселі еңбек етуге тиіспіз деп ойлаймын.
Меніңше, жиында көтерілген мәселелердің бәрі өзектілігімен
елдің көңілінен шығып отыр. Сонымен қатар, осы басқосуда «Нұрлы жол» жаңа экономикалық
саясатын жүзеге асырудың негізгі тетіктері қаралатыны айтылды.
Өткен аптада ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары
Бақытжан Сағынтаев бастаған үкімет мүшелері жұмыс сапарымен аймағымызға келіп, бизнес
өкілдерімен жұмыс орындарын сақтап қалу, отандық тауар өндірушілерді қолдау мәселелері
бойынша кеңес өткізді. Мұны біздің компания жақсы қабылдады. Айта кетпегім, нақты
кезеңде «ҚазГерМұнай» БК» ЖШС-да 703 адам еңбек ететін болса, жыл басынан бері тағы
20 адамды жұмысқа қабылдады. Яғни, жұмысшыларды қысқарту біздің жоспарымызда жоқ.
Мұны біз ел үкіметінің болашақ үшін жасаған маңызды қадам деп есептедік. Осы кездесу
соңында жұмыс орындарын сақтау және өндірістік үдерістерді тұрақтандыру бойынша
үшжақты келісімдер жасалды. Мысалы, осындай меморандум Қызылорда облысы әкімдігі,
облыстық кәсіподақ және біздің «ҚазГерМұнай» БК» ЖШС арасында жасалды. Бұған қоса,
«Аралтұз» АҚ, «Абзал және К» ТС, «Жанрос Дриллинг» ЖШС, «Сибу-Қызылорда» ЖШС, «ПетроҚазақстан
Құмкөл Ресорсиз» АҚ секілді басқа да ірі кәсіпорындар осындай келісімдер жасасты.
Айта кетейік, алқалы басқосуда Қазақстанда мұнайдың экспорттық
баж салығы тоннасына 60 долларға дейін төмендетілетіні де айтылды. Бұл жағымды жаңалық.
Министр Ерболат Досаевтың айтуынша, экспорттық баж салығы бюджет түзетілімімен бірге
төмендетіледі. Бұл жұмыс келесі апта ішінде толығымен аяқталмақшы.
Еліміздегі экономикалық жаңғырудың түпкі мақсаты – қазіргі
бар жұмыс орындарын сақтай отырып жаңа жұмыс орындарын ашу. Демек, жарқын болашақ
үшін қажетті мақсат-міндеттерді Мемлекет басшысы саралап, оны қалай жүзеге асыру
қажеттігін көрсетіп берді. Ендігі мақсат, әр компания, әр кәсіпкерлік нысаны өз
саласы бойынша еселі еңбек ету ғана.
Медет КӘРІМ,
«ҚазГерМұнай» БК» ЖШС
бас директоры, облыстық
мәслихат депутаты.