
«Қызылорда азтонналық мұнай өңдеу зауыты» серіктестігі «Өңделген мұнай
– ауылға» атты ашық есік күнін өткізді. Шараға облыстық ауыл шаруашылық
басқармасының басшысы Дәуірбек Әбуов, Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиев және
ауыл шаруашылығы саласындағы мамандар мен мекеме басшылары қатысты.
Зауыттың
атқарушы директоры Жанкелді Ысқақов жиналғандарды өндіріс жұмысымен таныстырып,
өнімдерін көрсетті. Бұдан кейін зауыттың қазіргі күш-қуаты мен алдағы
мүмкіндіктері туралы баяндады.
– Біздің
мақсатымыз – тұтынушыларға сапалы өнім беру, жұмыссыздықты азайтуға, жаңа
жұмыс орындарын ашуға, салық саясатын нығайтуға, сондай-ақ ауылшаруашылық өнім
өндірушілеріне арзандатылған дизель отынын беру. Зауытта өңделген мұнай
өнімінің сапасы Атырау, Павлодар, Шымкенттегі мұнай өңдеу зауыттарының өнімінен
кем емес. Шикізат өңделгеннен кейін мазут М-100, дизель отыны ЛД-0,2, ДТ-Е-К3,
бензин АИ-80 шығарылып, оның сапасы тексеріледі. Қазіргі таңда зауытта 106 адам
жұмыс істейді. Бұдан бөлек, өткен жылы резервуарлық парктер іске қосылып, жүз
мың тонна мұнайды өңдеуге қол жеткіздік. Алдағы мақсатымыз жылына 400 мың тонна
мұнай өңдейтін зауыт құрылысын бастағалы отырмыз, – дейді Жанкелді Ойшыұлы.
Қазақстан
Фермерлер одағы Қызылорда филиалының төрағасы Нұрлыбай Ұлықбанұлы шаруа
қожалықтар мен серіктестіктер өкілдеріне мұнай өнімдерін өзімізден алу
қаражатты үнемдейтінін айта келе, зауыттың жұмысына табыс тіледі.
Дәурен ОМАРОВ.