« Мамыр 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | |||
5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 | 11 |
12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 | 18 |
19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 | 25 |
26 | 27 | 28 | 29 | 30 | 31 |
аграрлы аймақтан өнеркәсіпті өңірге
Облысымыздың биылғы жылды табысты аяқтауына, бірқатар ауқымды жұмыстардың жүзеге асырылуына барша еңбеккерлеріміздің, диқандарымыздың, механизаторларымыздың үлесі зор. Биыл Қызылорда облысында 161367 гектар жерге егін егілді. Жер-Анадан нәпақа күткен халықтың жаз бойғы маңдай тері ақталды. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімдерінің өндірісі 35,9 млрд. теңгені құрады. Салаға қаржылай қолдау да жыл өткен сайын артып келеді. Мәселен, биыл облыстық бюджеттен 8,1 млрд. теңге бөлінді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 47,9 пайызға жоғары.
Сыр маржаны – күллі Сыр өңірінің келбетін таныстырар төлқұжаты десек, артық айтқандық болмас. Қазақстанның қай түкпіріне барсаңыз да, Қызылордаданмын десең, алдымен Сыр өңірінің күрішін есіне түсірер еді. Сыр күріші отандық ауыл шаруашылығы өнімінің негізгі көзі екені белгілі. Дәлірек айтқанда, стратегиялық дақылдардың бірі. Кезінде Сыр бойынан 96 Еңбек ері шықса, оның 66-сы күріш егу саласының батырлары болды. Дала төсін дүбірлеткен сол еңбек ерлері салған сүрлеумен Сыр маржанының даңқы бүгінде қайта жаңғыруда.
Иә, ауыл шаруашылығын дамыту басым бағыттардың бірі. Облыстың басты дақылы – күріштен биыл рекордтық өнім жиналды. Ауыл шаруашылығын әртараптандыру және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін басқа да дақыл түрлерін өсіруге берілетін субсидия мөлшері бірнеше есе өсіп отыр. Бүгінде Сыр диқандары күрішті төкпей-шашпай қамбаға құйып болды. Барлығы 78939 гектар күріш алқабынан астық жиналды. Орташа өнім гектарына 50,1 центнер. Бұл ел тәуелсіздігi кезеңіндегі рекордтық көрсеткіш.
Жиналған өнім мөлшері күріш жармасына деген ішкі сұранысты толық қамтамасыз етіп отыр. Қызылорда облысының ауыл шаруашылығы өндірісінің негізгі саласы болып табылатын, ауыл халқының басты табыс көзі болып отырған күріш шаруашылығын дамыту бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Күріш көлемін кемітпей басқа дақыл түрлерін, оның ішінде мал азығындық дақылдарды да көбейту міндеті тұр. Бұл бағытта межеленген тиісті жұмыстар атқарыла берері анық.
Бірақ бүгінгі жағдайдың сонау кеңестік кезеңнің кезіндегі жағдайдан айырмашылығы жер мен көктей. Нарық заманында халықтың әл-ауқатын арттыруға жалғыз ауылшаруашылық саласының шамасы келмейді. Осы ретте Тәуелсіздікке ие болған жылдары өңірімізде қарқын алған мұнай-газ саласының, сондай-ақ уран өндірісінің аймақ экономикасында нардың жүгін көтергенін айрықша атап өту керек. Жер қойнауы байлығының арқасында ырысты-күрішті Қызылорда мұнайлы-шырайлы өңірге айналды. Әйтсе де, уақыт алға басқан сайын заман талабы да өзгере түсуде. Бүгінде тек жерасты байлығына, көмір-сутек шикізатынан түскен пайдаға қарап отыра беруге болмайтын уақыт болып қалды. Өйткені, енді шикізатты сатып қана емес, оның өңдеу саласын өрістету, яғни экономиканы әртараптандыру мақсаты қойылып отыр. Осы орайда, бүкіл еліміздегідей, Сыр өңірінде де Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын іске асыру жүріп жатыр.
Қазіргі күні Индустрияландыру картасы аясында өңірде жалпы құны 185 млрд. теңгені құрайтын 24 жоба іске асырылып жатыр. Жобаларды жүзеге асыру барысында, яғни құрылыс кезінде 3066 жұмыс орны ашылды. Ал жобалар жүзеге асқанда 20618 жаңа жұмыс орны ашылады. Бүгінде өңірлік Индустрияландыру картасына енгізілген 23 жобаның 15-і іске асып, 800-ден астам жаңа жұмыс орны ашылды. Бұл жобалар өңдеу өнеркәсібінде өндірілген өнімнің өсімін қамтамасыз етті. Қазір жобалардың барлығы толық қуаттылығында жұмыс жасай алатындықтарын аңғартып отыр.
Тек шыны зауытының технологиясы жергілікті мамандар көңілінен шықпағандықтан оны таңдау ұзаққа созылды. Ақыр соңында зауытты салуға инвестор ретінде ирандық «Kaveh Glass Industry» компаниясы таңдалды. Жобаның жалпы құны 283,9 млн. АҚШ доллары. Жүзеге асырылу мерзімі 2014-2016 жылдар аралығы. Нысан іске қосылғанда 300 жаңа жұмыс орны ашылады. Зауыт іске қосылған уақытта Қызылордада еуропалық стандарттағы қуатты үнемдейтін шыны шығарылатын болады. Қарапайым тілмен айтқанда, күнделікті өздеріңіз ұстап жүрген «айфон», «айпад» секілді ұялы телефондарының шынылары осында жасалады. Дайындалған өнім республиканың өзге өңірлерінің аумағын қамтамасыз етіп, Кедендік Одақ пен Орталық Азия елдерінде экспортталады.
Біздің облыста отандық және шетелдік инвестицияны мол көлемде тартуға болатын, облыс экономикасының болашақта басым бағыттарының біріне айналатын сала айқындалып отыр. Осы ретте облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың жыл басында облыстық актив жиынында сөйлеген сөзін келтіріп өткен артық болмас.
– Ел экономикасында жалпы ішкі өнімнің жыл сайынғы өсімі 4 пайыздан кем болмау міндеттелсе, бұл бағытта біздің облыс қарқынды дамуы қажет. Ол бізге дамудың орташа республикалық деңгейіне қол жеткізуге мүмкіндік береді. Мақсатты міндеттерді жүзеге асыруды биылдан бастау керек. Әлеуметтік дамудың міндеттерін шешу үшін базалық жағдай – тұрақты экономикалық өсімнің жаңғыртылуы. Біз еңбек өнімділігі бойынша дамыған мемлекеттерден бірнеше есе қалып келеміз. Бұл алшақтықты жоспарлы және мақсатты теңгеруге міндеттіміз. Ол үшін дамудың жаңа факторларын айқындап, іске қосу керек. Олардың қатарында не болу қажет?
Ең бастысы – заман талабына сәйкес кәсіби білімнің жоғары сапалығы, икемді еңбек нарығы, қолайлы инвестициялық климат және дамыған технологияларды іске асыру. Бұл білім, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және басқа да барлық салаларға қатысты. Елбасы Жалпы Ішкі Өнім көлемін қазіргі 18 пайыздан 30 пайызға дейін жеткізуді міндеттеді. Біздегі инвестицияларды тартуды арттырудың басты көзі – металлургиялық сала. Инвесторларды тарта отырып бізге өңірдің инвестициялық климатты арттыру бойынша нақты жұмыстар жүргізу қажет.
Елбасы Жолдауында айқындалған басым бағыттар аймақтың дамуына жол ашады. Олар өз кезегінде өнеркәсіп, сирек кездесетін жерасты металдарын өндіру мен өңдеу, теміржол қажеттілігіне жұмыс жасайтын салалар мен Байқоңыр қаласының дамуына тікелей қатысты. Ең алдымен металлургиялық кластер (қара және түсті металлургия) құруды жолға қоюымыз керек. Бұл жолда «Баласауысқандық» және «Құрымсақ» ванадий кен орындарын, Шалқия қорғасын-мырыш, мыс кен орындарын барлап, игеру, уран өндірісін одан әрі дамыту көзделіп отыр.
Облыс көлемінде «Баласауысқандық» және «Құрымсақ» кенішінде ванадий кен орындары орналасқан. Облыс әкімінің тапсырмасымен, қазіргі таңда пайдалы қазбаларды тиімді пайдалану мақсатында, металлургиялық кластер құру тұжырымдамасы әзірленді. Тұжырымдамаға сәйкес инновациялық-сервистік инфрақұрылым құру, сондай-ақ жаңа мыс, темір кен орындарында өндірістік қорларды айқындау жөнінде жұмыстар жүргізу болжанады. Қызылорда облысындағы металлургиялық кластерді негізгі екі бөлімге бөліп қарастыруға болады. Олар – қара металлургия және түсті металлургия. Қара металлургия саласында «Фирма Балауса» ЖШС «Баласауысқандық» ванадий кен орнын игеруде. Аталған кәсіпорын 2011 жылдан бастап облыста «Баласауысқандық» кен орнында қара тақта тасты автоклавты өңдеу» жобасын жүзеге асырып келеді. Жобаның жүзеге асуы 2018 жылға дейін жалғасады. Бұл жоба үш кезеңде жүзеге асырылады және үш кезеңнің құны 34,9 млрд. теңгені немесе 233,3 млн. АҚШ долларын құрайды.
ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі «Байқоңыр» ӘКК» ҰК» АҚ-на Жаңақорған ауданында орналасқан «Құрымсақ» кен орнындағы ванадий кенінде біріккен барлауға және өндіруге, Шиелі ауданында орналасқан «Байжарқын алаңында» алтынға және мысқа барлау жұмыстарын жүргізуге, Арал ауданында орналасқан «Приаральная» кен орнында темір рудаларына барлау жұмыстарын жүргізуге, Шиелі ауданындағы «Сырдаринский» участогында темірге және полиметалдық рудаларға барлау жұмыстарын жүргізуге жер қойнауын пайдалану құқығын алғанын хабарлай кеткен артық болмас. «Минералдық шикізат кешенін дамыту» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатында республикалық бюджеттен өткен жылы210 млн. теңгеден астам қаржы бөлініп, негізгі пайдалы қазбаларға геологиялық зерттеу жұмыстары жүргізілсе, үстіміздегі жылы осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыру үшін 495 млн. теңге қарастырылған.
«Шалқия» кенішінде кен өндірумен
айналысатын «Шалқия Цинк ЛТД» кәсіпорнын қайта жандандыру, оған екінші өмір
беру солардың бірі. Жаһандық дағдарыстың әсерінен тоқтап қалған өндірісті
қайтадан іске қосу мақсатында бірнеше мәрте әрекет жасалған болатын, бірақ
олардың бәрі нәтижесіз аяқталды. Тек 2013 жылы Қырымбек Көшербаевтың тікелей
ықпалымен «Шалқия» кен орнына жаңа тыныс берілді. «Самұрық-Қазына» ұлттық
әл-ауқат қорымен аталған кен орнын қайта жандандыру жөніндегі келіссөздер
жүргізіле бастады. Нәтижесінде биылғы жылдың 19 наурызында «Шалқия» кен орнының
толығымен «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының меншігіне өтуі туралы
келісімшартқа қол қойылды. Ал шілде айында «Шалқия Цинк» АҚ-ның акциялары
«Тау-Кен Самұрық» АҚ-ның жарғылық капиталына енді. Ендігі жерде, «Тау-Кен
Самұрық» АҚ-ның басты міндеті – «Шалқия» кен орнындағы полиметалл рудаларын
өндіру, оның қуаттылығын 4 миллион тоннаға дейін жеткізу және кен байыту
фабрикасын салу болып табылады. Бұл Сыр елінде металлургиялық кластер
қалыптастыру бағытындағы екінші жоба.
Үшінші жоба бойынша Қызылорда қаласында жылдық қуаттылығы 162 мың тонна болатын ферроқорытпа зауытын салу жоспарлануда. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев жақында болып өткен облыстық мәслихаттың сессиясында Қызылордада салынатын ферроқорытпа зауытының стратегиялық инвесторы белгіленгені туралы мәлім етті. Ол – қытайлық ірі мұнай-химиялық «Ningxia Baota Petrochemical Technology Industrial Development Co., Ltd» («ВАОТА») компаниясы. Бұл компанияның үлесі 33 пайызды немесе 80 миллион АҚШ долларын құрайды. Бұл ресурстар қоры қазірдің өзінде Қытайдың Сауда-өнеркәсіп банкінде сақтаулы тұр. Стратегиялық инвестор – Қытайдың ірі мұнай-химиялық «Ningxia Baota Petrochemical Technology Industrial Development Co., Ltd» («BАОТА» компаниясы) машина жасау және мұнай өңдеу салаларында белсенді жұмыс жасайды. Компанияның жылдық айналымы шамамен 20 миллиард АҚШ долларын құрайды. Аталмыш компания 4 мұнай өңдеу зауыты мен 2 машина жасау зауытының иесі болып табылады.
Сөз жоқ, бұл облыс халқы үшін өте жағымды жаңалық. Зауыт салынып, іске қосылған жағдайда мұнда 700-ге жуық адам еңбек етеді. Иә, бұл облыс әкімінің бастамасымен қолға алынып жатқан аймақ экономикасын әртараптандыру, оның ішінде металлургиялық кластерді қалыптастырудағы алғашқы ірі нәтижелердің бірі деп сеніммен айтуға болады.
Ферроқорытпа дегеніміз – бүгінгі таңда жоғары технологиялық болат өндірісінде берік, сапалы болат алу үшін қолданылатын қоспа түрі. Оның да әр түрі болады. Қызылорда қаласында салынатын зауыт соның ішінде төмен алюминийлі ферросилиций өндіретін болады. Ферросилиций негізінен болаттың барлық қолайлы сорттарын байыту үшін, сонымен бірге трансформаторлық және конструкциялық болаттардың бірқатар белгілерін күшейту үшін қолданылып келеді.
Осындай жобалардың бәрі жүзеге асып жатса, Қызылорда облысында металлургия саласы мықтап дамиды. Бұл өз кезегінде аймақтың экономикалық дамуына айтарлықтай серпін беретіні сөзсіз. Осылайша күрішті аймақ өз кезегінде құрышты өңірге айналатын болады.
Ыдырыс ТҰРЛЫҒҰЛОВ.
« Мамыр 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | |||
5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 | 11 |
12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 | 18 |
19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 | 25 |
26 | 27 | 28 | 29 | 30 | 31 |