АУЫЛДЫҢ АЖАРЫН АШҚАН «АҚНИЕТ»

АУЫЛДЫҢ АЖАРЫН АШҚАН «АҚНИЕТ»Елімізде шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бағытында көптеген ауқымды шаралар атқарылуда. Елбасының жыл сайынғы қазақстандықтарға арнаған Жолдауларында кәсіпкерлікті қолдауға барынша көңіл бөлініп, нақты тапсырмалар жүктелетіні белгілі. Соның негізінде кәсібін енді ғана қолға алған әрбір азамат мемлекеттің қамқорлығын сезінуде. Мемлекет басшысы таяуда ғана өзінің Қазақстан халқына арнаған «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында да кезекті мәрте бизнеске бейжай қарамайтынын байқатты. Және оның дамуына қолайлы жағдай жасау күн тәртібінде тұрған басты мәселелердің бірі екенін жеткізді.

Елбасы Жолдауда шағын және орта бизнесті, сондай-ақ, ірі кәсіпкерлікті же­ңілдікпен несиелеуге қосымша 100 мил­лиард теңге бөлу қажеттігін, ол тамақ және химия өнеркәсібіндегі, машина жа­саудағы, сондай-ақ, қызмет көрсетулер са­ласындағы жобаларды жүзеге асыруды қам­тамасыз ететінін айтты. «Шағын және орта бизнес пен іскерлік белсенділікті қолдау бойынша жұмысты жалғастыру қажет. Бүгінде Ұлттық қордан ШОБ-ты қолдауға және несиелеуге бағытталған 100 миллиард теңге толықтай игерілді. Бұл 4,5 мың жұмыс орнын құруға мүм­кіндік береді. Бұл қаржыға сұраныс ұсы­ныстан 23 миллиард теңгеге асып түсті. Бизнесті 10 жылға бар-жоғы 6 пайызбен несиелеудің бұрын-соңды болмаған шар­ты жасалды. Мұндай шарттар біздің елі­мізде бұған дейін болған емес. ШОБ-ты экономикалық өсімнің драйвері ретін­де дамыту және оның үлесін 2050 жылға қарай ІЖӨ-нің 50 пайызына ұлғайту бой­ын­ша жұмысты жалғастырған жөн. Сон­дықтан шағын және орта бизнес үшін 2015-2017 жылдары жалпы сомасы 155 миллиард теңге несие желілерін АДБ, ЕҚДБ, Дүниежүзілік банк есебінен тиімді пайдалану қажет»,– деп Елбасы Жолдауда нақтылай түсті. Бұл бизнесті тағы бір серпілтіп тастайтыны белгілі.

Кәсіпкерлік ел экономикасын өр­кен­­де­тетін негізгі күш. Сондықтан оған деген қамқорлық та мемлекет та­ра­­пынан толастамақ емес. Біздің өңі­рімізде де «Кәсіпкерлікті дамытудың жол картасы-2020», «Жұмыспен қамту-2020», «Инвестор-2020», басқа да мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру аясында көптеген жұмыстар атқарылуда. Бұлар­дан бөлек, аймақта 2013 жылдан бері «Ақниет» әлеуметтік серіктестік бағдар­ламасы жүзеге асырылып келеді. Бұл бағ­дарлама әлеуметтік-экономикалық мән­­­ге ие және ауыл инфрақұрылымын да­­мытуға арналған үздік жобаларды анық­­тап қолдауға, халық шаруашылығы үшін жағдай жасауға, тұрғындардың бас­тамаларын іске асыруға, ауылдық жер­лерде жаңа жұмыс орындарын құруға және іскерлік белсенділікті қолдауға ба­ғытталған.

«Лукойл Оверсиз Сервис БВ» ком­паниясының жетекшілігімен жүргізілетін бағдарлама Қармақшы, Жалағаш жә­не Сырдария аудандарын қамтыды. Бай­қауға мүмкіндігі шектеулі жандар, жал­ғызбасты аналар, көпбалалы және тұр­мысы төмен отбасылар мен 18-ден 30 жасқа дейінгі жастар қатыстырылды. Бағ­дарлама аясында «Әлеуметтік кәсіпкер», «Жаңалық», «Қолөнер», «Қамқор», «Бас­та­ма» және «Игілік» номинациялары бел­гіленді. Алғашқы жылы байқауға 1500-ден астам өтініш түскен. Соның ішінде ең жақсы деген 77 жоба жеңімпаз атанып, «Лукойл» компаниясының қайтарымсыз грантына ие болды. Сол жылы бағдарлама нәтижесінде аймақта 17 шаштараз, 5 тұр­мыстық техниканы жөндеу сервисі, 10 тігін, кондитерлік цехы мен наубайхана, стоматологиялық кабинет, балалар ойын-сауық кешені, музыкалық мектеп пен балабақша, өзге де бірқатар әлеуметтік жұмыс орындары ашылып, бүгінде ха­лық­қа қызмет көрсетуде.

Облыс әкімінің бастамасымен өмірге келген «Ақниет» әлеуметтік жобасы өз кәсібін ашып, ісін бастауға ниеттенген ауыл азаматтарына үлкен қолдау болғаны сөзсіз. Екінші жағынан, елде кіші және орта бизнесті дамытуға жасалған игі қа­дам болса, оған қоса аудандардың әлеу­меттік-экономикалық өсуіне жол ашқаны анық.

АУЫЛДЫҢ АЖАРЫН АШҚАН «АҚНИЕТ»Бағдарламаның екінші кезеңі де өзінің сәтті жалғасын тапты. Биыл да бұл жоба жоғарыда аталған үш ауданда жүр­­гізілді. Үстіміздегі жылы «Ақниет» бағдарламасы аясында жарияланған кон­курсқа алты номинация бойынша 1151 өтініш түсті. Атап айтқанда, «Қоғамдық кәсіпкер», «Жаңалық», «Қолөнер», мүм­кін­дігі шектеулі жандар үшін «Қамқор», ауыл жастары үшін «Бастама» және көпбалалы немесе жағдайы төмен отба­сы­ның ата-аналары, жалғызбасты аналар үшін «Игілік» номинациясы бойынша қажетті қаржылар берілді. Қонкурс қо­ры­тындысында жалпы саны 97 адам же­ңімпаз атанып, өз кәсібін бастауға мүм­кіндік алды.

Аталған бағдарламаның өмірге кел­ге­ніне ауыл тұрғындары дән риза. Оны грант иегерлерін әңгімеге тарту ба­рысында байқадық. Мәселен, Сырдария ауданы Нағи Ілиясов ауылының тұр­ғыны Әйгерім Омарова «Ақниеттің» же­ңімпаздарының бірі. Бағдарламаға қа­тысып, қаржылай көмекке ие болғанға дейін жұмыссыз жүрген. Өз кәсібін ашу­ды қанша ойлағанымен, қолында қаржысы болмағандықтан тәуекелге ба­ра алмапты. Сөйтіп жүргенде аталған бағдарламаның өмірге келгені жайлы естіп, оның шарттарына қанығады. Өз бизнес жоспарын ұсынған Әйгерім грант иегері атанып, өзі қалаған ісін бастауға мүмкіндік алады. Бүгінде ол шаштараз ашып, кәсібін дөңгелетіп отыр.

– Бұған дейін біздің ауылда шаштараз жоқ еді. Осы олқылықтың орнын толтыру менің көптен арманым болатын. «Ақниет» бағдарламасының арқасында арманымды жүзеге асырудың сәті түсті. Өзіме қа­жет­ті қаржыға ие болып, соның негі­зінде шаштараз қызметін жолға қой­дым. Құдайға шүкір, кәсібім өзіме ұнай­ды, тұрақты тұтынушыларым да бар­шылық. Осының бәрі облыс әкімінің бас­тама­сымен өмірге келген «Ақниеттің» арқасы. Өзім осы бағдарламаның алғашқы же­ңім­паздарының бірі болғанымды мақ­тан тұтамын, – дейді Әйгерім ағынан жарылып.

Жалағаштық жеңімпаздың бірі – «Ең­­бек» ауылының тұрғыны Сардар Ис­­маилов. Бұған дейін жұмыссыздар қа­­та­рында болған Сардарға «Ақниет» үл­­кен сәттілік сыйлады. Қолының еп-се­бі бар жігіт бала-шағасын асырау қа­мымен әркімнің бұзылған тұрмыстық тех­никаларын жөндеп жүрген-ді. Ара­сын­да осынысын тұрақты кәсіп етіп, өз ше­берханасын ашуды ойлап қоятын. Бі­рақ жоқтық жомарттың қолын бай­ла­­­ған емес пе? Барлығы қаржыға ке­ліп тірелгенде бұл ойы құр қиял болып көрінетін. Алайда «Ақниет» бағ­дар­ла­­масы Сардардың қиялының шын­дық­қа айналуына мүмкіндік берді. Өз бағын сынап көру мақсатында бай­қау­ға қатысқан ол қаржылай көмекке қол жеткізді.

– Бүгінде өзім қалаған ше­бер­ханамды ашып, жұмысын жүргізіп отырмын. Тоңазытқыш, кір машинасын, тоқ пештерін жөндеумен айналысамын. «Ақниет» бағдарламасына алғысым шек­сіз. Бұл бағдарламаның біз секілді қа­рапайым ауыл тұрғындарына беріп отыр­ған көмегі өте зор. Әсіресе, жұмыссыз жан­дарға үлкен қолдау болмақ. Қара­пай­ым жандарда артық ақша қайдан бол­­сын, қаржысы болмағандықтан кәсіп ашуды тек қиял көретіндер баршылық. Осы орайда «Ақниет» өз кәсібін ашып, кәсіпкерлікті бастаймын деушілерге тап­тырмас демеуші деп ойлаймын. Сон­дық­тан бағдарламаның ғұмырлы болуын ті­леймін, – дейді ол.

Беріліп тұрған мүмкіндіктен құр қал­мауды ойлап, байқауға қатысқан жан­ның бірі – Сырдария ауданы, Тереңөзек кен­тінің тұрғыны Ғалия Алдамжарова. Қайтарымсыз гранттың негізінде ол өзі армандаған стоматологиялық кабинетін ашып, тұрғындарға қызмет көрсетуде.

Бағдарламаға қатысып, жеңімпаз атан­­ған Жалағаш ауданы Аққыр ауылы­ның тұрғыны Балжан Сатыбалдиева да бүгінде өз кәсібін дөңгелетіп отыр. Ол тігін цехын ашып, тұрғындардың көрпеше, перделерін тігіп, тапсырыстарын сапалы орындайды.

Елімізде шағын және орта кәсіп­керлікті дамытуға баса көңіл бөлі­ну­де. Бұл орайда «Ақниет» бағдарла­ма­сы­ның көтеріп отырған жүгі салмақты. Бағ­дарламаның жүзеге асырылуы нәти­жесінде екі жылда облыс кәсіпкерлерінің саны 174-ке артты. Ауыл тұрғындарының арманын ақиқатқа айналдырған «Ақ­ниетке» жұртшылық дән риза.

Айнұр БАТТАЛОВА.


ДӘУЛЕТ 29 қараша 2014 г. 1 218 0