« Сәуір 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | |
7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 | 13 |
14 | 15 | 16 | 17 | 18 | 19 | 20 |
21 | 22 | 23 | 24 | 25 | 26 | 27 |
28 | 29 | 30 |
Елбасының тапсырмасына орай елімізде ата кәсібіміз – мал шаруашылығын өркендетуге барынша жағдай жасалуда. Өзге аймақтарға қарағанда ертеден-ақ аграрлық салаға арқа сүйеген Сыр елінде бұл бағытта баянды тірліктер жүзеге асып жатыр. "Сыбаға” бағдарламасы негізінде соңғы жылдары аймақта төрт түлік мал басы молайып, олардан алынатын өнім көлемі көбейтіліп қана қоймай, оны өңдеу де қолға алына бастады.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасынан алған нақты деректерге жүгінер болсақ, бүгінде аймақта 259,4 мың бас мүйізді ірі қара, 591,5 мың бас қой мен ешкі, 84,3 мың бас жылқы, 35,4 мың бас түйе малы мен 93,4 мың бас құс өсірілуде. Егер өткен жылдың осы кезеңімен салыстырар болсақ, мүйізді ірі қара басы 5,1 пайызға, жылқы 9,5 пайызға, түйе саны 3,5 пайызға көбейген. Сондай-ақ, өткен жылмен салыстырғанда ет өндіру 2,3 пайызға, ал сүт өндіру 4,0 пайызға артып отыр. Ағымдағы жылы мал шаруашылығын қолдауға республикалық бюджеттен 950 млн. теңге қаржы қаралып, бұл қаржы жоспарға сәйкес игеріліп, мал шаруашылығымен айналысатын 283 шаруашылық субсидия алған.
"Сыбаға” бағдарламасы негізінде "Ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін дамыту” жобасына сәйкес облыс бойынша 2011-2015 жылдар аралығында фермерлік шаруашылықтар ұйымдастыруға 8,7 мың бас мүйізді ірі қара сатып алу мен 5 мың бастық мал бордақылау алаңын салу жоспарланған болатын. Бүгінге дейін аталған жобаның аясында "ҚазАгро ҰБХ” акционерлік қоғамынан 214 шаруа қожалығы 1667 млн. теңге несие алып, 9529 бас сиыр мен 510 бас ет бағытындағы асыл тұқымды бұқа сатып алып, бар-жоғы төрт жылдың ішінде бес жылдық жоспарды 136,1 пайызға орындаған. Сондай-ақ, "Сыбаға” бағдарламасы негізінде бүгінгі күнге дейін 4943 бас төл алынып, мүйізді ірі қара мал басы күрт көбейе бастаған. Айтқандай, жоба аясында мал сатып алу бойынша Қызылорда облысы республика деңгейінде көш басында келеді. Мүйізді ірі қара мал басын көбейтуде Қазалы, Арал, Жаңақорған, Сырдария аудандары алдыңғы қатарда тұр. Сонымен бірге бұл аудандарда мал шаруашылығымен айналысатын шаруашылықтардың да қатары жыл санап көбейіп келеді екен. Қараңыз, биылғы жылы бір шаруа қожалығы "ҚазАгроӨнім” акционерлік қоғамымен еншілес "KazMeat” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен ет бағытындағы мал шаруашылығын ұйымдастыру мақсатында 37 млн. теңге несие алып, 210 бас мүйізді ірі қара мен 7 бас ет бағытындағы асыл тұқымды бұқа сатып алды. Ал, тағы бір шаруа қожалығы репродуктор шаруашылық ұйымдастыру мақсатында ет бағытындағы асыл тұқымды "Қазақтың ақ бас” сиырының 160 бас қашары мен 20 бас бұқасын өз қаржысы есебінен сатып алған. Жобаға сәйкес мал тұқымын түрлендіруге қатысып жүрген шаруашылықтардың аналық сиырларды асыл тұқымды бұқамен қамтамасыз етуі бойынша республиканың орта көрсеткіші 93 пайызды құрап отырса, облыстың орта көрсеткіші 97 пайыз. Жоба басталғалы аймақ бойынша қуаттылығы 1650 басты құрайтын 18 мал бордақылау алаңы есепке алынып, жұмыс жасап жатыр. Сондай-ақ, "Жирен” шаруа қожалығы 500, "Алиакбар Ата Агро” шаруа қожалығы 150 бастық, ал "Шағырай” шаруа қожалығы 100 бастық мал бордақылау алаңдарын өз қаржысы есептерінен салдырған.
Сыр аймағында ата кәсібіміз – мал шаруашылығын өркен жайдыруға баса назар аударылуда. Өйткені, "Сыбаға” бағдарламасының ел-халыққа берер сыбағасы мол болмақ.
Еркін АҚҚАЛИҰЛЫ.
« Сәуір 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | |
7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 | 13 |
14 | 15 | 16 | 17 | 18 | 19 | 20 |
21 | 22 | 23 | 24 | 25 | 26 | 27 |
28 | 29 | 30 |