ӨҢДЕУ САЛАСЫН ӨРКЕНДЕТУДІҢ ӘЛЕУЕТІ МОЛ

Қазақстанда, оның ішінде Сыр өңірінде экспорт үлесі, әлбетте мұнай мен газға және басқа да шикізат өнімдерін өндірумен байланысты. Жалпы экспорт үлесінде Қазақстандағы жылу-энергетикалық тауарлардың үлесі өткен жыл қорытындысы бойынша 75 пайызды құрайды.

Осының барлығы Қазақстан, оның ішінде Сыр өңірі үшін шикізат ресурстарын өндіру мен өңдеудің қаншалықты маңызды екенін айғақтайды. Бұл, сайып келгенде, біздің болашағымыздың даму көкжиегін, іс-қимыл жоспарымыздың бағыт-бағдарын айқындайды. Ал оның негізі аймақ басшысының 2020 жылға дейінгі стратегиялық жоспарында көрініс беріп отыруы негізсіз емес.

Өткен жылы Елбасы Сыр өңіріне жұмыс сапарымен келгенде, біздің жайбасарлығымызды емеурінмен білдірді. Өңір бюджетінің 15-18 пайызы ғана өзіміздің несібеміз екенін ескерсек, біз үшін бұл емеуріннің астарынан атқарылатын шаруаның шаш етектен екені аңғарылады.

Аймақ басшысы соңғы уақытта осынау бүгінгі күннің өзекті мәселесіне барынша назар аудара бастады. Сараптау көрсеткеніндей, жалпы өнеркәсіп өніміндегі өңдеу өнеркәсібінің үлесі 2010-2012 жылдары облыста тиісінше 4,5, 4,0, 4,3 пайызды құрады. Демек, облыста өңдеу өнеркәсібін жаңа бағытта дамыту бойынша үлкен шаруалар өз кезегін күтіп тұр.

Өткен жылдың статистика деректері көңілге сенім ұялатады. 2013 жылы 2012 жылмен салыстырғанда облыста өңдеу өнеркәсібінің өсімі 19,3 пайызды құрады. Статистикада бірінші рет өңдеу өнеркәсібіндегі жан басына шаққандағы өнім көлемі көрініс тапты. Сөйтіп, облыста өңдеу өнеркәсібіндегі еңбек өнімділігі жан басына шаққанда 15,2 мың АҚШ долларын құрады. 2012 жылмен салыстырғанда 90,6 пайыз өсімге қол жеткізілді. Бұл республикадағы бірінші көрсеткіш. Талдау көрсеткеніндей, өңдеу өнеркәсібіндегі өсім газ, күкірт қышқылы өндірісіндегі серпінді жобалардың жемісі болып табылады, демек, облыс басшысы экономиканың дамуына үдемелі қарқын қоса алатын буындарды дәл айқындады. Ал сырқаттың диагнозы дәл анықталса, бұл сырқаттан айығудың басты жолы емес пе?

Қазірдің өзінде өңдеу өнеркәсібіндегі оңды қадамдардың жалпы алғанда мұнай мен газды ұқсату арқылы жасалатынын, ал бұл салада бізде кезегін күткен түйіндер көп екені айқын сезіле бастады.

Өңірлердің дамуы Қазақстанның болашақта өркендеуінің негізгі түпқазығы, бұл Елбасының алға қойып отырған келелі міндеттерінің бірі. Ал, кешегі аграрлық сипатта өркендеп, өндірісі кенжелеп қалған Сыр өңірі таяу болашақта Қазақстанның қуатты, экономикасы қарыштап дамыған өлкесіне айналуы үшін жоғарыда айтқан салаларға үміт арта алады.

Әзірге облыс Қазақстан бойынша дамудың барлық көрсеткіштері жөнінен орташа деңгейден төмен дамып келеді. Атап айтқанда, жан басына шаққандағы ішкі аймақтық өнім Қазақстанның орташа көрсеткішінен біршама төмен. Облыс әкімі бір жыл көлемінде біршама түйінді мәселелерді талдау сүзгісінен өткізгенде тау-кен өндірісінің әлеуетіне негіз артатынын сездірді. Бұл тұрғыда өңірдің әлеуеті жеткілікті, облыс төңірегі қазба байлықтарға бай, осының өзі өңірде өңдеуші өнеркәсіпті дамытуға ерекше негіз қалайды. Бірақ... Өңірде барлығы ойдағыдай болып жатса кәнекей?

Облыс басшысы өңірдегі тау-кен өнді­рісінде қалыптасқан жағдайға алаң­даушылық білдіре отырып, жақында республика Мұнай-газ министрі Ұзақбай Қарабалиннің алдына бірқатар мәселе­лерді алға тартты.

ҚР Статистика агенттігінің мәліметтері бойынша 2013 жылы Қызылорда облысында 10,6 миллион тонна шикі мұнай өндіріліп, 2012 жылғы өндіру көлемінің 97 пайызын құрады. Жыл ішінде «Торғай Петролеум» АҚ бойынша ғана өндіру көлемінің төмендеуі 450 мың тоннаны құрады. Осыған қарамастан, облыс мұнайшылары өндіру көлемінің 250 мың тоннаға дейін төмендеу орнын толтыра алды.

Енді 2014 жылғы қаңтар-қыркүйек айларындағы көрсеткіштерге тоқталайық. 2013 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өнеркәсіп өнімінің нақты көлемі біршама төмендеді. Бірақ, облыстың кейбір өңірлерінде өндіріс көлемінің өсуі тіркелді. Өңдеу өнеркәсібінде өнім көлемі салыстырмалы кезеңде 0,7 пайызға өссе, оның ішінде тамақ өнімдерін өндіру 5,7 пайызға артты. Атап айтқанда, ет, балық, сүт, нан, күріш өнімдерінің өсімі біршама қарқын алып келеді. Облыста өңдеу өнеркәсібіне жататын жиһаз, резеңке және пластмасса бұйымдарын шығаруда оң өзгерістер бар. Жаңадан резеңке бұйымдарын шығаратын «Қазкаучук» ЖШС іске қосылды. «Азоваралагромаш» ЖШС ауыл шаруашылығы техникалырын шығаруда. Сонымен бірге облыста химиялық өнеркәсіп өнімдерін өндру саласы жолға қойылып келеді. Осы сала бойынша «СКЗ-U» ЖШСкүкірт қышқылын шығарса, «ШНС» ЖШС биоотын, «Байкен-U» уран өңдеумен айналысуда.

Аймақтың негізгі кен орындарында өндіру көлемінің күрт төмендеуіне қарамастан, өнім өндірісінің көлемі 2012 жылмен салыстырғанда 100,1 пайызды құрады. Осы көрсеткішке өңдеу өнеркәсібінің жоғары өсу қарқыны арқасында қол жеткізілгенін атап өту маңызды. Өңдеу өнеркәсібінің Республика бойынша орташа өсу қарқыны 1,6 пайыз болса, Қызылорда облысында ол 19,3 пайызды құрады.

Аймақ басшысы мұнай өндірудің алдағы 5 жылға арналған болжам межелеріне талдау жасап, оның жыл сайын 5-6 пайызға төмендейтініне алаңдаушылық білдіріп отыр. "Мұнай өндіру коэффициентінің орташа көрсеткіші 20-60 пайызды құрайтын болады. Бұл көрсеткіштер бізді қанағаттандырмайды. Сондықтан кен орындарындағы мұнай өндіру көлемін инновациялық әдістерді енгізу арқылы арттыру өзекті мәселе болып табылады”, – деді ол Мұнай-газ министрімен кездесуде. Шындығында алаңдайтын мәселе, қалай айтқанда да, шұғыл шаралар кешенін қабылдамаса болмайды.

Облыс басшысының атап өткеніндей, қазір бірінші және екінші мұнай қайтарымын арттыру тәсілдерінің орнын үшінші тәсіл басуда. Мұндай тәсілдерге, әдетте, ең алдымен жылу, газ, химия және микробиологиялық технологиялар секілді жаңа технологиялар жатқызылады.

Мысалы, сарапшылардың баға­лауын­ша, мұнай өндіру коэффициентін 0,1 пайыз арттыру аймақтағы мұнай қорларын 30 млн. тоннаға ұлғайтуға мүмкіндік береді. Бұл аймағымыздың 3 жылдық мұнай өндіру көлеміне тең. Әрине, осының барлығы айтуға оңай шаруалар қатарына жатады. Аймақ мұнайшыларының әртүрлі инвестициялық форумдар арқылы Ресей ғылыми-зерттеу институтының өкілдерімен кездесуі алдағы уақытта түйінді мәселелерді оңтайлы шешеді деп ойлаймыз.

Қазіргі таңда Елбасының тапсырмасына сәйкес, геологиялық барлау Қазақстан дамуының басымдықтарының біріне айналды. Ал Сыр өңірі үшін бұл өте маңызды, себебі алдағы жылдары өңдеу секторының жоғары қарқынмен дамуының өзі мұнай-газ саласындағы өндіріс көлемі төмендеуінің орнын баса алмайды.

Еліміздің минералдық-шикізат базасын жаңғырту үшін барлау аймағын кеңейту қажеттігі туындайды. Яғни, барлығы озық жаңа геологиялық және геофизикалық әдістерді қолдануға, геологиялық барлау көлемдерін ұлғайтуға тіреліп тұр.

Алайда, жер қойнауын алдын ала гео­логиялық зерттеудің төмен деңгейі, геологиялық инфрақұрылымның әлсіздігі, сертификатталған зертханалардың жоқ­тығы, қолданбалы ғылым деңгейінің тө­мен­деуі және кәсіби кадрлардың жетіс­пеушілігі мұнай және газ саласын әрі қарай дамытудың басты кедергілері болып табылады.

Осы орайда облыс әкімі өңірге келген республиканың салалық министрлік басшыларына Оңтүстік Торғай, Шу-Сарысу және Сырдария шөкпе бассейндерін бірлесіп зерттеуіміз қажеттігін мәлімдеді. Мұнда көмірсутегінің қомақты қорларын анықтау болжанып отыр. Аймақ басшысы бұл мәселелерді тек мемлекеттік органдар мен мемлекеттік бюджет арқылы шеше алмайтынымызды айтып, геологиялық барлауда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік ұстанымдарын кең пайдалану керектігін мәлімдеді. Неге? Жер қойнауын зерттеу, ондағы қорлардың қаншалықты пайда әкелетінін болжап білу тәуекелі көп шаруа. Ал ықтимал инвесторлар әдетте мұндай тәуекелге бара бермейді.

Елбасының тапсырмасына сәйкес, республикамыздың оңтүстік өңірлерін газбен қамтамасыз етуге бағытталған «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырын салу жобасы жүзеге асырылуда. Осы магистральды газ құбыры құрылысының бірінші кезеңі аяқталуына орай, Қызылорда облысында елді мекендерді газдандыру бойынша дайындық іс-шаралары жүргізілуде. Екі жыл ішінде облыс тұрғындарының 70 пайызын қамтитын 21 елді мекен кезең-кезеңмен газдандырылады деп жоспарлануда.

Осының барлығы, сайып келгенде, өң­деу өнеркәсібінің өркен жаюына сүбелі үлес қосады. Егер облыстың келешегі тау-кен өндірісінің дамуымен сабақтас болса, онда аймақта кешенді жобаларды тиянақты түрде қолға алу қажеттігі туындап отыр.

Аудандар бюджетінің 80 пайызға жуығы жоғары бюджеттердің қаржысынан құралып отырғаны әлеуметтік-экономикалық даму деңгейінен айқын көрініс береді. Бірақ облыста жоғарының көмегін азайту бағытында алғашқы қадамдар жасалып жатыр. Үстіміздегі жылы облыс өз кірісін 12 млрд. теңгеге өсірді.

Сонымен бірге өңірде экономиканың басты салалары – мұнай, газ, уран, ас тұзы және басқа да шикізат өнімдерін өндіру көлемі төмендемей, керісінше, өсіп отыруы маңызды шарт болып табылады. Бұл облыс әкімінің принципті ұстанымы, экономиканы қосылған құны жоғары өніммен қамтымай аймақ серпінді дами алмайды.

Жалпы, Қызылорда облысы – өзінің экономикалық дамуы ерекшелігіне қарай бірқатар салаларды қайта құрылымдау арқылы өңдеу өнеркәсібін дамытуға нақты бетбұрыс жасай алатын аймақтың бірі. Сол себептен де аймақты дамытудың 2020 жылға дейінгі нақты бағыттары белгіленді. Осының барлығы уақыт өте келе жемісін беретін болады.

Соңғы деректер бойынша халықтың орташа атаулы ақшалай табыстары 400 мың теңгеден астам көлемді құрап отыр. Бұл өткен жылдың 8 айымен салыстырғанда 9,5 пайызға жоғары. Ал, 2014 жылдың тамыз айында халықтың орташа жан басына шаққанда атаулы ақшалай табыстары 53,4 мың теңгені құрады. Бұл өңірлер бөлінісінде алғашқы ондықтың қатарына еніп отырғанымыздың белгісі болып табылады. 2013 жылдың тамыз айымен салыстырғанда атаулы ақшалай табыстардың өсімі 8,5 пайызды құрады, нақты ақшалай табыстан 4,4 пайызға жоғарылады.

Аймақта соңғы уақытта индустриалды-инновацилық бағыттағы жобалар сәтті жүзеге асырылуда. Бұл өңір дамуына оң ықпал жасайды деп сенеміз.

Ж.ӘЛМАХАНҰЛЫ.


ДӘУЛЕТ 25 қараша 2014 г. 1 078 0