СЕКСЕУІЛГЕ СЕРПІН БЕРГЕН ЖОБА

Сексеуіл облыс орталығынан ең жырақтағы қоныс. Ауданда көлемі жағынан Арал қаласынан кейінгі орынды иеленеді. Кентте 11 мыңға жуық адам тұрады. Бұл саны жағынан республикадағы кейбір аудан орталығымен теңеседі деген сөз. Мұндағы ағайынға базар, сауда қатары, шаруа қожалықтары, жанармай құю бекеттері, дәріханалар өзге де нысандар қызмет жасайды. Теңіз төскейінің әлеуметтік-экономикалық дамуына бюджеттік мекемелермен қатар теміржол саласы, кәсіпкерлер қомақты үлес қосуда. Тұрғындардың басым бөлігі телефон нүктесімен, «Activ», «Beeline» жүйесімен қамтылған.

Сексеуілде бірқатар шараларды жүзеге асыру межеленген. «Жезқазған-Бейнеу» теміржолының жобасы өңірдегі өрелі іске жол ашты.Үдемелі индустриалды-инновациялық даму және «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасымен аталмыш теміржол құрылысы басталғаны белгілі. Басты мердігері «Базис-А» құрылыс компаниясы, «Жол жөндеуші» ЖШС болып танылған-ды. Жобаның мән-мағынасы «Елдің өркенін білгің келсе, жолына қара». Жол – шын мәнінде өмірдің өзегі. Барлық аймақтар теміржолмен,әуе жолымен тығыз байланысуы керек. Алысты жақын ету – Жолдаудың басты түйіні» деген Елбасымыздың лебізімен үндесіп жатқандай. Маңызды жоба ұйымшылдықпен іске асырылуда. Алайда жетістіктер оңайға түспеді.

2012 жылдың шілде айы. Сексеуілдің үлкен-кішісі көтеріңкі көңіл-күйде жүр. Жайшылықтағы ми қайнатар аптап қоңыр салқын күйге енген. Құдды табиғат ананың өзі де перзенттеріне мейірін төгіп тұрғандай. Қаз-қатар тігілген аппақ баспаналар. Көкке самғаған әсем әуен, құйқылжыта төгілген күй ерекше салтанат сыйлайды. Халық Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өтетін телекөпірді күтуде. Баршаның назары көгілдір экранға ауған. Кезегі жеткенде «Жезқазған-Бейнеу» теміржолының маңызы баршаға мәлім болды. Елбасымыздың «Бұл еліміздегі ең ірі жоба­лардың бірі. Дүниежүзінде мың шақырымнан асатын теміржол құрылысын салып жатқан бірде-бір мемлекет жоқ. Жоба барысында мыңдаған адам жұмысқа орналасады. Мемлекеттің басты мақсаты – халықтың әл-ауқатын жақсарту» деген лебізіне дүйім жұрт теңіздей толқыды. Президенттің ақ тілегі, рұқсатынан соң алғашқы шпал төселді. Сонан бері еңбек ырғағы бәсеңдеген емес.

«Жоба бойынша теміржол Абай, Атанши елді мекендерінен өтеді. Жезқазғанға ұласады. Келешекте Сексеуіл тораптық стансаға айналады. Көптеген құрылыстар салынады. Инфра­құрылымы дамиды» деген әңгімелер шындыққа айналды. Халық айтса қалт айтпайды екен. Телегей тер төгілді. Қыруар шаруа тындырылды. Бұған "Қазақстанның құрметті құрылысшысы” Марат Көпешов басқаратын «Базис-А» құрылыс компаниясы да білек сыбана кірісті. Осынау ақын жанды азамат басшылық жасайтын ұжым ортақ істен тартынған жоқ. Өлшеусіз жігер-қайрат жұмсалды. Миллиондаған тек­ше метр жерге топырақ тө­сел­ді. Шпалдар жүргізілді. Теміржол өткелдері, автожол маңына көпір, су, мал өткізу құрылғылары салынды. Төсеніш баурайлары безендірілді. Су құрылғыларына аркалар қалыптастырылды. Бәлкім, сырт көзге мұның баршасын тізбектеп жазу ұсақ-түйек көрінуі де ықтимал. Алайда салғырттықты көтермейтін жолаушылар тасымалында ешнәрсе елеусіз қалмауға тиісті де.

«Мекемедегі жұмысшы-қыз­­мет­керлердің басым бөлігі Сексеуіл­дің тұрғындарынан жасақталған. Құрылысқа қа­жет­ті техникалардың бәрі сақа­дай сай. Бүгінгі таңда әлденеше мердігер мекемелер бар. Қарашеген стансасынан салынған тұрғын үй жуырда пайдалануға берілмекші. Келер жылы Абай елді мекенінен балабақша, бірсыпыра тұр­ғын үйлер бой көтереді» дейді «Базис-А» құрылыс ком­пания­сының директоры Марат Көпешов.

Еселі еңбек жемісін бер­ді. Бірнеше ай бұрын Елба­сымыз қатысқан тікелей көпір­де «Сексеуіл-Жезқазған» теміржолы­ның ашылу салтанаты өткеніне көрермендер куә болды. Бұл теңіз төскейіндегі қабырғалы қауымның көңіліне сенім отын жақты. Ал сенім табысқа жетелері хақ.

– Кенттің оңтүстік батысы­нан «Базис-А» компаниясына қызметтік тұрғын үйлер салуға жер берілген еді. Жыл аяғына дейін екі пәтерлі сегіз қызметтік үй іске қосылмақшы. Сондай-ақ келесі жылы тұр­ғын үйлердің жанынан тип­тік жобадағы балабақша, темір­жол­дың арғы бетінен 300 орын­дық мектеп ғимараты бой көте­реді деп күтілуде. Толық аяқталғанда қосымша жұмысқа тұрғындар қабылданады - дейді Сексеуіл кентінің әкімі Мейрам Тұрымбетов.

Елбасымыздың Жол­дауын­да ша­ғын және орта кәсіп­керлікті да­мы­­туға баса назар аударылған. Бұл тұрғыда Сексеуілде ауыз толтырып айтарлықтай шаруа бар. Мә­селен, жеке кәсіпкер Мей­рам­бек Таласов «Бедер» май құю бекетінің жанынан автомобильдерді диаг­нос­тикалық тексеруден өткі­зу, ав­то­жөндеу орталығы құ­рылысын жүр­гізуде. Нысан жуық арада іске қо­сылмақшы. Сондай-ақ Алтын Молжігітова сауда үйінің құры­лысын бастап кетті. Нысан алдағы жылы ел игілігіне берілмекші. Қуа­нар Бекниязовтың наубайханасы да келер жылы есігін көпшілікке айқара ашпақшы. Кеңесхан Исматуллаев болса мал сою-бордақылау құрылысы кешенін қолға алды. Толық аяқталғанда 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылады деп межеленуде.

«Балапан» бағдарламасы аясында ашылған Ләззат Сидағұлова басшылық жасайтын «Ернұр» жеке балабақ­шасы бүлдіршіндерге тағылым­ды тәрбие беруде. Оған қоса екі қабатты типтік жобадағы балабақша құрылысы жүргізілу­де. Бүлдіршіндер ордасы ел игілігіне айналар уақытқа қөп қалған жоқ. Мұнан өзге де үлгі тұтар кәсіпкерлік нысандары Сексеуілде аз емес.

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.

Арал ауданы,

Сексеуіл кенті.


ДӘУЛЕТ 22 қараша 2014 г. 895 0