« Сәуір 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | |
7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 | 13 |
14 | 15 | 16 | 17 | 18 | 19 | 20 |
21 | 22 | 23 | 24 | 25 | 26 | 27 |
28 | 29 | 30 |
Қыр артындағы қыс та есік қақты. Атам қазақтың кәсібі төрт түлік мал өсіруді нәсіп еткен малшылар қауымы қаһарлы қысқа дайындыққа бел буа, білек түре кірісіп те кеткен. Олардың қытымыр қыс алдындағы қоңырқай күздегі тыныс-тіршіліктерін көзімізбен көріп, көңілімізге түйіп қайтуды мақсат еткен біз де сапарға шыққанбыз. Жалағаш ауданына қарасты Аққыр аулындағы "Туған жер” шаруа қожалығына ат басын бұрып, осы шаруашылықтың атқарып жатқан ауқымды істерімен етене таныстық.
Біз барғанда Жүсіп Молдашораев, Мұрат Заманбеков, Жетіру Маханбетжанов сынды есімді қырқымшылар қой жүндерін түйдек-түйдек етіп жинап жатыр екен. Кезінде қой жүндеріне деген сұраныс мол болатын, ал қазір ше? Мал өнімінің осы бір жай-жапсарын білмек оймен "Туған жер” шаруа қожалығының иесі Әуезхан Есбергеновке сауал тастағанымызда:
– Бүгінде қой жүніне деген сұраныс мүлдем жоқ. Содан да бағалы мал өнімін
ысырап етіп жатырмыз. Мүмкіндігінше, осы бір толғақты мәселе облыстық ауыл
шаруашылығы басқармасы, болмаса, облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы
арқылы өз шешімін табуы тиіс қой, –
деген ол ренішін де жасырған жоқ.
Туған жерін түлетіп, ата кәсібіміз – төрт түлік мал өсіруді мұрат тұтқан Әуезхан сонау 1993 жылы алғашқылардың бірі болып жеке шаруа қожалығының шаңырағын көтереді. Әдепкіде өзінің азын-аулақ қаржысымен мал басын жинақтаған ол бертін келе, яғни, 2007 жылы "Туған жер” атты шаруа қожалығын өмірге әкеледі.
– Өздеріңізге мәлім, – дейді әңгіме үстінде Әуезхан, – ол жылдары еліміз еңсесін енді-енді тіктеп келе жатқан кезең болатын. Содан да ауылымызда жұмыссыз жүрген азаматтар қатары жетіп-артылып жатты. Не істеу керек? Демек, жұмыссыз жастарды жұмысқа тартып, туған жерді түлетуге мүмкіндігінше үлес қосуым керек деген тоқтамға келдім.
Айтса айтқандай, Әуезхан сол жылы Ақтөбе облысына қарасты Ырғыз ауданындағы "Алтын Әсел” шаруа қожалығына барып, қазақтың ірі қылшық жүнді, құйрықты, асыл тұқымды 300 бас тұсақ, 100 бас тоқты, 8 бас қошқар сатып алады. Бүгінде осы малдардың санын нақтылай айтар болсақ, шаруа қожалығында 2350 бас асыл тұқымды қой малы өсірілуде. Осының 1385 басы аналық болса, 61 бас асыл тұқымды қошқар бар. Осыншама малды бағып-қағуға "Туған жер” шаруа қожалығы ауылдың жеті отбасын тұрақты жұмысқа тартып, мал басын өсіру ғана емес, олардан алынатын өнімдерді өңдеуге де бетбұрыс жасауда екен.
– Биылғы жылы, – дейді үзілген
әңгіме жібін қайта сабақтаған Әуезхан, – асыл тұқымды аналық қойдың әр 100-нен
107-ден қозы алып, мал басын көбейте түстік. Яғни, алынған төлдің 507
аналығын өсіруге қалдырып отырмыз.
Әуезханның айтуынша, "Туған жер” шаруа қожалығының еңсесін тіктеп, мал шаруашылығының өркен жайдыруына Үкімет тарапынан қомақты қаржылай қолдау жасалуда екен. Қараңыз, шаруа қожалығына өткен жылы 1734 мың теңге берілсе, биылғы жылы 2161 мың теңге субсидия берілген. Сондай-ақ, мал азығы жемшөп дайындауға да мемлекет тарапынан қаржылай қолдау жасалмақ көрінеді.
Бұл шаруашылықтың Сыр аймағындағы мал шаруашылығын өрге бастырудағы өрелі бір істі бастап жатқаны құптарлық. Биылғы жылдан бастап аудан, облыс әкімдігінің қолдауымен Батыс Қазақстан облысындағы Жәңгір хан атындағы ұлттық университетінен ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, профессор, асыл тұқымды "Ақжайық” қойының авторы Әліби Байзақов бастаған бір топ ғалымдар келіп, шаруашылықтағы қойларды толықтай асылдандыру жұмыстарының іс-тәжірибесін жүргізуде. Олар қазіргі инновациялық жобаларды өндіріске енгізуде екен. Өздері асыл тұқымды қой ұрықтарын әкеліп, қашыртқы пунктінде қойларды қолдан қашыруда. Сөйтіп, асыл тұқымды "Еділбай” қойын өмірге әкеліп, бұл шаруашылықты Сыр аймағындағы бірден-бір базалық шаруашылыққа айналдырмақ. Яғни, "Туған жер” шаруа қожалығы болашақта асыл тұқымды мал өсіру мәртебесін алуына байланысты басқа шаруашылықтар осында келіп, асыл тұқымды қой алып, мал шаруашылығын толықтай асылдандыруға бетбұрыс жасалмақ. Егер осы шаруашылықтан асыл тұқымды бір тоқтыны 20 мың теңгеге алар болса, осының 8 мың теңгесі субсидияланып, қайтарылмақ.
"Туған жер” шаруа қожалығының жер көлемі 700 гектар болса, осының Қызылдағы "Қырықарық”, "Кәдір” жайылымдарының 450 гектары жаздық жайлау болса, 250 гектары шабындық. Қой малдары "Қоскемпір” жеріндегі қыстауға жеткізіліп, жемшөппен толықтай қамтамасыз етілген. Шаруашылық қойшылары Бостан Ақылбаев, Болатбек Бекмұратов, Қалдыбек Намұратовтар мал басын қыстан аман алып шығу бағытында құлшынысты іске кірісіп те кеткен.
– Елбасымыздың тапсырмасына
сәйкес, – дейді Әуезхан Есбергенов, – елімізде мал шаруашылығын өркендетуге
бетбұрыс жасалуда. Осыған орай біз де шаруа қожалығының қанатын кеңге
жайдырып, бір ғана қой малы емес, төрт түлік мал өсіруге кірісіп те жатырмыз.
Нақтылай айтар болсам, алдағы жылы асыл тұқымды мүйізді ірі қара мен жылқы
малын алуды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, мал басын көбейтіп қана қоймай,
олардан алынатын өнімдерді де молайтып, өңдеуге көшеміз. Келер жылы салынатын
500 бастық мал бордақылау алаңының сметалық-жобалық құжаттары дайындалып,
көктем күні жылт етісімен құрылыс жұмыстарына кірісеміз. Мал шаруашылығына
қажетті техникаларды алу да ойымызда бар.
Жоғарыда айтқандай, "Туған жер” шаруа қожалығы ауылдың 17 адамын тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Олардың айлық жалақылары 50-60 мың теңге көлемінде көрінеді. Қосымша табыс тағы беріледі. Сонымен бірге өздерінің жеке мал бастарын да көбейтіп келеді.
Шаруа қожалығының иесі Әуезхан Есбергеновты ауыл ғана емес, аудан жұртшылығы қадір тұтады екен. Әуезхан тұрмысы төмен отбасыларына қайырымдылық жасаудан кенде қалған емес. Қараңыз, өткен жылы 10 оқушының тынығу лагерінде демалуларына қаржылай қолдау жасаса, биылғы жылы "Мектепке жол” акциясы негізінде тұрмысы төмен отбасы балаларына 250 мың теңгеге киім-кешектерін алып берген. Ал кез келген ауыл тұрғындарының түрлі шараларына көмек қолын ұсынуы өзіндік бір тағылым.
Төрт түлік малды түлетіп, туған жерін түрлендіріп жүрген Әуезханның еңбегі де ескерусіз қалған емес. Облыс, аудан әкімдерінен бір емес, әлденеше рет "Алғыс хатын” алған азамат биылғы жылы Ауыл шаруашылығы министрінің "Құрмет грамотасын” иеленді.
Алаштың айтулы азаматы Темірбек Жүргенов әулетінен нәр алған Әуезхан Есбергенов тізгінін ұстаған "Туған жер” шаруа қожалығының өлкесін түрлендіре береріне бек сенімдеміз.
Еркін ӘБІЛ.
Жалағаш ауданы.
« Сәуір 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | |
7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 | 13 |
14 | 15 | 16 | 17 | 18 | 19 | 20 |
21 | 22 | 23 | 24 | 25 | 26 | 27 |
28 | 29 | 30 |