ТОҒЫЗ АЙДАҒЫ ТАБЫС

Шиелідегі өңдеу өнеркәсібінің көлемі 4 млрд. 766 млн. теңгені құрады

Мемлекет басшысының жуырда ғана халыққа жолдаған Жолдауы барлық салаға серпін берері анық. «Экономиканы дамытуда жаңа сыртқы тәуекелдерді есепке ала отырып, бізге іскерлік белсенділік пен жұмыспен қамтуды ынталандыру үшін жаңа бастамалар қажет. Жаңа Экономикалық Саясаттың Тұғыры мен бүгін жариялағалы отырған Инфрақұрылымдық дамудың жоспары болады. Ол 5 жылға есептелген және қатысуға 100-ден астам шетелдік компаниялар ниет білдіріп отырған ҮИИДБ-ны жүзеге асырудың Екінші бесжылдығына сәйкес келеді. Жалпы инвестициялық портфель 6 триллион теңгені құрайды, мемлекеттің үлесі – 15 пайыз», деді Елбасы өз сөзінде.

 

Елбасы осы маңызды құжат арқылы индустриялық инфрақұрылымдарды дамыту. Инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асы­ру құрылыс материалдарына, көліктік-ком­муникациялық, энергетикалық және тұр­ғын үй-коммуналдық салалар үшін өнімдер мен қызмет көрсетулерге үлкен сұраныс ту­дыратындығы атап көрсетілді. Яғни, ел дамуы арқылы жалпы халықтың да әлеу­меттік жағдайының көтерілуіне тағы бір мүм­кіндік жасалды деген сөз. Бұрынғы жүйеде тек жоғарының нұсқауымен тірлік етіп, өзінше өнімді шаруаға мойын бұра бермейтін қандастарымыз бұл күндері нарықтық қатынастардың тәртібіне жетік бола бастады. Белгілі бір кәсіпті игере баста­ғандар болмашы нәрсеге шығын шығарудың тиімсіздігін жете сезініп, тек бір тиынды екі етер әрекеттерге қадам басқаны күнделікті тіршіліктен анық аңғарылады.

«Шағын және орта бизнес пен іскерлік белсенділікті қолдау бойынша жұмысты жалғастыру қажет. Бүгінде Ұлттық қордан ШОБ-ты қолдауға және несиелеуге бағыт­талған 100 миллиард теңге толықтай игерілді. Бұл 4,5 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді. Бұл қаржыға сұраныс ұсыныстан 23 миллиард теңгеге асып түсті. Бизнесті 10 жылға бар-жоғы 6 пайызбен несиелеудің бұ­рын-соңды болмаған шарты жасалды. Мұн­дай шарттар біздің елімізде бұған дейін болған емес. ШОБ-ты экономикалық өсімнің драйвері ретінде дамыту және оның үлесін 2050 жылға қарай ІЖӨ-нің 50 пайызына ұлғайту бойынша жұмысты жалғастырған жөн. Сондықтан шағын және орта бизнес үшін 2015-2017 жылдары жалпы сомасы 155 миллиард теңге несие желілерін АДБ, ЕҚДБ, Дүниежүзілік банк есебінен тиімді пай­далану қажет» деді Елбасы Жолдауында.

Міне, бұл айтылғандар алдағы міндет­тердің аса ауқымдылығымен қатар елі­міз­дегі әрбір қоғам мүшелеріне жаңа мүмкін­дік­терменіскерлік қабілеттерін шыңдауға жол ашатындығын көрсетеді деп түсінеміз. Осы орайда ауыл шаруашылығымен қатар өнер­кәсіп саласын да игере бастаған оң­түс­тіктегі екі ауданның бірі Шиелі көрсет­кішіне, үстіміздегі жылдың алғашқы үш тоқса­нын­дағы көрсеткішіне зер салып көрелікші, тілсіз цифрлар былайша «сөйлеп» қоя берер еді.

Аудандағы өңдеу өнеркәсібінің өнім көлемі 2014 жылдың 9 айында 4 млрд. 766 млн. теңгеге жетсе, 2013 жылдың 9 ай­ын­да 2 млрд. 758 млн. теңгені құрап, нақ­ты көлемі 110,0 пайызға болған. Аудан­да өнідірілген өнім көлемінің 63,3 пайы­зы тау-кен өндірісінің үлесінде, ал ауыл ша­руа­шылығы өнімін өндеу 14,9 пайызды құ­рады. Ауылшаруашылықты атакәсіп деп өзі­мізге қаншама жақын тартқанымызбен, за­ман талабына сай өндіріске баса назар ау­дару қажеттігі білінеді. Дегенде, елді ме­кендер мен шалғай ауылдарда этникалық ерекшеліктерімізге сай қандастарымыздың жиірек тіршілік ететіндіктерін есте ұстай отырып, іріленген шаруашылықтар мен ша­руа қожалықтарында ауыл шаруашылығы өні­мін өндіріп қана қоймай, оны өңдеу үшін кіші кәсіпкерілік саласында заманауи үлгідегі шағын цехтар жүйесін жетілдіру жұ­мыстарын жүргізу қажеттігі көзге ұрып тұр. Өкінішке қарай, заман талабы бол­ға­нымен, шаруашылық субъектілері, кәсіп­кер­лер тарапынан бұл іске деген ынта мен іс­керлік қабілет жұмсау қолдау таппай отыр. Бастапқы пікірімізге қайта оралар болсақ, Шиелі ауданындағы көптеген өндірістік мекемелер өндірген өнімдер өз елімізбен қатар ТМД кеңістігінде сұранысқа ие бола бастады. Пластмассалық құбырлар өнді­ретін «Кемикал» ЖШС қарқыны жұртты сүй­сінтеді. Кәсіпорын биылғы жылдың 1- қарашасындағы есеп бойынша өнім көлемін 1 млрд. 779 млн. теңгеге жеткізіп, 2013 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 131,4 пайызға орындап үлгерді. Жыл соңына дейін әлі уақыт бар, сондықтан жоғарыда атал­ған көрсеткіш 2 млрд. теңгенің үстіне шы­ғары түсінікті.

Үдемелі индустриялық-инновациялық мем­лекеттік даму бағдарламасы өнеркә­сіп­тік қуаттарды импорттауға және тех­но­­ло­гиялар алмасуға бағыттауы тиіс екен­дігі айтылған. Осы орайда Сыр өңі­рінде қолдауға ие бірнеше жобалар іске асы­рылып келеді. Соның бірі жоғарыда өзі­міз тоқталған Шиелідегі полиэтилен құ­бы­ры зауыты. Өз іргетасын 2008 жылы қала­ған өндіріс орны кешеге дейін қалыпты жұ­мы­сымен аймақтағы табиғи шикізатты өн­ді­руші орындарға қажетті полиэтилен құ­бырларын шығарып келді де, бірнеше жыл бұрынғы көрші елдердегі дағдарыс сал­дарынан уақытша іркіліске тап болған-ды. Аталмыш өндіріс орны 2011-жылдан бері «Қазақ нефтехимиялық компаниясы» серік­тес­тігінде Қызылорда филиалы ретінде қай­та құрылып, түрлі көлемдегі полиэтилен құ­быр­ларын шығаруды жалғастыра бастады.

Нарық заманының талабы емес пе, құ­быр өндіретін зауыт өз өнімдерін сапалы шы­ғару мақсатында шетелдік озық тех­но­логияны игеруге күш салғандығы пай­далы әсерін көрсетті. Нақты кезеңде кә­сіп­орын Германияның «Краус Маффай» құ­рал-жабдығын пайдаланады. Олар бұған дейін тек тау-кен өндірісіне диаметрі 90х8 мм ұзындығы 11 метр құбырлар өні­мін шығарған болса, жан-жақты сұраныс­тың пайда болуына байланысты өз мүмкін­діктерін қайта қарап, бүгінгі күні сапалы полиэтилендік пластмассалы құбырлардың диаметрі 195х14,5 мм-лік 6 метр ұзындық­тағы өнімдерді көптеп шығаруды қолға ал­ған­дығы мекемемен қатар сұраныс бе­ру­шілердің өтініштерін қанағаттандыра бас­тады. Демек, маркетингтік жұмыстар өз деңгейінде орындала бастады деген сөз. Сондай-ақ, сүзгілік қабілеті жоғары КДФ 118 құбырларының бірнеше түрін тапсы­рыс­қа сай дайындап беретін болса, ауыз су тұ­ты­нуына қажетті тауарларды айналымға шығарды.

Құбыр шығаратын зауыттың жылдық қуат­тылығы 951 192 шаршы метрге жет­кізілсе, мүмкіндікті еселеп арттыруға да жол ашық. Өйткені, мамандардың біліктілігі мен құрал-жабдықтардың сенімділігі алдағы жоспарларды кеңінен қарауға жағдай жасай алады. Өндірілетін өнімнің шикізаты Қытай, Оңтүстік Корея, Ресей мемлекеттерінен та­сымалданып, жұмыс өнімділігінің негізі берік қаланғандығын атап айтқан жөн болар.

«Кемикал» компаниясының өндірген өнімдерін сатып алушылар – «Қазақстан-Қырғызстан-Ресей-Заречная» АҚ Бірлескен кәсіпорыны, «РосБурмаш Қазақстан-Ресей» АҚ Бірлескен кәсіпорынымен қатар «ТТК-Шиелі» ЖШС және де көрші Жаңақорған ауданындағы «Байкен U», «Қызылқұм» серіктестіктер. Сол секілді «Гидро Спец Строй» ЖШС, «Мех колонна 49» ЖШС, «Djoing Drilling» ЖШС мекемелерінің сұранысын игеру кәсіпорынның кеңге қанат жайғандығын білдірсе керек. Жуырда құбыр шығаратын зауытта төртінші желі іске қосылды, бұл 280 мен 630 мм аралығындағы құбыр шығару қолға алынды деген сөз. Яғни, жұмыс ауқымы арта түскендігін білдіреді. Бұл орайда «Кемикал» ЖШС-ның бас директоры Асан Рақышевтің батыл әрекеттері мен заман тынысын тез сезінетін қабілеті зауытқа табыс әкеліп отыр деп айтуға әбден болады. Кәсіпорын басындағы жұмыстарды жаңаша жүйелеп отыратын басшы іссапармен тіптен тыным таппайды. Міне, бұл бүгінгі маманның биік тұғыры іспетті десек, жаңылыса қоймаймыз. Мемлекет басшысының алдағы дағдарыс қаупінің алдын алу іс-қимылына осындай атпал азаматтардың іскерлік қабілеттері және жан аямас жанкешті еңбегі арқылы үлес қосып, дағдарысқа тосқауыл қоя аламыз.

– Басшылықтың дұрыс жоспарлауы нәтижесінде кәсіпорында жұмыс жүйелі жолға қойылумен қатар, мүмкін деген ке­дергілерге де қарсы әрекеттер бар. Сонымен қатар өндірістегі жаңалықтардан да қа­лыс қалмау жолдарын үнемі іздестіріп, ма­мандарымыздың біліктілігін жетілдіріп оты­рамыз. Бастысы, замана талабын сезі­не біліп, тапсырыс беруші әріптес ком­па­нияның сұранысын дер кезінде қана­ғаттандыру болып табылады. Әрине, бұл орайда кәсіпорындағы ұйымшылдық, әр жұмысшы-қызметкердің еңбек тәртібіне жауап­кершілікпен қарауы тиімді нәтижелерге қол жеткізеді, – дейді зауыттың атқарушы директоры Арман Әбдіқалықов. Онымен бірлесе жұмыс істеп жүрген білікті мамандар кәсіпорындағы жұмыстың қарқын алуына өз үлестерін қосып келеді. Кәсіпорын жас мамандардың қалыптасуы, өз кәсібін жетік игеруі жолында қамқорлық танытуы да құптарлық іс.

Қазіргі таңда кәсіпорында 100-ге жуық жұмысшы-қызметкер 4 ауысыммен жұмыс істейді. Олардың айлық жалақылары өз мерзімінде беріліп отырады. Үстіміздегі жылдың тоғыз айында аталмыш кәсіпорында 1 млрд. 779 мың теңгенің өнімі өндірілсе, бюджетке тиісінше салық аударылымдары молайып, олар уақытылы бюджет қоржынына түсіріліп отырылады.

Кәсіпорын өз жұмысын қайта жаңғыр­тудан бері үзіліссіз еңбек етіп келе жатқан майталман мамандар баршылық. Олардың алдыңғы сапында өндіріс директоры В.Ша­повалов, ауысым бастығы Ж.Дүйсенов, цех бастығы А.Құлахметов, технолог М.Кемалов, оператор Б.Әлиевтер өнімді еңбек иелері. Өзге де мамандар мен жұмысшылар мереке кезінде марапатталып, лайықты құрметтерге ие болып жатады. Бұл, әрине, еңбек өнімділігін арттырар шаралардың бірі. Кейінгі толқын жастарды оқытып, осы іске үйретуде мекеме үнемі мән беріп, жастарды оқыту мен еңбек тәжірибесінен өткізуді іске асырып отырады. Бұл кәсіпорындағы жұмыстың қарқын алуы мен өндіріске дем беретіндігін білдірсе керек. Жас мамандардың қалыптасуы, өз кәсібін жетік игеруі жолында қамқорлық таныту ертеңгі болашақтың жарқын екендігінің белгісі деп түсінеміз. «Экономиканы дамы­туда жаңа сыртқы тәуекелдерді есепке ала отырып, бізге іскерлік белсенділік пен жұмыспен қамтуды ынталандыру үшін жаңа бастамалар қажет», деген еді Нұрсұл­тан Әбішұлы «Нұрлы жол – болашаққа бас­тар жол» атты халыққа Жолдауында. Басты құжаттың өміршең екендігі замандас­тары­мыздың ықыласты пейілінен, бәсекеге қабі­летті отандық тауарлар өндіру тетігін таба білгендігінен аңғарылады.

 

Нұрмахан ЕЛТАЙ.

Шиелі ауданы.


ДӘУЛЕТ 22 қараша 2014 г. 1 116 0