ЗАМАНҒА САЙ ЖАҢА ЗАУЫТ

«Экономиканы дамытуда жаңа сыртқы тәуекелдерді есепке ала отырып, бізге іскерлік белсенділік пен жұмыс пен қамтуды ынталандыру үшін жаңа бастамалар қажет. Жаңа Экономикалық Саясаттың Тұғыры мен бүгін жариялағалы отырған Инфрақұрылымдық дамудың жоспары болады. Ол 5 жылға есептелген және қатысуға 100-ден астам шет­елдік компаниялар ниет білдіріп отырған ҮИИДБ-ны жүзеге асырудың Екінші бесжылдығына сәйкес келеді. Жалпы инвестициялық портфель 6 триллион теңгені құрайды, мемлекеттің үлесі – 15 пайыз.»

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауынан. 
 
ЗАМАНҒА САЙ ЖАҢА ЗАУЫТ

Жақында Астанада Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында кезекті брифинг қонағы болған Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев Сыр елінің әлеуметтік-экономикалық даму жағдайын айта келе, биыл жыл соңына дейін жаңадан іске қосылатын кәсіпорындар туралы да ақпарат берген еді. Солардың бірі – Жалағаш ауданында бой көтерген Қызыл мия тамырларын өңдеу зауыты. Бұған дейін елімізде мұндай өндіріс түрі болмағандықтан, әрі ол Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында салынып жатуы себепті аталмыш нышан ұдайы журналистер назарынан тыс қалған емес.

 

ЗАМАНҒА САЙ ЖАҢА ЗАУЫТБір-екі ай шамасы бұрын зауытта технологиялық қондырғылар орнатыла бастағанын да хабарлаған болатынбыз. Міне, сол кезде атшаптырым аумақты алып жатқан цехтың іші негізінен бос болса, бүгінгі көрінісі мүлдем бөлек. Ұзындығы 96, ені 24, биіктігі 14 метр болатын цех ішінде ол уақытта қондырғылар желісін орната бастаған автокрандар мен автокарлар үшін шыр айналып жұмыс істеуге орын жеткілікті еді. Ал енді олар тұмсығын да тыға алмайтын жағдайға келіпті. Себебі, орнатылуы тиіс тот баспайтын болат темірден жасалған 36 дана алып құтылардың ендігі отыз төрті өз орындарына орналасып болыпты. Оқырмандардың есінде болар, зауытты салып жатқан жергілікті компания – «БИС-Групп» ЖШС, ал оның әріптесі – қытайлық «Борихунда» компаниясы. Технологиялық желілерді құрастырып жатқандар осы «Борихунда» компаниясының мамандары. Барлығы сегіз-ақ адам. Әдетте, шетелдік мамандар жұмыс істеп жатқан жерде тілмаштар бірге жүретіні белгілі. Бірақ, Аспанасты елінен келген мамандар қасында еріп жүрген аудармашылар көзге түсе қойған жоқ. Сөйтсек, бұл мәселе тіпте оңай шешілген екен. «Борихунда» компаниясының жұмыс істеп жатқан сегіз монтажнигінің екеуі өзіміздің бауырларымыз болып шықты. Әлбетте, қытай тілінде де, ана тілімізде де ағып тұр. Олардың бірі – Жеңісхан Серікбай тек құрастырушы ғана емес, сонымен қатар жоғары санатты дәнекерлеуші. Қандай да бір шет тілін жақсы меңгеріп кетті деген адамның өзі техникалық аудармалар жасағанда мүдіріп қалуы әбден мүмкін. Ал бұл жердегі тілмаштар өз саласында кібіртіктемейтіні анық.

ЗАМАНҒА САЙ ЖАҢА ЗАУЫТ«Мия өсімдігін өсіру және мия тамырын өңдейтін зауыт салу» жобасының бастамашысы және «БИС-Групп» серіктестігін құрған Ділдахан Ахметовты әңгімеге тартып, зауыттың жыл соңына дейін тапсырылу мүмкіндігі қандай екенін сұрадық.

– Мен облыс әкіміне желтоқсанда жұмысты бастаймыз деп уәде бердім. Өздерің көріп тұрғандай, құрастыру жұмыстары аяқталып қалды. Сонымен қатар, оны қосуға дайындық жұмыстарын да жүргізіп жатырмыз, – деген кәсіпкер қытайлық әріптестер қалыптасқан жағдайға түсіністікпен қарап, нысан басына тәжірибелі мамандарын тартып жатқанын жеткізді. «Борихунда» компаниясының инже­нер-технологы Ли Зун осы жерде қонып жүр.

Д.Ахметовтың бұған дейін іске асырған жобасы – теміржол цистерналарын жуатын кәсіпорынды құрғанда оған өзімен қатар әріптес достары көмекке келген болса, қызыл мия тамырын өңдейтін зауыт жобасын жүзеге асыру барысында ұлдары Руслан мен Думан қасынан табылды. Олардың екеуі де Ресейдегі Губкин атындағы мемле­кеттік университеттің түлектері. Технолог мамандығына оқыған Думан салынып жат­қан зауыттың бас технологы саналса, менедж­ментке оқыған Руслан «БИС-Групп» се­ріктестігі басшысы қызметіне кірісіпті.

Мия тамырын өңдеуге қатысты басталған әңгіменің ауқымын Руслан Ахметов тіпті ке­ңейтіп жіберді.

ЗАМАНҒА САЙ ЖАҢА ЗАУЫТ– Қазақстанда, оның ішінде тіпті біздің облыста бар медицина, косметология, химия саласында пайдалануға болатын жүздеген өсімдіктер түрі өседі. Бүгінгі күні дәрілік шөп­тер дайындаушылар үшін сайсағыз немесе қасқыржем деп те аталатын (ғылыми атауы –цистанхе) өсімдік нағыз қажетті дүниеге айналуда. Оның Қытайдың халық медицинасында қолданатын жері көп. Цистанхе – сайсағыздың зәр жүргізу қабілеті зор. Бұл өсімдіктің тамыры адамның әлсіздігін басуға, суық тигенге және белсіздікті, қанның толассыз ағуын тоқтатуға, бауырды емдеуге таптырмас ем. Бұған қоса, сүйек сынғанда, буын ауруларына, сүйектің алуан түрлі ауруларына, т.б. пайдалануға болады. Тіпті дәл осы өсімдіктің тамыры адам қаны құрамындағы қантты азайтуға, қуықтың әртүрлі ауруына тамаша ем. Қазір осы өсімдік түрін біздің оңтүстік өңірлерден алып шығу басталып жатыр. Табиғатта орны қайта толықтырылып тұратын мұндай ресурстардан біздің облыс жақсы пайда табар еді. Сондықтан біздің облыста дәрілік шөптерді өңдеу саласының үлкен жүйесін қалыптастыру керек. Біздің зауыт осы процестің басында тұр деп ойлаймын.

Айтары жоқ, қызылмия тамырын өңдеу жобасы біздің облыс үшін инновациялық болып табылады. Қызылмия өндірудің рентабельдік көрсеткіші біздің басты дақылымыз – күріштің көрсеткіштерінен жоғары. Оның планта­ция­ларының өнім көрсеткіші гектарына 100-120 центнерден келеді. Жасалатын агро­тех­ника­лық шаралардың тізімі де көп емес. Оны өсіруде минералды тыңайтқыш, герби­цид пен фумицид қолданудың қажеті жоқ. Бұл бір жағынан ауыл шаруашылығын әрта­рап­тандыруға дәл келеді. Сонымен бірге оны өсіру, дайындау, өңдеу ауылдық жердегі жүздеген, мыңдаған тұрғындар үшін жұмыс, әрі табыс көзі болуы ықтимал.

Қызылмия бизнесі, дәлірек айтқанда, оның өндірісі дұрыс жолға түсу үшін ең бі­рін­ші кезекте өнімді өткізу кепілдігіне ие болу қажет. Ал әлемдік рынокта қытайлық компаниялар басты ойыншылар болып саналады. Шикізатқа, дайын өнімге ұзақ мерзімді баға­ларды тағайындайтындар солар.

– Сондықтан да біз Қытай рыногында бе­делі мен салмағы бар әріптесті таң­да­дық, – дейді бұл ретте Ділдахан Ахметов, – біріккен кәсіпорын бойынша біздің әріп­тесіміз қытайлық компания «Борихунда». Осы біріккен кәсіпорынның арқасында тек қа­на Қытайдың ғана емес, сонымен бірге осы са­ладағы оңтүстік кореялық және жапондық технологияларға қол жеткізудеміз.

Біздің бір байқағанымыз, өңірде қандай да бір индустриялық жоба қолға алынса, оған автоматты түрде инновациялық деген атау қоса беріліп жүр. Шын мәнінде ииновациялық деп аталған жобаларда негізінен жаңа, тың технологиялар басым болуы тиіс. Жалағашта жүзеге асырылып жатқан жобада орнатылып жатқан қондырғылардың көбісі 2013 жылдың соңына қарай қытайлық мамандардың ойластырып шығарған дүниелері. Оның ішінде осы өндіріс түрінде қытайлық әріптестер бі­рінші рет қолданысқа енгізіп жатқан элементтер де бар.

ЗАМАНҒА САЙ ЖАҢА ЗАУЫТҚызылмия тамыры мен оны өңдеу бұл енді ғасырлық бизнес. Ол АҚШ-та, Жапонияда, Оңтүстік Корея мен Қытайда белсенді түрде дамып келеді. Тізімнен-ақ көрініп тұр, барлығы да ғылыми қуаты мен технологиялық жетістіктері зор елдер. Бұлардың ішінде осы саладағы лидер Қытай елі саналады. Сон­дықтан да қалғандары қытайлықтар бұл ба­ғытта қандай жаңалықтар енгізіп жатқанын білгісі келіп тұрады. Міне, сол себепті Д.Ах­ме­товтың өндірістегі тың жаңалықтарын көр­­гісі келген америкалық әріптестері сау ете қалды. Қазақы қонақжайлықпен амери­кан­дықтарды құшақ жая қарсы алған Ділдахан олардың цехтағы жаңа желілерді көргісі келген көңі­лін де жыққысы келмеді. Бірақ, осы сәтте қытайлық мамандар олардың жолын кесті. Өндірістік желілерді өзгелердің көруіне тыйым салды. Тек офисті, асхананы және ғи­мараттың сыртын көріп шығуға ғана рұқсат етті. «Бақсам, бақа екен» дегендей, мәселенің мәнісі басқада болып шықты. Мұхиттың ар жағындағы қызылмия тамырын өңдейтін тех­нологиялық желілер өңдеу процесі кезінде тек бір ғана өнім түрін айырады екен. Ал мұн­да бір желіден үш түрлі өнім бөлініп шығады. Қытайда құпия саналған дүниеге қол жеткізу тым қиын. Ал Қазақстанда жолы болып қа­луы мүмкін. Мұхиттың арғы бетінен келген қонақтар осылай ойлаған болу керек. Бірақ, жолдары болмады.

Иә, айтпақшы, қытайлық мамандар әу­­ел­де журналистерге, олардың қолда­рын­да­­ғы камералары мен фотоаппараттарына кү­дік­пен қарады. Бірақ, жергілікті журналис­тер екенін бiлгеннен кейін ғана жымия қарап, күдіктерінен арылды.

– Бұл тақырыпта қытайлық әріптестермен түсінісу оңай болған жоқ, – дейді Ділдахан Әмірәліұлы, – олар нысанға ешқандай журналистер кірмеу керек деген талаптарын қойды. Мұның бәрі коммерциялық, тех­но­логиялық құпияға жатады деп айтты. Әйтсе де, бұл жоба Президент бастамасымен қолға алынған Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына кіретінін түсіндіруге тырыс­тық. Ұлттық бағдарлама болғандықтан ел-хал­қы бұл бағытта қандай нәрселер қолға алынғанынан, не жасалып жатқанынан ха­бар­­дар болуы тиіс. Сонымен қатар, біздің ел­де журналистер алдынан қақпаны жабуға болмайтынын айттық. Осылайша, түсіністікке қол жеткіздік. Олар тіпті кейіннен кәсіби жур­налистік материалдар кейбір өзекті мәсе­ле­лерді шешуге көмегін тигізетініне көз жеткізді.

«БИС-Групп» ЖШС директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Жарасбек Сырымбетов Ділдахан Ахметовтың ежелгі досы және алғашқы бизнесі бойынша серіктесі. Ол досына көмектесу үшін Тараздан арнайы келген. Сол мақсатта жарты жылдай демалмай жұмыс жүргізуге бекініпті. Ол тә­жі­рибелі өндірісші, десе де, цехтағы жаңа тех­нологияларға таңданысын жасыра алмайды.

– Оны былайша түсіндіруге болады. Самагон аппаратын көз алдыңызға елестетіп көріңіз. Ал енді бұл аппарат тек арақ қана айдамайды, сонымен қоса виски мен портвейн де шығарады. Мүмкін емес сияқты, бірақ шындық. Мұндағы желілер тек глициризиндік қышқыл ғана шығарып қоймай, оған қоса флаваноидтар мен қызылмия полисахаридтерін шығарады. Керемет емес пе?! Бұлардың барлығы да жүздеген медициналық препа­рат­тардың құрамына кіретін негізгі қосындылар.

Міне, осындай өндірісті іске қосу үшін мамандар тыным таппай жұмыс жүргізуде. Біз оларға ойлаған жоспарларының жүзеге асуына тілектестік білдірдік. Олар табысқа қол жеткізіп жатса, оның шарапаты жергілікті тұр­ғындарға да, аймақ экономикасына да тиетіні анық.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.
ДӘУЛЕТ 20 қараша 2014 г. 1 323 0