« Мамыр 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | |||
5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 | 11 |
12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 | 18 |
19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 | 25 |
26 | 27 | 28 | 29 | 30 | 31 |
Ұлттық қор инвестициялары экономиканың тиісті салаларында міндетті құрылымдық реформалар жүргізумен қоса-қабат жүруі тиіс. Ол үшін жобаларды халықаралық қаржы ұйымдарымен бірлесіп жүзеге асыруды қамтамасыз ету қажет. Мәселен, Дүниежүзілік банк, Азия даму банкі, ЕҚДБ және ИДБ қазірдің өзінде 90 басымдықты жобаға 9 миллиард доллар шамасында бөлуге дайын. Қаржыларды бөлу инвестициялық белсенділікті қолдауға, халықтың табыстары деңгейі төмендеуінің алдын алуға және жаңа жұмыс орындарын ашуды ынталандыруға бағытталған. Нәтижесінде қысқа мерзімді және орта мерзімді перспективада экономиканың тұрақты өсуі қамтамасыз етіледі.
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАРЖЫ ҰЙЫМДАРЫ
аймаққа қомақты инвестиция құюда
Қызылорда облысында Еуропаның Қайта құру және Даму банкімен бүгінде құны шамамен 60 млрд. теңге болатын 8 жоба жүзеге асырылуда.
«Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдау жарияланғаннан соң осы күні Елбасы барлық облыс әкімдерін қабылдап, аймақтарда атқарылар істерді тағы бір айқындап берді. Алқалы жиында Ел Президенті Н.Назарбаев Сыр өңіріндегі өрелі істерге көңілі толатынын жеткізген. Мәселен, Шығыс Қазақстан мен Қызылорда облыстары ел қазынасынан шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға бөлінген қаражаттан үлесін молынан алып, игерген. Өткен жылы облысымыз инвестия тарту, құрылыс салу және бюджетке салық түсімдерін түсіруден аймақтар ішінде республикада көш бастағаны белгілі. Осы кездесуде Елбасын халықаралық қаржы ұйымдарынан жобаларға қаражат тарту ісі бойынша қарқынмен көш бастап келе жатқан өңір ретінде Қызылорда облысын айрықша атап өтті.
Елбасының «Нұрлы Жол – болашаққа бастар
жол» атты Жолдауының басым бағыттары талқылаған облыс активінде аймақ басшысы
Қырымбек Көшербаев өңірге келген инвестицияның басым бөлігі халықаралық қаржы
институттарынан тартылып отырғанын атады. Бұл жұмыстарды сәтімен жалғастыру үшін облысқа Азия даму
банкі мен Ислам банкін тарту керектігін алға тартты. Өткен біржарым жылдың
ішінде облыс әкімдігі мен Еуропалық Қайта құру және Даму банкісі арасында 8
меморандумға қол қойылғаны мәлім. Осылайша, қысқа мерзімде өңірімізге жалпы
сомасы 323,4 млн. АҚШ доллары көлеміндегі қаржы тартылады.
Актив жиынында аймақ басшысы Сыр бойындағы қалың жұртқа САРАТС жобасының екінші кезеңіне қатысты жағымды жаңалықты жеткізді. Өңір жетекшісі бұрын атап өткендей, әлем жұртшылығы бірнеше ондаған жылдар бойы теңіздің тартылуын алаңдаушылықпен бақыласа, бүгінгі күні Арал теңізінің Солтүстік бөлігін сақтап қалу жөніндегі Қазақстанның жобасы туралы таңданып айтып жүр. Осылайша, нақты кезеңде Президентінің бастамасымен әзірленген жоба әлем жұртшылығына ғасыр жобасы ретінде танылып үлгірді. Осы жиында өңір басшысы осы САРАТС жобасының екінші кезеңін іске асыру арқылы су деңгейін көтеру, теңізді бұрынғы шекараларына дейін созуға, Арал қаласының порттық маңызын қайтаруға және Сырдария өзеніндегі көлдер жүйесін қалпына келтіруге мүмкіндік беретін жобаның екінші кезеңінің барлық құжаттарына қол қойылғанын мәлімдеді.
Бүгін ТКШ-ны жаңғыртуға инвестициялар салуға Еуропа Қайта құру және даму банкі, Азия даму банкі, Ислам даму банкі, сондай-ақ, жеке инвесторлар үлкен қызығушылық танытып отыр. Ұзақ мерзімді инвестициялық тарифтер ұсыну арқылы олардың барынша тартылуын қамтамасыз ету қажет. Тарифтердің айтарлықтай ұлғаюына жол бермеу үшін ондай жобаларды мемлекет қосымша қаржыландыруы керек. Осыған байланысты жылу және сумен қамтамасыз ету жүйелерін жаңғырту қарқынын жеделдету үшін бюджетте қарастырылған қаржыға қосымша жыл сайын 100 миллиард теңге бағыттау ұтымды болмақ.
Елбасының Қазақстан халқына Жолдауынан.
– Сыр өңірі шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауға мемлекеттен қомақты қаражат алды. Соңғы 2 жылдың өзінде аймағымызға бұл мақсатқа 7 млрд. теңге келді. Алдағы жылы да ел бюджетінен бөлінетін қаражаттан өз үлесімізді ала білуіміз қажет. Себебі, өңірде жүзеге асып жатқан «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автодәлізі мен «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральды газ құбырының құрылыстары жыл соңында аяқталады. Осы ауқымды жобалардың жалпы құны 360 млрд. теңгені құрайды. Қазіргі күні олардың орнын бастатын бірнеше жоба әзірленіп, Үкіметке ұсынылды, – деді Қ.Көшербаев.
Жалпы, аймақ басшысы облыс экономикасын
дамытуға қаржы көздері ретінде бюджет көздерінен тыс халықаралық қаржы ұйымдары
мен жеке инвестиция тарту ісін қарастыратынымызды, мемлекеттік пен жекеменшік
арасындағы әріптестік төрткүл әлемде
қолданылатын тәсілдердің ең тиімдісі екендігін бүгін ғана айтып отырған жоқ.
Өткен жылдың өзінде өңірге тартылған инвестиция көлемі 2 есеге артты. Мұны соңғы
екі жылдан бері өткізіліп келе жатқан «Байқоңыр» инвестициялық форумының
нәтижесі десек қателеспейміз. Мысалы, 2013 жылы осы форум аясында қаржы, білім,
металлургиялық кластерді дамыту, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту,
«Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автодәлізі бойындағы жол сервисі нысандарының
құрылысы, ауыл шаруашылығы, индустриалдық-инновациялық даму және туризм
салалары бойынша барлығы 25 меморандумға қол қойылса, биылғы екі форумда тағы
бірнеше ондаған келісім-шарттар жасалды. Алдағы уақытта да өңірге жаңа
инвесторлар тартып, жаңа жұмыс орындарын ашу үшін аталған форумды ұйымдастыра
беретін боламыз.
Облыс тізгінін қолға алған Қ.Көшербаевтың өңірге инвестиция тарту ісін халықаралық қаржы ұйымдарынан бастағаны белгілі. Нәтижесі жоғары. Қысқа мерзім ішінде аймағымызға ұлттық валютамызға шаққанда 61 млрд. теңге келіпті. Мәселен, Қызылордада заманауи талаптарға жауап беретін автобус паркін құру жобасы алдымен 2013 жылы наурыз айында өткен І «Байқоңыр» инвестициялық форумында инвесторлар назарына ұсынылған-ды. Нәтижесінде, осыдан тура 1 жыл бұрын Қызылорда облысы әкімдігі мен Еуропалық Қайта Құру және Даму банкісі арасында меморандум жасалды. Бүгінде жалпы құны 27,11 млн. АҚШ долларын құрайтын жобаны аталған қаржы ұйымы қаржыландыруда. Қазір облыс орталығында экологиялық жағынан таза деп саналатын сұйытылған газбен жүретін соңғы үлгідегі 20 автобус қоғамдық тасымалмен айналысуда. Таяу күндері қалаға осындай 100 автобус әкелінеді деп күтілуде. Бұл біздің қоғамдық тасымал саласына серпіліс әкелген жоба.
Жуырда Астанада Қызылорда қаласында салынатын тұрмыстық қатты қалдықтарды кәдеге жарату жобасын қаржыландыру мәселесі де шешімін тапты. Жобаны жүзеге асыруға байланысты облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, Еуропалық Қайта құру және Даму банкінің Қазақстан бойынша директоры Джанет Хэкман және Қызылода қаласы әкімінің міндетін атқарушы Нұржан Ахатов үш жақты алдын ала келісімге қол қойды.
Аталған банк жобаны жүзеге асыруға 3,6 миллиард теңге (15 миллион евро баламасымен) көлемінде қаржы салады. Ал несиені қайтару мерзімі – 13 жыл (3 жыл жеңілдетілген мерзімді қосқанда).
Ең бастысы, жобаны жүзеге асыру кезінде Қызылорда облысының экологиялық жағдайы жақсарады. Яғни, полигонға жеткізілетін тұрмыстық қатты қалдықтар қайта өңделіп, кәдеге жаратылады. Шикізаттан мәселе жоқ. Қарапайым күнделікті тұрғындардың «кәдеге жарамсыз» деп тастаған қоқыстары өңдеуден өтеді. Жобаны жүзеге асыру арқылы өңдеудің басқару жүйесін дамытуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
Жоба аясында қалдықтарды механикалық-биологиялық өңдеу кешенінің және жаңа санитарлық қоқыс полигонының құрылысы салынып, өндіріске қажетті құрал-жабдықтар, станоктар сатып алынады.
Бұған қоса, аталған қаржы ұйымы облыс орталығын су бұру және сумен
қамтамасыз ету, электр және жылумен жабдықтау жұмыстары қаржыландырады. Атап
айтқанда, «Қызылордаэлектртарату компаниясы» АҚ,
«Қызылордажылуэлектрорталығы», «Қызылорда су жүйесі» секілді бірнеше ірі
стратегиялық нысандарды қайта жаңғыртуға
аталған қаржы институтымен келісім бар. Яғни, ескірген жылу электр орталығын
жаңғыртуға қаражат бөлу мәселесі және соңғы үлгідегі жаңа электр үнемдеу
технологияларын қолдану арқылы облыс орталығын жарықтандыру жобалары
әзірленуде. Біздегі сегіз жобаның құны 323,4 млн. доллар! Бұл жобаларды
Еуропалық қайта құру және Даму банкі қаржыландырмақ. Мұның бәрі облысымызға
инвестиция тарту бойынша ілкімді жұмыстар атқарылып жатқанын айқындайды. Аймақ
басшысы Қ.Көшербаев жиында алдағы жылдан бастап облысқа Азия даму банкі, Ислам
банкі секілді ірі қаржы ұйымдарын тартуды жоспарлап отырғанын жеткізді.
Өйткені, облыс әкімі атап өткендей, барлық істі еңсеруге облыс бюджетінің
қауқары жете бермейді. Сондықтан сыртқы көздердің қаржысына жүгінуді жалғастыра
беретін боламыз. Ал, өңірге инвестиция келсе, экономикалық өсім де жоғарылайды,
мұнымен бірге жаңа жұмыс орындары көптеп ашылып, өңір тұрғындарының әл-ауқаты
жақсара түседі.
« Мамыр 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | |||
5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 | 11 |
12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 | 18 |
19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 | 25 |
26 | 27 | 28 | 29 | 30 | 31 |